Бірлік мерекесі – халық берекесі
Сонау сұрқылтай замандарда да ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұдырықтай жұмылған елміз. Бірлігі бекем елдің, тірлігі шекер болмақ. Жан бағысты емес, ар-намысты биік қойған еліміздің өзге ұлт өкілдерімен тірлігі де, тағдыры да біте қайнасып, тұтасып кетті. Бүгін – көп ұлтты Қазақ елі үшін 1 мамыр маңызды даталардың біріне айналған. Халықтар достастығы, ынтымақ пен бірлік күні деп ауыз толтырып айта аламыз. Татулық пен бейбітшілікті басты орынға қойып, бақытты бағалай білген Қазақстан үшін бұл күннің жыл сайын мәртебесі биіктеп барады. Балқаш қаласында да жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір жандар тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Шағын шаһар бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігіндей. 4 этномәдени бірлестік бар. Негізгі қызметтері – өз мәдениетін, тілін, салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын дамыту және насихаттау. Қазіргі таңда бірлестік өкілдері Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынған елдің тұтастығына арналған ауқымды жобаларды іске асыру жолында еңбек етуде.
Этномәдени бірлестіктер қаланың мәдени өміріне белсене араласуы да өңірдегі бірлік пен берекені айшықтап тұр. Олардың руханиятқа қосып жүрген үлесі айтарлықтай зор. Таратып айтсақ, Балқаш қаласының «Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағандыдағы филиалы, 2015 жылы наурыз айында құрылған «елдегі тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты дәріптеуде атқарған жұмысы орасан. Сонымен қатар, мәдени шаралардың шырақшысы болған «Согласие» Славян этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі тұрақты түрде қалалық фестивальдарды өткізіп келеді. Ал, қашанда қайырымдылық шарасынан қалыс қалмай, үнемі белсенділік танытатын «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, неміс қауымдастығының мүшелері ішіндегі мұқтаж жандарды қолдау бағытындағы ізгі істер үзілген емес.
Кәріс этномәдени орталығының төрағасы Александр Ли Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этномәдени бірлестіктердің ұйытқысына айналып отырғандығын айтады. Мұны «Согласие» славян этномәдени орталығының төрағасы Нина Гильфер де қуаттайды. Сондай-ақ, «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Александр Шало және «ЭНЕМЕМ» Татар-башқұрт этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері рухани бірлікті қалыптастыру, отансүйгіштік сезімді арттыру және ұлттар достығының үлгісін паш етуде маңызды іс-шаралар атсалысуда.
Айта кетейік, ел басына күн туған қиын-қыстау заманда Балқаш жеріне де түрлі ұлт өкілдері табан тіреп, киелі мекеннен пана тапты. Бауырмал қазақ халқымен бүтін бидайды бөле, жарты бидайды жара жеп, бір үйдің баласындай етене араласты. Міне, соның нәтижесінде бүгінде Балқаш қаласында орыс, корей, украин, шешен, өзбек сынды 60-тан астам ұлт өкілдері бір шаңырақтың астына өмір сүруде. Олардың ең басты тілегі – халықтың ауызбіршілігі, елдің амандығы, жұртымыздың тыныштығы.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.