Теміртауда дәстүрлі «Эко-Кросс 2022» турнирі өтті
Теміртауда қала күні тойланды. Мереке аясында қала әкімдігі, «ТТК» ЖШС, «Шаңырақ» еріктілер орталығы және Run Temirtau жүгіру клубының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Эко-Кросс 2022» турнирі өтті. Жарыстың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев қатысып, сөз сөйледі.
Жарысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бөлініп, ересектер 5 шақырымды бағындырса, балалар 2,5 шақырымды жүгіріп өтті. Биылғы турнирге қарағандылықтардан бөлек, арнайы Шахтинск пен Астана қаласынан спортшылар келген.
– Жылда бұл турнирге түрлі жас деңгейіндегі спортшылар қатысады. Былтыр тас жолдың бойында жүгіргенбіз. Биыл да сол бағытты бетке алдық. Қуантатыны, қатысушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Біз осы бастамамыз арқылы салауатты өмір салтын насихаттауымыз қажет, – деді «ТТК» ЖШС техникалық директоры Алмаз Азнабаев.
Марафон қорытындысы бойынша оқушылар арасында Георгий Козма, ересектер арасында Әлішер Ваганов мәре сызығынан бірінші болып өтті.
– Турнирге екінші мәрте қатысуым. Былтыр биылғыдай қатысушыларды екіге бөлмеген. Бәріміз араласып жүгірдік. Биыл жас ерекшелігіне қарай бөліп, айым оңынан туды. Қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жарысты ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Егер қатысушыларды жас ерекшеліктеріне қарай екіге бөлмесе, турнир жеңімпазы болмас па едім? – деді ол. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай және демеушілер атынан бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Ербол ЕРБОЛАТ.
ТЕМІРТАУ қаласы.