Жаңалықтар

Шектен шыққан шөп бағасы

Ауылдық жерлерде шөп шабу науқаны аяқталып қалды. Биыл шаруаларды дала өрті біраз қыспаққа алғаны бар. Тұрғындар болса жем-шөп қымбаттап кеткенін айтуда. Осыдан барып «неге мал азығы қымбат? «Кім бағаны реттейді?» деген заңды сауалдар туындайды. Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік…

Расыменде, ауылдағы ағайынға төрт түлік мал ұстап, өсіру жылдан-жылға қиындап бара жатыр. Мыңғырған малға жайылым тар, шабындық жұтаң, шабылған шөптің құны жыл сайын өсуде. Көп жерде шөп шықпай жатып күйіп кетсе, жауынсыз жаз да дала өртіне себепкер болып, жерден өз ырзығын тауып отырған біраз шаруа барынан айырылып қалды. Мысалы, қыркүйек айының басында облысымыздағы бірнеше ауданда дала өрті орын алды. 3-қыркүйекте Осакаров ауданында Қарағайлы ауылының маңында, Коллективное ауылынан шығысқа қарай 10 шақырым жерде 60 га алаңда құрғақ шөп өртенді. Қарқаралы ауданының Бесоба ауылдық округтерінде, Шет ауданының Қарғалы, Қармыс, Құттыбай, Талды, Бұрма ауылының маңында дала өрті ауыздықталды.

Осының әсері де болуы керек, баға тағы өсті. Жылда осы. Бұдан екі-үш жыл бұрын айтқанымызды қайталауға тура келеді. Мысалы, былтыр Шет ауданы, Үңірек ауылында К-700-дің артқы тіркемесі 100 мың теңге болса, биыл 10-20 мың қосылған. Ал, екі жыл бұрын осы уақытта 60-65 мың теңгеге сатылған еді.

Бұрма елді мекенінде де шөп бағасы шарықтап тұр. Трактор тіркемесіне 100-150 мың теңге сұрайды.

«Биыл баға тағы өсіп кетті. Қайтеміз, аламыз. Малға қысқа азық керек. Бізде тюктап сататындар да бар. Бір бума – 900 теңге. Әрине, биыл дала өрті біраз шаруаны тығырыққа тіреді. Фермерлер келісіп қойған адамдарына шөпті кеш жеткізуде. Оларды да түсінуге болады. Шөп түсірген жоқпыз. Кезегімізді күтіп отырмыз», – дейді Бұрма ауылының тұрғыны Қарлығаш Шәтекова.

Ал, Сәкен Сейфуллин кентінің фермерлері трактордың тіркемесін 60 мың теңгеге, К700 артқы тіркемесін 130 мың теңгеден өткізуде.

Баға әр ауылда әртүрлі. Бірақ, қай ауылда болсын арзан баға естімедік…

Алдымызда қыс. Шындығында кей ауылдарда төрт түлік қыс ортасына дейін жайылады. Ал, қар қалың түссе, алғашқы қар түскенде-ақ қолға қарап қалатыны бар.

Жайылымы, шабатын шөбі бар шаруашылықтар қинала қоймас, қарапайым халыққа ауыр соғатыны өтірік емес. Осындайда «Облыс аумағында тұрақты баға неге қойылмайды?» деген сұрақ туындайды. Бұған кім жауап береді?

Бұл сұраққа облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысының міндетін атқарушы Сырым Бошпановтан:

«Біз ауылдағы шаруаларға бір бағаны қой деп міндеттей алмаймыз. Өйткені олар жекеменшік. Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ғана реттеп отырамыз» деген жауап алдық.

Ал, дала өртінен зардап шеккен шаруашылық жетекшілері де өз мұңын айтуда.

Біреуінің техникасы, біреуінің шауып дайындап қойған бірнеше көпенесі жанып кеткен.

«Әрине, ондай жағдайлар орын алғаны рас. Егер өрт болған жерде төтенше жағдай жарияланса ғана арнайы комиссия құрылып, өртенген не бүлінген заттардың шығыны есептеледі. Содан барып шаруаларға көмек беріледі», – дейді Сырым Бошпанов.

Осыған қарап жем-шөп бағасын фермер өзі қойып алатынына көз жеткіздік. Оларды да түсінуге болады. Шөп шабатын техникаға дизель отыны, қосымша бөлшектер алу керек. Жалданған адамдарға қолақысын да беру керек. Дегенмен, арасында қарапайым халықты да ойлап қойса…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button