Руханият

Көктем жыр өпкен күн

«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, жас талапкерлердің талантын шыңдап, әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсаттында Достық үйінде ағартушы, реформатор, қоғам қайраткері Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ – 150, кемеңгер жазушы Мұхтар ӘУЕЗОВТІҢ 125 жылдық мерейтойлары қарсаңында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Инновациялық технологиялар колледжі дәстүрлі IV облыстық «Жаңа ғасыр жастары» жас ақындар мүшайрасын өткізді. 15-19 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттерінен іріктелген 10 жас ақын ақтық сында үзеңгі қағыстырды.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Инновациялық технологиялар колледжінің директоры Нұрбибі Смағұлова сөз сөйлеп, университет басшылығы мен Достық үйінің әкімшілігіне алғысын айтып, жастарға сәттілік тіледі.

Аталған Университеттің Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы «Тілдердің үштұғырлығы» орталығының қызметкері, айтыскер ақын Нұрсұлтан Рымбай арнау жырын айтты.

«Шашу» ансамблінің жетекшісі Шарбану Тәттімбетқызы С.Сейфуллиннің «Біздің жақта» әнін әуелетсе, Кәріп Нұрсұлтан «Ерке сылқым» күйін шебер орындады.

Кезек қатысушыларға жетіп, олар жырларын тебірене жатқа оқыды. А.Байтұрсынұлы мен М.Әуезовке арнау және үшіншісі еркін тақырыптағы өлең ұсынылды. Өз туындысын оқып жеткізуіне, сахна мәдениетіне, туындының көркемдік деңгейіне бас мән берілді.

Мүшәйра қорытындысында, ІІІ орын Балқаш қаласы «Қазақмыс» корпорациясы Политехникалық колледжінің IV курс студенті Сағыныш Шешке, ІІ орын Қарағанды қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Айбек Сағынтайға, І орын Жезқазған гуманитарлық колледжінің II курс студенті Эльмира Төлегеноваға бұйырды. Бас жүлдені қатарластарынан бәсі басым түскен Қарағанды көлік-технологиялық колледжінің II курс студенті Ұлан Қазыл жеңіп алды.

Шындығында, қатысушылардың кейбірінің ғана қалам сілтеуі қуантты. Кейбірінің өлеңдерінің көркемдік деңгейінің төмендігі, көп ізденбегендігі қарнымызды аштырды. Бірақ, олардың ысылып, сатылап жетілуіне осындай байқаулар оң әсер етеді. Әдеби ортамен араласып, ел-жер көрсе, көп оқып, мол ізденсе өлеңде өздерін табуы ықтимал, – деді Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Редакциялық баспа-бөлімінің редакторы, ақын Гүлім Жақыпханова.

Жүлдегерлерге Диплом және түрлі сыйлық, кітап табысталды. Басқа қатысушылар Алғыс хат пен естелік сыйлыққа ие болса, жетекшілері Алғыс хатпен марапатталды.

Осылайша, жап-жас көктем жыр төгілген керім күніміз де тарихтың бір парағына айналды.

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button