Брифинг

Жастарға арналған ипотека: соны жоба бастау алды

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК осыдан жыл бұрын журналистермен кездескенде жастарға арналған жеңілдетілген ипотека мәселесін көтерген болатын. Биыл осы жоба оңынан шешіліп, жас мамандарға жеңілдетілген ипотека беріледі. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін биыл 1.5 млрд. теңге бөлінген. Яғни, әр жас құны 20 млн. теңгені құрайтын үйдің 10% бастапқы жарнасын төлеп, жылдық 5%-бен 19 жылға дейін ипотека рәсімдей алады. «Отбасы банк» АҚ Қарағанды филиалының директоры Бауыржан ЖУАСПАЙ, Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділ ӘУБӘКІРОВ пен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан ӘЛІМЖАНОВ өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталмыш жобаның шартымен кеңінен таныстырды.

Пилоттық режимде іске қосылған жобаға 35 жасқа дейінгі қарағандылық жастар ғана қатыса алады. Бағдарламаны іске асыруға биыл облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге, «Отбасы банк» АҚ қосымша 500 млн. теңге бөлген. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік салада қызмет істейтін жастармен қатар БАҚ өкілдері мен жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлер қатыса алады. Бағдарламаға қатысу үшін басты талап – соңғы 5 жылда ел аумағында атыңда үй болмауы қажет.

Әзірге бағдарламаға қарағандылық жастар қатыса алады. Егер, бәрі ойдағыдай болса, келер жылдан бастап өңірдегі барлық қала бойынша іске қосамыз. Биыл 1,5 млрд. теңгеге 75 жас маманды баспанамен қамту көзделген. Бірақ, бұл – нақты сан емес. Себебі, үй бағасы біз ұсынған бағадан әлдеқайда арзан шығуы да мүмкін. Ең бастысы Қарағанды қаласында жұмыс істеуі қажет. Келіп түскен өтінімдерді мемлекеттік орган қызметкерлері мен депутаттардан, халық өкілдерінен құралған комиссия қарайтын болады, – деді Біржан Нұржанұлы.

Жас маманның алатын үйі – Қарағанды қаласында болуы керек. Әрі тұрғын үйдің салынғанына 50 жылдан аспауы шарт.

Сатып алынатын тұрғын үй – мүліктік құқық. Үйін ипотекаға рәсімдегенде пәтерді банк кепілге алады. Егер, үй кепілдік бағасын шығармаған жағдайда, екінші тұлға кепіл бола алады. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысуға өтініш берген ерлі-зайыптылардың тек біреуінікі ғана қабылданады. Бір ескеретіні, табыс мөлшері отбасының әр мүшесіне шаққанда 2022 жылға белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 6 минимумынан аспауы тиіс, – деді Бауыржан Елубайұлы.

Спикерлердің айтуы бойынша, төмендегі құжаттар тізімі керек:

1) Азаматтың мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі (бала туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу;

2) өтініш берушіге және Қазақстан Республикасы бойынша отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама; (анықтама өтінім берген сәттен бастап күнбе-күн алынуы тиіс);

3) ұйымның немесе мекеменің фирмалық бланкісінде анықтама берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа орналасқан күні және атқаратын лауазымы мен лауазымдық жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан берілген анықтама. Ресми бланк болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуға тиіс;

4) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар; (қызметтік тізім, еңбек кітапшасы және тағы басқалары);

5) еңбек қызметінің бүкіл кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;

6) өтініш берушіге немесе оның отбасы мүшелеріне (жұбайы, балалары) мүгедектігі туралы анықтама (бар болса);

7) Ерлі-зайыптылардың екеуіне де соңғы 6 айдағы табысы туралы жұмыс орнынан анықтама (егер ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыс істеген жағдайда).

Айта кетейік, өтінімдер 24 маусымға дейін жалғасады. Кешкі 18:00-ге дейін Н.Назарбаев даңғылы 39а, «Open Qaragandy» фронт-офисінде қабылданады.

Тағы бір ерекшелігі, жоба облыста алғаш рет қолға алынуда. Әрине, келешекте сәтімен жүзеге асып жатса, жастарға арналған қомақты қолдау болары сөзсіз!

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button