Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек «АрселорМиттал Теміртау» кеншілер ұжымымен кездесу өткізді. Өндіріс саласына қатысты мәселелерді шешуде арнайы құрылған комиссиясының кезекті отырысында бұған дейін қойылған талаптың сақталуы, басқа да бірқатар жұмыстар пысықталды. Кездесуге кәсіподақ ұйымы өкілдері, компания басшылығы қатысты.
Комиссия қозғау салған мәселелердің шешілу барысында оң динамика бар. Дегенмен, кейбір сұрақтардың қалып отырғаны жасырын емес. Назардан тыс қалып отырған сол түйіндерді қалай тарқату керектігі отырыста кеңінен талқыланды.
Мысалы, көмір департаментінің кәсіпорындарына кадр тапшылығын жою мүмкін болмай тұр. Сондай-ақ, кеншілердің жабдықтарын жаңарту секілді мәселелер ортаға салынды.
– Келісім комиссиясы былтыр қараша айында өз жұмысын бастаған еді. Бірқатар проблемалар көтерілді. Олардың дені шешімін тапты. Бір бөлігі орындалып та жатыр. Күнделікті жұмыс барысында сұрақтар туындайтыны анық. Соның бәрін бірлесе шешеміз деп ойлаймыз, – дейді «Қорғау» кеншілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.
– Мұндай кездесулер қажет, олар кеншілер ұжымдарының мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді. Біз облыс әкімдігімен және компания басшылығымен үнемі тығыз байланыстамыз. Шахтинск, Саран және Абай ауданының әкімдері кеншілер тұратын өңірлердің даму барысын әңгімелеп берді. Мәселен, Шахтинск қаласында кеншілердің өтініші бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды.
Кеншілер үшін тұрғын үй мәселесі де шешіліп жатыр. Облыс әкімдігі бастамашы болған бағдарлама бойынша бүгінде 112 пәтер сатып алынды.
Аймақ басшысы осындай кездесулер әлі де жалғасатынын айтты.
Қасымхан ҒАЛЫМ
Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИ