Руханият

Үш түс: көп ой

Кейбір картиналар болады, жаныңды жадыратып, көңіл қошыңды көтеретін. Сондай туындыларға қарап-ақ, бір демалып қалатының рас. Ал, салған туындыңа өң беріп, тірілтетін – бояу. Оны хас суретшілер жақсы біледі. Қоршаған ортада қордаланған мәселе көп. Көп адам байқай бермейтін сұлулық та жетерлік. Осы бір құбылыстарға көптің емес, суретшінің көзімен қарап көрсеңіз ше? Мәселен, қара, қызыл, ақ түсті ғана пайдалана отырып, өміріңнің жақсы және жаман жағын суреттеп бере алар ма едіңіз? Бәрі де мүмкін! Қарағандылық Лидия Дроздова достары Георгий Макаров пен Игорь Гущин тек осы түстерді ғана пайдалана отырып салған туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

Облыстық бейнелеу өнері музейінде авторлардың 44 туындысы қойылған. Жұмыс сапарымен жүрген олар көрменің ашылу салтанатына келе алмады.

Авторлар келе алмаса да көрерменнің қарасы көп. Қойылған сұрақтың басым бөлігі авторлар емес, көрменің атауында болды. Бұл тақырыпты философия бағытында талдайтын болсақ, Лидия Дроздова: «Қара – адам бойындағы құбылыс. Қызыл – махаббат. Ақ – тазалықтың белгісі» деп айтқан еді. Осы үш түсті пайдалана отырып суретшілер ішкі жан дүниесіндегі үйлесімді жеткізген, – деді музейдің ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы Мейрамгүл Елубаева.

Лидия Дроздова туындыларының басым бөлігінде әйел образы бейнеленген. Мәселен, «Шегіртке» картинасына назар салып көріңіз. Мұнда жас келіншек және мысықтың шегірте қуып жүрген көрінісі бейнеленген. Алғаш рет туындыға көзіңіз түскенде «Неге түрлі-түсті бояумен бермеген?» деген сұрақ туындайтыны рас. Алайда, бұл образды түрлі-түсті боямен берсеңіз, суретті ашпай қалатыны сөзсіз. Тек, мән-мағынасы жоқ картина мен керім келіншекке ғана тамсанып қоясыз. Автор картинаның артқы бөлігін қара түспен беріп, алдыңғы бөлігіне қызыл көйлекті келіншекті салған. Қызыл түсті алаулатып, екі бөліктің арасын жалғаған жалын іспетті бояпты. Шегіртке қуып жүрген мысық – келіншектің жас күні. Жастығының өтіп бара жатқанын көпшілік қауымға осылай жеткізгісі келсе керек. Ал, келіншектің жүзінде әлдеқандай алаң бар. Басын төмен салған күйі әлгі мысықтың соңынан еріп келеді…

Игорь Гущиннің «Жұлдызды портрет» картинасын көргеніңізде-ақ, ойыңызға бірінші табиғат, экологиялық мәселелер оралатыны сөзсіз. Бұған дейін осы бағытта салынған түрлі картиналарды көрдіңіз. Алайда, Игорьдің шеберлігі сізді ойландырмай қоймасы анық. Суретші жер шарын адамның бейнесі етіп салып, оны үш бөлікке бөліпті. Маңдайына – ғаламшардың көрінісін келістірген. Ол жерде жер айналып, күннің көзі шуағын шашып тұр. Маңайы – самсаған жарық жұлдыз. Ал, адамның оң беті – сұлу табиғаттың сипаты. Алайда, автор бейнедегі адамның оң көзін жұмулы күйінде қалдырған. Неге? Табиғат ана жердің асты-үсті толы байлықты адамзат баласына мирас етті. Зор байлықты игеруде өзіне орасан зиян тигізетінін білсе де, адамзат игілігіне берді. Ал, оның салдарын сол беттегі көріністен байқауға болады…

Ербол ЕРБОЛАТ

Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Басқа материалдар

Back to top button