Руханият

Бір суреттің тарихы

1988 жылы жаз айларының ортасында Қарқаралы ауданына Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Ақжан әл-МАШАНИ арнайы келеді. Ғұлама ғалымның туған жеріне келуінің басты себебі сол уақыттағы Қарағайлы кен-байыту комбинатына қарасты Ақтерек совхозындағы шаруашылық кеңсесі орналасқан ғимараттың тарихына байланысты болатын. Бұл оқиғаға сәл шегініс жасасақ…

1985 жылдан бастап сол кездегі қоғамға «жариялық» келіп, ел арасында тосын жаңалықтар көбейе бастады. 1986 жылы 16 желтоқсан күні еліміздің сол кездегі астанасы Алматы қаласына Мәскеуден келген арнайы топ, КСРО Бас Хатшысы М.Горбачевтың бұйрығымен Қазақстанды ширек ғасыр басқарған аса ірі мемлекет қайраткері, заманында жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып империя – Кеңес Одағын билеп-төстеген Саяси Бюроның мүшесі болған Дінмұхаммед Қонаевты қызметінен босатады. Д.Қонаевтың орнына қазақ халқы мен республикамызға аты да заты да белгісіз Колбин деген біреуді әкеліпті деген жаманат хабарды естіген қазақ жастары намысқа шауып, 17-желтоқсан күні Алматыдағы орталық алаңға «тең атаның ұлындай, теңдік сұрап барды». Ол әйгілі қасіретті «Желтоқсан көтерілісіне» ұласты. Мызғымастай болған алып Кеңес Одағының іргесі шайқала бастады. Әрине әміршіл-әкімшіл күшке сүйенген билік «Желтоқсан көтерілісін» ұйымдастырған кінәлілерді іздеп, қазақ жастарын жаппай жазалап, ұлттық кадрларды орталық биліктен қуғындап, ығыстыра бастады. Қудалаудың салқыны Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінің жалпы бөлім бастығы лауазымында мәртебелі қызмет атқарып жүрген Қуаныш Сұлтановқа да тиді. Қуаныш Сұлтанов қызметтік мансабынан төмендетіліп, Қарағанды облыстық комитетінің 3-ші хатшысы қызметіне жіберіледі. Осы кезде ғұлама ғалым, туған жерінің әр тасы мен шежіре тарихының шын білгірі Ақжан әл-Машани өзінің сыралғы танысы Қуаныш Сұлтановпен кездесіп, тарихы мыңжылдықтардың терең қойнауынан басталатын қасиетті Қарқаралы өңірінің тарихын баяндайды. Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітінің сол кездегі аянышты жағдайы мен Ақтеректегі Алаш қозғалысының рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қызмет жасаған мектеп-интернаттың болғанын Ақжан әл-Машаниден естіген зерделі мемлекеттік шенеунік таң-тамаша болады.

Содан 1988 жылдың жаз айында Ақжан әл-Машани жанына облыстың және ауданның жауапты шенеуніктері мен қызметкерлерін ертіп Ақтерек совхозына келеді. Қалың жұртшылық Ақжан әл-Машанидің аузынан ғасыр басында Ақтерек ауылында қазақша-орысша мектеп-интернат болғанын, онда Алаш қозғалысының аса көрнекті өкілі, лингвист, аудармашы, түркі тілдес халықтар үлгі тұтқан алып тұлға, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұғалімдік қызмет атқарғанын тұңғыш рет естиді. Сөз жоқ бұл оқиға халықтың мәдени-рухани дүниетанымына зор серпіліс әкелген соны жаңалық болды. Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде Ақжан әл-Машанидің жеке тұлғасына арналған № 2285 қор, 1-тізімдеме 76-ісінің 45-46 парақтарында автор Қарқаралы аймағы мен Ақтеректегі Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген мектеп-интернат туралы өз қолымен былай деп жазып, баяндайды: «Жамантай – Алшынбай – Құнанбай заманында Қарқаралы мәдениетінің іргетасы қаланған болса, онан кейінгі дәуірлерде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Қарқаралының мәдениеті жоғары сатыға көтерілді. Бұл кезде Қарқаралы даласына Батыс пен Шығыстан келген мәдени әсерлер дендеп еніп, медреселер ашылып, одан оқыған адамдар шыға бастады. Солардың арасында есімі елге белгілі ірі тұлға – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов болды. Бұл кісінің алғашқы сауатын ашқан жері Қарқаралы маңындағы қазақша-орысша Ақтерек мектеп-интернаты. Сол кезде Әлиханмен бірге сол интернатта оқыған, солармен қатар шыққан бірнеше белгілі адамдар болған. Мысалы, Жақып Ақпаев, Нөгербек Машанов, Әлімхан Ермеков, Әубәкір Құрманов, Жақай Байров, Рақымбай Сапақов, Иланбек Тарабаев, Имам Әлімбеков, Әбіжан Ноғаев т.б. Кейініректе, сол интернатта көп жылдар Ахмет Байтұрсынов сабақ берген. Осы адамдардың бірнешеуі ілгері оқып, үлкен дәрежеге көтерілген». Көріп отырғандарыңыздай қазақ халқының даңқты перзенті, ұлтқа қызмет жасаудың шексіз үлгісін көрсеткен ұлы ғұлама ғалым Ақжан әл-Машани тоталитарлық заманның барлық қысымын көрсе де басын бәйгеге тігіп, Алаш қайраткерлерінің өнегелі мұрасы мен олардың асыл бейнесін кейінгі ұрпаққа жеткізген. Бүгінгі күнде Ақтерек ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы ұстаздық қызмет жасаған ғимараттың құжаты толық рәсімделіп, Қарқаралы ауданы білім бөліміне қарасты мемлекеттік мекемеге айналды. Мемлекеттік қорғауға алынған, ұлт ұстазы дәріс берген қасиетті ғимаратты өз көздерімен көру үшін еліміздің түпкір-түпкірінен зиялы қауым мен мемлекет пен ұлт болашағына бейжай қарамайтын патриот азаматтар келіп жатыр. Ақтерек ауылына арнайы сапарлары барысында олар, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап, Қазақстанның бүгінгі территориясының қалыптасуына тікелей үлес қосқан Әлімхан Ермековтер сауат ашқан, киелі білім ордасына тәу етіп, қиын-қыстау замандарда қазақ ұлтын еркіндік пен бостандыққа жеткіземіз, халқымызды әлемнің дамыған өркениетті елдерінің қатарына қосамыз деген ұлы мұрат жолына өмірлерін арнаған ұлт қайраткерлерінің рухына тағзым жасайды. Алаш арыстарының өмірлік ұстанымдарын ой елегінен өткізіп қайтады. Ақтерек ауылындағы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мұғалімдік қызмет жасаған ғимарат жалғыз Қарқаралы ауданы үшін ғана емес бүкіл халқымыз үшін қастерлі де қасиетті орынға айналды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген еді. Осы орайда Жаңа Қазақстандық қоғамның алдындағы негізгі міндет – елдің кемел келешегі болатын жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға сапалы білім беру болмақ. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ақтерек ауылында қазақша-орысша мектеп-интернатының болғанын айтқан және ең бастысы сол білім ошағында ұлт ұстазы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 1904-1908 жылдары мұғалімдік қызмет атқарып, бала оқытқаны туралы баға жетпес құнды тарихи деректі берген ұлы ғұлама ғалым Ақжан әл-Машани бабамыздың еңбегін ұлтқа қызмет жасаудың жарқын үлгісі деп бағалауымыз керек.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары.

Минара АМРИНА,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Back to top button