Брифинг

Әлеуметтің әлеуеті қандай?

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем ЖҮНІСПЕКОВА жаңа Қазақстанның дамуы шеңберінде басқарма қызметінің қорытындысы туралы әңгіме өрбітті. Спикердің айтуынша, 2021 жылға арналған әлеуметтік қорғаудың барлық шаралары бойынша көзделген көрсеткіштер толық көлемде орындалды.

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ

Азаматтарды әлеуметтік қорғау – мемлекет саясатының маңызды басымдықтарының бірі.

– Өздеріңізге мәлім, өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы аяқталды, іске асыру жылдарында 251,4 мың адам қамтылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан 4,6%-ға дейін төмендеді, – деп атап өтті Әсем Жүніспекова.

Былтыр кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба қабылданды. Онда халықты жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз етудің негізгі механизмдері енгізілген болатын. Биыл жұмыспен 31 мың адамды қамту жоспарланған. Оның ішінде жастар арасында жұмыссыздықты төмендетуге ерекше назар аударылатын болады.

– Жастар арасындағы жұмыссыздықтың жоғары деңгейін ескеріп, оларды «Алғашқы жұмыс орны», Жастар практикасы мен «Ұрпақтар сабақтастығы» жобаларына бел- сенді тартудамыз. Президенттің тапсырмасына сәйкес, оларға қатысу шарттары мен ұзақтығы өзгертілді. Жастар практикасына қатысу 6 айдан 12 айға, ақысы 25 АЕК-дан 30 АЕК-ға өсті. «Алғашқы жұмыс орны» бойынша қатысу ұзақтығы 12 айдан 18 айға дейін, ал, ақысы 20 АЕК-дан 30 АЕК-ға дейін өсті. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасына қатысу 18 айды құрайды, берілетін еңбекақысы – 30 АЕК. Биыл «Күміс жас» жобасы қосылды, – дейді Әсем Жүніспекова.

ГРАНТ КӨЛЕМІ АРТТЫ

Президенттің тапсырмасына сәйкес жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік гранттар мөлшері 200 АЕК-тен 400 АЕК дейін ұлғайтылды.

– Биыл 510 грант беру жоспарлануда. Оның 240-ы жастар үшін болса, 270-сі әлеуметтік осал топтарға арналған. Жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге гранттар алу үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өту қажет. Оқудан өткен қатысушыға оқуды аяқтағаны туралы сертификат беріледі. Биыл грант алу механизмі өзгерді. Осы бағытқа қатысу үшін Enbek.kz сайтында тіркеліп, «Бизнес-ресурстар» бөлімінде онлайн-өтінім беру керек. Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 904 адамды оқыту жоспарлануда, – деп атап өтті спикер.

Бұдан басқа, 487 адамды жаңа мамандық алу немесе қайта мамандану үшін Ұлттық жоба шеңберінде жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен жұмысқа орналастыруға кепілдік берілген дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту көзделген. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне қарай 6 айдан аспайды. Оқуды аяқтаған жұмыссыздарға жұмыс беруші кәсіби дағдыларды меңгергені туралы сертификат береді және кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналасуды ұсынады.

АӘК АЛАТЫНДАР АЗАЙҒАН

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары облыс бойынша төмендеген. Өткен жылы 2020 жылғымен салыстырғанда атаулы көмек алатындар 1,3 есе, 23,8 мың адамнан 19 мыңға адамға азайған. Жыл басынан бері аталған көмек 2 394 отбасыға төленді. Биыл атаулы әлеуметтік көмекке 1 729,4 млн. теңге бөлінді. Оның 1 383,5 млн. теңгесі республикалық бюджеттен, 399,2 млн. теңгесін жергілікті бюджет бөлді.

Кепілдік берілген әлеуметтік пакет 2 909 балаға тағайындалғанын да айта кету керек. Бұл мақсатқа 558,6 млн.теңге бөлінді. Бұдан бөлек тұрғын үй көмегі 42,4 млн. теңгеге 1 824 отбасыға көрсетілді.

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА КӨМЕК

Спикер осы айдың басындағы статистика бойынша облыста 68 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам барын тілге тиек етті. Бұл халықтың жалпы санының 4,9%-ын құрайды.

– Өткен жылдан бастап, мүгедектігі бар адамдарды оңалту техникалық құралдарының барлық 55 түрімен және қызметтермен қамту толық әлеуметтік қызметтер порталына көшірілді. Сол жылы порталда 12 мың адамға 37 781 қызмет көрсетілген болатын. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша орындалған тапсырыстар үлесі 58,4%-ды құрайды, – деді Ә.Жүніспекова.

Психологиялық көмек көрсету, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға оқыту, оңалту техникалық құралдарын пайдалану және басқа қызметтер үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыс орталығында «Ten Qogam» орталығын ашу жоспарлануда. Аталған жобаны іске асыруға Қарағанды қаласының бюджетінен 89,9 млн. теңге бөлінді. Бүгінде конкурстық рәсімдер өткізілуде.

Сонымен қатар, спикер облыстың барлық қалаларымен аудандарында «инватакси» қызметі бар екенін атап өтті.

– Бүгінгі таңда 11 өңірде бұл қызмет бар. Нұра, Қарқаралы аудандары мен Приозерск қаласында биыл іске қосылады. Инватакси қызметімен 1 108 адамды қамту жоспарланған. Қарағанды қаласында аутизммен ауыратын балалар да осы такси қызметін тегін пайдалана алады, – деді Әсем Айтжанқызы.

Халықтың әлеуметтік ахуалы, оның ішінде жұмыспен қамтылу, әлеуметтік көмек алуы мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала береді. Басқарма басшысы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button