Мереке шуағы

Киелі құндылыққа – құрмет

ҚР рәміздері күні қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында қалалық ардагерлер ұйымы мен “Болашақ-Қаражал” қоғамдық бірлестігінің ұйтқы болуымен зейнеткерлер арасында мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Бұл қарттардың спорт пен денешынықтыруға деген қызығушылығын арттыруға арналды.

Орталық алаңда скандинавиялық жүріспен бірнеше айналым жасап бой сергіткен аталар мен әжелер Мәдени-сауық орталығында бас қосты. ҚР Рәміздерінің 30 жылдығына орай “Рәміздер – киелі құндылық” тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек стол басында “Ардагерлер ұйымы” РҚБ Қаражал қалалық филиалының төрағасы Мереке Жұманбаева Мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы, оның авторлары жайлы терең мағыналы әңгіме өрбітті. Зейнеткерлер пікірлерін ортаға салып, барлығы бірігіп Мемлекеттік Әнұранды орындады.

Әсерлі әңгіме стол теннисі мен дойбыдан ардагерлер арасындағы жарысқа жалғасты. Стол теннисінен қарсыластарын қапы қалдырған Тахир Құнанбаев жеңіс тұғырына көтерілді. Екінші және үшінші орынды Есенгелді Кенжеғаринов пен Ауданбай Асанбаев өзара бөлісті. Ала тақта үстіндегі айқаста тапқырлық танытқан Айкен Садықов бірінші орынның жүлдесін қанжығасына байлады. Мешітбай Омаров – екінші, Нұрым Кәдірсізов үшінші орынды иеленді. Жүлдегерлер диплом және естелік сыйлықпен марапатталды.

Іс-шараға қатысқан зейнеткерлер ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button