Брифинг

Қаражалда қарқын бар

Былтыр Қаражалда өндірілген өнеркәсіп өнімі 58,9 млрд. теңгені құрады. 2020 жылмен салыстырғанда әлде қайда өскен. Ал, өткен жылы қалалық бюджетке түскен түсімдердің көлемі – 3342 млн. теңге. 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда жылдық жоспар 22,1%-ға артық орындалыпты. Өңірдің осы және басқа да жетістігі жайлы қала әкімі Тілектес ДОСАЕВ өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтып берді.

Бүгінде өңірдегі жалпы өнім көлемі 5 млрд. теңгені құрады. Ал, аймақтың экономикасына салынған инвестиция көлемі жоспардан 30%-ға артып, 36,3 млрд. теңгеге шықты. Құрылыс жұмыстарының көлемі – 21,9 млрд. теңге. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 8,5%-ға артып, өнім, тауар, жұмыс және қызмет көрсету көлемі 7 млрд. теңгеден асқан. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 200 млн. теңгеден астам сомаға несие мен түрлі гранттар берілген. Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар жобаларды несиелендіру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Ауыл шаруашылығы саласы – динамикалық түрде дамып келе жатқан секторлардың бірі. Шаруашылық субъектілердің тұрақты жұмысы аймақтың экономикасын одан әрі нығайтуға ықпал етті. Технологиялық процестерді автоматтандырудың озық құралдарымен жабдықталған, әлемдік стандарттарға сәйкес байыту фабрикасы пайдалануға берілді. 145 млрд. тенгеден астам инвестиция тартылды. 500-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылды, – деді Тілектес Досаев.

Былтыр өңірде тұрғындарды жұмыспен қамту жүйелі іске асты. Жұмыссыз жүрген 963 тұрғынның 858-і әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға тартылды. Тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамуда. 2021 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 13 мыңнан астам шаршы метрді құрайтын тұрғын үй ел игілігіне өтті. Бұл өсім өткен жылдағы жоспармен салыстырғанда 23,5%-ға артық.

Өңірдің білім беру саласы жергілікті атқарушы органдардың жіті назарында. Оқытудың қазіргі заманғы технологиялары мен құралдарына қол жеткізу, білім беру объектілерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту, спортпен айналысу үшін жағдай жасау, өскелең ұрпақтың толыққанды дамуы мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Сонымен қатар, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетіліп, қажетті оқулықтармен қамтамасыз етеміз. Ал, жаңа жылдан педагогтардың жалақысы 25%-ға артты. 2025 жылға қарай екі есе өседі деп күтілуде. Мемлекет басшысы жаңа 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. Қаланың білім бөлімімен мектепке дейінгі балалар мекемелері, білім беру қызметінің сапасын арттыру бойынша жоспар бекітіп, жұмыстар жүргізуде. Айта кетейін, өңірдегі білім ошақтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Мәселен, №3 және №7 жалпы білім беретін мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 183,9 млн. теңге қарастырылған, – деді Тілектес Темірбекұлы.

Өңірде денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері – оң нәтижелі. Коронавирусқа қарсы вакцинацияны да 97%-ға орындаған. Соңғы айда індет жұқтырғандардың саны тіркелмеген. Алайда, дәрігер тапшылығы да жоқ емес. Бұл мәселені шешу үшін оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жүргізілуде. Мәселен, 2019 жылы Тәуелсіздік көшесіндегі бос тұрған №10 үйді облыстық денсаулық сақтау басқармасының балансына беріп, былтыр жас мамандарға пәтер кілтін табыстады.

Биыл жоспарда Қаражал қаласында ұзындығы 7 шақырымды құрайтын автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары үшін 204,1 млн. теңге, Жәйрем кентіндегі автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін 332,9 млн. теңге бөлінбек. Соңғы төрт жылда 385 жаңа жарықтандыру бағаны орнатылды. Сонымен қатар, қаланың барлық шағын ауданын көше жарығымен толық қамтамасыз ете алдық. Биыл күн батареяларын орнату жоспарда бар. Ол үшін 15 млн. теңге қарастырылған, – деді қала басшысы.

Сондай-ақ, Шалғия кентінде тұрғын үйлерді орталықтандырылған су жүйесіне қосу жұмыстары басталып кетті. Бұдан бөлек, көшеге жарықшамдар орнатып, ауылішілік жолдарды қалыпқа келтіру бойынша жоспар бекіп, жұмыс жүйелі жүруде.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button