Балқаш дамуының драйвері – туризм

Балқаштың дамуына үлкен үлес қосып отырған саланың бірі – өнеркәсіп. Былтыр қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 592,3 млрд. теңгеге өнім өндірген. Биыл бұл көрсеткішті 610 млрд. теңгеге өсіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қала экономикасына 48,4 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 32%-ға артық. 85 жылдық тарихы бар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында қала әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндады.

Ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемі артпақ

Қалада «жасыл» энергетиканы дамыту мақсатында 2020 жылдан бастап құны 21,7 млрд. теңге тұратын 50 МВТ болатын «Kaz Green Energy» ЖШС 100 МВТ күн электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Оның бірінші кезеңі осы жылдың шілде айында пайдалануға беріледі. Аталмыш жоба жұмысын бастағанда 20 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығы саласына тоқталатын болсақ, біздің аймағымызда бұл саланы халықтың жеке шаруашылықтары ғана құрайды. Ірі фермерлер мен ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер жоқ. Былтыр ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 2,4 млрд. теңгені құрады. Биыл бұл көрсеткішті 2 626,1 млн. теңгеге арттыру жоспарда бар. Ал, тауар айналымы бойынша, былтыр пандемия кезіндегі шектеулерге байланысты жалпы бөлшек сауда айналымы 29,2 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш біз үшін жаман емес. Өсу тенденциясы әлі де жалғасады. Олай дейтінім, былтырғы жылы сауда және туризм саласында 150 млн. инвестициямен 12 жаңа жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 29 жаңа жұмыс орыны ашылды, – деді Ораз Тәуірбеков.

Экономикада маңызды роль атқаратын саланың бірі – шағын кәсіпкерліктің дамуы. Былтыр қалада шағын және орта бизнес субъектілері 4,3%-ға көбейген. Бұған «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы өз әсерін тигізуде. Қазіргі таңда 10155 адам осы салада жұмыс істейді. «Субсидиялау» бойынша 1,1 млрд. теңгеге 69 жоба, «кепілдендіру» инструментімен 265,1 млн. теңгеге 37 жоба қолдау тапты. Нәтижесінде, жаңа 40 жұмыс орындары ашылған.

Әуе рейсі жанданады

Экономика дамуының негізгі драйвері – туризм. Балқаш курорттық аймағына Балқаш қаласының, Тораңғалық және Шұбартүбек кенттерінің көл жағалаулары кіреді. Қазақстан Республикасының 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Балқаш курорттық аймағы туристификация картасының «ТОП-10» тізіміне енгізілді. Балқаш курорттық аймағын дамытуға инвестиция салуға жағдай жасау мақсатында әкімдіктің бірлескен қаулысымен және Қарағанды облыстық мәслихатының шешімімен қалаға Шұбартүбек ауылының және Ақтоғай ауданы Тораңғалық ауылдық округінің босалқы жерлері қосылды. Елді мекеннің шекараларын өзгертумен біз бас жоспарға түзетулер енгізіп, қала құрылысын дамыту схемасын жасадық, – деді Ораз Қайсаұлы.

Былтыр қала әкімдігінің қаулысымен аталған аймақтарға жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі талқыланған. Мәселен, «Тораңғалық, Шұбартүбек кенттеріндегі су құбыры желілерінің құрылысы» жобасы. Құрылыстың болжамды құны 4 млрд. теңгеге түспек.
Сонымен қатар, «Тораңғалық, Шұбартүбек кенттерінде тазарту құрылыстары бар кәріз желілерінің құрылысы» жобасы қаралған. Құрылыс құны 4,5 млрд. теңгеге жоспарланып отыр. Және бұл қатарда Тораңғалық, Шұбартүбек кентінде электр желілерінің құрылысы да бар. Аталмыш құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша жұмыстар ағымдағы жылдың маусымына дейін аяқталатынын мәлімдеді қала басшысы.

Туристік салаға инвесторларды тарту үшін аса маңызды мәселелердің бірі көлік логистикасы екендігі анық. Барлық кластағы ұшақтарды қабылдау және әуежайды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін Балқаш қаласы әуежайының жекелеген ғимараттарына реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін бүгінгі күні 3,5 млрд. теңге сомасына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Сонымен, қала әуежайының нысандары бюджет есебінен толық жөндеуден өтіп, коммуналдық меншікке берілмек.

Қалада құрылыс қарқынды

Мемлекеттік тұрғын үй саясатын жүзеге асыру қаламыздың дамуының негізгі басымдығы болып табылады. Былтыр 16,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 15,4%-ға артты. Былтыр 10-шы шағын аудандағы №№16,17 45 пәтерлі екі үйдің құрылысы аяқталды. Биылғы жылғы жоспар бойынша 18,2 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілмек. Оның 15,8 мың шаршы метрі жеке инвесторлар, 2,5 мың шаршы метрі тұрғындар қаражаты арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 9,4%-көп, – деді қала басшысы.

Мәліметтерге сүйенсек, былтыр 31 көпбалалы ана пәтер кілтіне ие болды. Биыл бұл көрсеткіш әлде қайда ұлғаяды деп жоспарлануда.

Қала келбетін жақсарту үшін былтыр орталық саябақты қайта жаңарту мен абаттандырудың бірінші кезеңі аяқталды. Сондай-ақ, 13 көп қабатты тұрғын үйдің қасбеті әктеліп, 5 үйдің шатыры жөнделген. Жаңадан ойын алаңдары да орнатылып, 8 аула аумағы абаттандырылды. 4 аулада жарықтандыру жүргізіліп, 120 жарықтандыру тіректері орнатылды. 3 тротуар қалпына келтірілді, 6 аялдама павильоны ауыстырылды. Қазіргі уақытта «Тәуелсіздік» алаңын абаттандыру жұмыстары басталды.

Медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында өткен жылы 100 орынды жаңа инфекциялық корпус пен 40 орынды оңалту орталығы пайдалануға берілді. 4 жаңа цифрлық рентген аппарат, УДЗ мен маммограф аппараты қойылды. Сондай-ақ, компьютерлік томография, гематология және галотерапия кабинеттері ашылды.

Сәбитов шағын ауданында 200 келушіге арналған емхананың құрылысы басталды. Ғимарат осы жылдың маусым айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын ашу мақсатында бұрынғы наркологиялық диспансердің ғимараты қайта жаңғыртылады.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек пен орынбасары Ермек Алпысбайұлы Балқашқа сапары барысында қала халқы, Саяқ кенті тұрғындарымен кездесті. Тұрғындардан түскен сұрақ назарға алынып, олармен тиісті басқармалар шұғылдануда.

Мен де қала халқымен, Гүлшат және Саяқ кенті тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдадым. Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар бойынша жоспар бекітіліп, бүгінгі күні тиісті жұмыстар атқарылуда. Проблемалық сұрақтар бекітілген бюджетке енгізілді.

Алдағы уақытта жыл аяғына дейін жоспарланған кездесулер бекітілген кестеге сәйкес жүргізілетін болады, – деді Ораз Тәуірбеков.

Ербол ЕРБОЛАТ.