Ернат МЕЛСҰЛЫ: «Түркияның әрбір азаматы алдымен ұлттық мүддені ойлайды»
«Сұржекейді» салт мінген Ернат МЕЛСҰЛЫ жұма – 28 қазанның кешінде Ыстамбұлға жетті. Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған Сарытүбектен 5 қыркүйекте жолға шыққан-ды. Алда 5555 шақырым жол жатты…
Бұрын да веложиһанкездің сапарынан газетке ақпарат бердік. Сол уақытта айтқанымыздай, екі айға жуық қос педальға тыным бермеген саяхатшы Қостанайдан бөлек, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарын басып өтті. Каспий үстімен ұшып, Гүржістан арқылы Түркияға жетті. Қара теңізді жағалай бірнеше күн жүрді. Жолшыбай Анкараға ат шалдырып, Бурсаға аялдады. Сөйтіп, 55 күнде Босфор бойындағы әсем Ыстамбұлда «Сұржекейін» қаңтарды. Қазақтың біртуар ұлы Мұстафа ӨЗТҮРІКТІҢ зиратына барып, құран бағыштады.
Жоғарыда «Ернат жерлесіміз жұманың кешінде Ыстамбұлға жетті» дедік. Ал, біз бұғазға бет түзеген велосипедшімен түпкі межеге жетуіне санаулы сағаттар қалғанда, яғни, жұманың таңында телефон арқылы сөйлестік. Аттың жалы, түйенің қомында десек те, оқырманға ой салар көрген-түйгенін айтып үлгерді. Аз-кем әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.

− Ернат Мелсұлы, сіздің бұған дейін де бірнеше веломарафон ұйымдастырғаныңызды білеміз. Рекордтар да орнаттыңыз. Бірақ, ол марафондарыңыз ел ішінде өткен еді. Ал, шетелге шығып, халықаралық веломарафон ұйымдастыру идеясы қалай туды?
− Шетелге шығу, халықаралық велошеру ұйымдастыру көптен бері ойда жүрді. Былтыр Ыбырай Алтынсаринның 180 жылдығына орай Астанадан кесенесіне дейін бардым. 750 шақырым жүрдім. Велошеруден кейінгі баспасөз мәслихатында Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арнайы велошеруге шығатынымды мәлімдедім. Іле-шала Үкімет ұстаз тойын ЮНЕСКО аясында атап өтуге өтініш берді. Сол сәтте халықаралық велошеру туралы ой келді. Тек, бастапқыда СарытүбектенПарижге бармақшы болдым. Өйткені, ЮНЕСКО-ның штаб пәтері – Парижде. Екі аралық – 9000 шақырымдай, 7-8 елден өтуім тиіс. Дегенмен, отбасылық себептерге байланысты ол ойымнан бас тарттым. Сөйтіп, қазақпен рухтас түрік елін, қос құрлықта қатар жатқан Ыстамбұлды таңдадым.
− Геосаяси ахуал ушығып тұрған шақта шет мемлекеттер аумағымен өтуге рұқсат алу қиын болған жоқ па? Бұл тұрғыда қандай мекеме, кім қол ұшын созды?
− Әуелде Әзербайжан арқылы да жүріп өтпек едім. Бірақ, ресми Баку сол күндердегі геосаяси жағдайларға байланысты шетелдіктер үшін шекарасын тарс жауып алды. Мен Ақтаудан Кутаисиге (Гүржістан) ұшақпен жеттім. Бұдан әрі шет мемлекеттердің шекарасында кедергі болған жоқ. Гүржістан, Түркияға визасыз кіре бересіз. Велосипедпен жүрген соң-ау, полицей, кеденші, жергілікті халық тарапынан ықылас ерекше болды. Таң қалып, қолдау білдіріп жатты. Әсіресе, түріктер «түбіміз – бір, кардешпіз, яғни, қандаспыз» деп, құшақ жая қарсы алды. Өз еліме, өз жеріме келгендей сезімде болдым.
Ресми органдар туралы айтсақ, ешбір мекемеге хат жазып, қолдау іздеген жоқпын. Мен бұл сапарда қарапайым, қатардағы азаматтың да ресми билік жәрдеміне жүгінбей-ақ алысқа, халықаралық деңгейдегі сапарға шыға алатынын дәлелдегім келді.

− Халықаралық велошеру идеясы көптен бері ойда жүрді дедіңіз. Ойда жүрген шаруаны іске асыруда қажымас қайрат, сарқылмас күш керегі мәлім…
− Соңғы 7 жыл үзбей велосипед теуіп келемін. Соңғы бес жылда Қазақстан ішінде бірнеше велошеру ұйымдастырдым. Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында қос дөңгелектің ізі қалды. Күнде 3 шақырым жүгіруді әдетке айналдырдым. «Мың жаттығу» деген жаттығулар жиынтығы бар. Күнделікті 15 минут уақытымды бөлемін. Дәруменге бай, пайдалы асты ғана жеуге тырысамын. Ұйқыға ерекше мән беремін. Қазақта «Сарман тауда салқын жоқ, Саналы ерде ұйқы жоқ» деген мақал бар. Мен екінші жолын «Саналы ерде «артық» ұйқы жоқ» деймін. 8 сағаттан асырмай, 7 сағаттан кем қылмай ұйықтау қажет. Сонымен қатар, позитивті ойлау, көңіл күй маңызды. Әр нәрсенің тек жақсы жағын көріңіз.
Менің әр сапарым осы халықаралық веломарафонға дайындық болды. Екі мәрте ел рекордын орнаттым. Біріншісінде, қыста 150 шақырым жүрсем, екіншісінде, ораза айында ауыр велосипедпен нәр татпай 109 шақырымды артта қалдырдым. Алғашқысында ауа температурасы -28 градус болды.
Жұрт велосипедті маусымдық көлік деп қарайды. Мен қысы-жазы велосипедтен түскен емеспін. Аяз, боран, жаңбыр, аптап, кез келген ауа райында. Өрге жиі мінуге тырыстым. Мұның бәрі жолда көп көмегін тигізді. Мәселен, Торғай даласында сынап бағаны +40 градусты көрсетті. Ал, Гүржістан, Қара теңіз жағалауында -2-5 градусқа дейін күн суыды. Қап тауларында, Анадолы жерінде 3 мың метрге дейін баратын биіктермен өттім. Бір күнде 180 шақырым жүрген кездерім де болды. Бұлардың бәрі күткен қиындықтар ғой. Тынымсыз шыныққанның арқасында төтеп бердім деп ойлаймын. Және астыңдағы атың мықты болуы міндетті…
− Мықты ат қомақты қаржы тұрады. Жалпы, бұл сапарыңызға қанша қаражат жұмсадыңыз? Демеушілік жасап, қолдау танытқан меценаттар бар ма? Велоспорт қауымдастығы қол ұшын созған болар…
− Бір жыл бұрын қаражат жинауды бастадым. 31 маусымда 1 млн. теңгеге жетті. Велосипед қарағанда немістің «Gravel-іне» көңілім ауды. Жай жолмен де жүре беретін темір тұлпар. Саяхатқа бейімделген, әмбебап велосипед. Құны – 700 мың теңге. Қаржылық жағынан достарым қолдады. Әрине, менің бастамама бей-жай қарамай, жанашырлық танытқан азаматтарға алғысым шексіз. Әйтпесе, демеуші іздеген жоқпын. Велоспорт қауымдастығына да хабарласпадым. Келешекте бірге жұмыс істейміз деген ойдамын…
− Жол сапасына қандай баға берер едіңіз?
− Шетелде жол тақтайдай. Ауылдық жерлерінде де керемет. Әсіресе, Түркияда. Мемлекеттің қуатты болуы жол сапасынан екеніне көзім жетті. Жол жақсы болса, қарым-қатынас күшейеді, алыс-беріс, сауда-саттық артады. Қара теңіздің жағасымен 600 шақырым жүрдім. Сол жағымда – тау, оң жағымда – теңіз. Таулар теңізге ұмсынып келіп тоқтайды. Сол таулардан туннельдер тескен. Жүздеген туннельден өттім. Жап-жарық, тап-таза. Қабырғаларын қалап, бетондап салған. Қазақстан жолдарында «алдымнан шұңқыр шығады-ау» деп алаңдайсың. 15 камерамды жардым.
Түріктер жол құрылысы Ердоған билікке келгелі қызғанын айтады. Басым көпшілігі Ердоғанға, оның саясатына риза. «Ердоғанның мақсаты – Түркияны алпауыт елге айналдыру» дейді олар.
− Халық риза демекші, «түріктен үйренеріміз көп» дейді сарапшылар. Аз күнде сіз де біраз дүниенің байыбына барып үлгерген сияқтысыз…
− Түріктің ұлттық иделогиясы – аяғына нық тұрған идеология. Түркияның әрбір азаматы алдымен ұлттық мүддені ойлайды. Ортақ идеяға, ортақ мүддеге, ортақ игілікке қызмет етіп жатқанын біледі. Түркияның бүгіні, ертеңі үшін тыным таппайды. Шаруа немесе сатушы, диқан немесе бизнесмен болсын бір идеяға қызмет етеді. Біздің үйренеріміз көп.
Түркия халқын түрік тілі біріктіріп тұр. Кездейсоқ жолаушымен сөйлесе қалсаң, арғы тегі түрік емес екенін білесің. Грек, әзербайжан, тіпті, неміс болады. Бірақ, ол өзін түрік сезінеді. Түрікше сөйлеп, «түрікпін» дейді.
Ахмет ұстаз «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деді. Жердің тілге байланғанын Әлихан Бөкейхан да айтқан. Түркия мен Гүржістан билігі бұл сөзді іс жүзінде түйсінгенін көрдім. Тіл – мемлекеттің тұтқасы деп біледі. Гүржілер орысшағада жетік. Әйтсе де, сенімен гүржіше сөйлеседі. Түрігіңіз де сол. Ағылшыншаға аттап баспайды. Түсінгіңіз келсе, түрікше үйреніңіз.
Ал, бізде өзге түгілі кейбір қазақ қазақ болудан қашады. Тәуелсіздік алғанда мемлекет экономика үшін жұмыс істеді. Кейін саясат идеологиясын күшейтуге кірісті. Ұлттық идеология ескерусіз қалды. Қазіргі Қазақстан идеологиясы қазақтың түп-тамырымен байланыспай тұр. Қазақтың ұлт ретіндегі тағдырымен, тарихымен, мұң-наласымен, көрген азабымен, қол жеткізген жетістіктерімен қабыстыру, сол тамырдан өру деген жоқ. Мемлекеттік идеология түзуде үлкен кемшілік жібердік.
− Кез келген істің басталар нүктесі, яғни, қазығы болады. Түрік халқы Ататүрікті ерекше дәріптейді деп естиміз. Жаңа Түркияны құрудағы қызметін жоғары бағалайды екен…
− Түркияда көргенім, Атататүрікті мемлекеттік идеологияның Темірқазығы етіп алған. Әр қала, ауылда Ататүрік ескерткіші, саябағы дегеннен көз тұнады. Дем алуға тоқтаған, тамақ ішкен жеріне дейін мемориалдық тақталар орнатып, ескерткіштер қойып қойған. Ол орындарды қадір тұтып, ардақтайды. Сөздері әр көшенің басында жазулы тұр. Анкарадағы мавзолейін тамаша тұрғызған. Қарауылы бар, үнемі ауысып тұрады. Портреті барлық тұста ілулі. Айдалада, жол үстінде қауын сатып тұрған диқанның күркесінен түріктің туы мен Ататүріктің суретін көресіз.
Бізде де сондай тұлға бар емес пе! Әлиханымызды неге көсем тұтпасқа?! Қай қызметі кем?! Ел бойынша ұлықтау қажет. Ескерткіш көптік етпейтінін осы сапарымда көрдім. Қазақстан бойынша Әлекеңнің жібі түзу ескерткіші жоқ. Астананың ең көрікті жеріне, төріне еңселі, айбарлы, үлкен ескерткіш қою керек. Туған жерін назардан тыс қалдырмауымыз тиіс. Қарағандыдағы Бұқар жырау даңғылы мен Ермеков көшесі қиылысындағы үйдің үстінде тұрған «Караганде образцовый порядок, высокую культуру» деген жазуды Әлекеңнің «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзімен алмастырса, шіркін. Ұлттық идеологиямызға Алаш Орданы, Әлиханды қазық етіп алсақ, адаспаймыз. Ажырамас тамырымыз да сол болады. Жаһан Қазақстанды «орыс әлемінің бір пұшпағы» деп қарайды. Бұл стереотиптен ұлттық мінезді көрсетіп, ұлттық идеологияны күшейтсек құтыламыз. «Біз – түркі әлемінің алтын ұясымыз, қарашаңырағымыз» деген ұстаныммен ғана ұтамыз. Ол үшін, әрине, биліктен тегеурін қажет.
− Сіз бұл сапарыңызды Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арнадыңыз. Сапар басында бірнеше мақсат қойдыңыз. Сол көздеген мақсаттарыңызға толық қол жеткізе алдым деп ойлайсыз ба?
− Иә, сапарымды Ахмет ұстаздың тойына арнадым. Алға қойған міндетіме сай, жүрген жерімде, кездесулерде ұлы ұстаз туралы сөз қозғадым. Қазақ халқына ілім-білім әкелу мұратындағы істерімен барынша таныстыруға тырыстым.
Сондай-ақ, Абайдың толық адам идеясы бойынша «Толық адам және төрт даму» жобасын жасап, концепциясын түзу үстіндемін. Хакім айтқан толық адамды іздегенде Мұстафа Өзтүрікті таптым. Өмірін зерттедім. Рухани-интеллектуалды, физикалық, материалдық жағынан өзін-өзі жетілдіріп, 41 жас ғұмырында ұлтқа қызмет етудің өнегесін көрсетіп кеткен. Өзтүрік біздің буынға жақсы таныс. Бірақ, қазіргі студент жастар, оқушылар түгел біледі деп айта алмаймын. Мақсатымның бірі Өзтүрік есімін насихаттау еді. Бұйыртса, әлі де таныта жатармыз.
Шәкәрім «Қазақтың түп атасы – батыр түрік, «Арабсың» деген сөздің түбі шірік» дейді. «Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой…», «…Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен» деп Мағжан жырлаған. Міне, түбіміз – түрік. Сол тамырымызды зерттеу үшін түркі тілдес елдерді аралау, ортақ тарихымызды зерделеу қажет. Тұран идеясын көтеріп, ғаламдық идеяға айналдырып отырған Түркия. Ыстамбұлда, Анкарада Абай атындағы көше, саябақ, ескерткіш бар. «Йассауиды, Мағжанды аса қадір тұтады» деп естідім. Сол сөзге, шындығына көз жеткізейін деп келдім. Және Мұстафа Өзтүрік Ыстамбұлда жатыр. Велошеруді Өзтүрік зиратында аяқтамақпын.
— Келешекке түзілген жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
— Жоспар баршылық. Келесі жылы – даңқты Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы. Мерейтойға орай сұлтан билік құрған Мысырға бармақпын. Каирға. Сұлтан мәңгілік тыныс тапқан Шамға (Дамаск, Сирия) бару қауіпті болғандықтан әзірге бас тартуға тура келді. Сапарымды Әлихан Бөкейхан дүниеге келген Ақтоғайдан бастаймын. Жолай Мекке, Мединеге барып, қажылық парызымды өтесем деген ойым бар.

Ал, 2024 жылы Мұстафа Өзтүрік зиратынан Парижге (Франция) барсам деймін. Себебі, сол жылы Өзтүріктің туғанына 70 жыл толады. Және Парижде Жазғы Олимпиада өтеді. Таэквондо 8 жыл бұрын Олимпиада ойындары тізіміне енді. Өзтүріктің көзі тірісінде таэквондо өнерінің ең бәсі жоғары бәсекесі әлем чемпионаты еді. Қазақтың қайсар ұлы 7 рет чемпион атанған. Егер, сол кезде таэквонда Олимпиада ойындары қатарында болғанда, Өзтүрік ол шыңды бірнеше дүркін бағындырар еді деп ойлаймын.
— Әңгімеңізге рахмет.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ