Бас тақырыпРуханият

Оянған ойыншықтар қалғымасын

2017 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде қаламы қарымды журналист Қызғалдақ АЙТЖАНОВАНЫҢ «Балаңыз театрға бара ма?» деген мақаласы жарияланып, бүлдіршіндерге арналған қазақ тілді қойылымдардың тапшы екендігі айтылды. Мақаланы қолдап, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр актері Кеңес ЖҰМАБЕКОВ ағамыз пікір білдірді. Ал, 2021 жылдың наурызында «Қуыршақ театры бар, қазақ труппасы жоқ» деген менің мақалам шыққанда, Сәкен театрының директоры Құрман ҚАЛЫМОВ ағамыз осы бір өзекті мәселені театр ұжымының қолға алу ниеті бар екенін айтқан еді. Газетімізде тұрақты түрде көтеріліп келе жатқан осы мәселе шешімін тауып, төбеміз көкке жетіп отыр. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде, «Арқаның Ақсарайы» атанған өнер қарашаңырағының 90 жылдық мерейтойы һәм Балалар жылы аясында театр жанынан қазақ тілді қуыршақ театрын ашты. Дәл осы күні қуыршақ театрының алғашқы қойылымы «Ойыншықтар» қуыршақ ертегісінің тұсаукесері өтті. Туындының авторы әрі қоюшы режиссері – өнер ордасының көркемдік жетекшісі Айдын САЛБАН.

Бүгінгі бала – ертеңгі болашақ. Сондықтан, ел ертеңін сеніп тапсыратын жас буынды рухани бай, патриот етіп өсіру – ортақ парыз. Қуыршақ театрының ашылуы – Арқа жұртшылығы үшін үлкен жаңалық болды. Өйткені, осы кезге дейін Қарағандыда қуыршақ театры болса да, қазақ труппасы ашылмаған. Қазақстанның Құрметті журналисі Сағат Батырхан, ақын Эльмира Сайлауқызы сынды бірқатар жанашыр жандар балаларымыздың, елдің, тілдің, қазақы рухтың жайын айтып, біраз шырылдаған. Елдің тілегі орындалып, балақайлар мәз-мейрам. Театрдың кіші залына көрермен сыймай кетті, түрегеп тұрғаны қаншама?! Осы аншлагтан-ақ, қарағандылық балалардың қазақы қуыршақ театрының қойылымдарын асыға күткені көрініп тұр.
Қуыршақ театрының қойылымдарында рөл сомдау үшін осы бағытта білім алуы керектігі белгілі. Мұндай арнайы курсты аяқтамаса да, театрдың жас буын актерлері сәтті ойнап шықты ертегіні. Қазақ драма театрының болашақ көрермендерін көріп толқыдық, қуандық.
Қарағандылық балалардың тұсаукесер қойылымды асыға күткені сонша, театрға ерте келіпті. Театр ұжымы қойылым басталғанша олармен түрлі ойын ойнады, танысып, достасты.
Ертегі басталған бетте балалар ішке лап қойды. Сахна да әдемі әрленіпті, қуыршақтар да сүйкімді жасалыпты. Басында Түн ертекшісі шығып, балалардан ер-тегінің атауын сұрайды. Олар жауап береді. Осылайша, балалар көптен күткен ертегі әлеміне енді де кетті.


Қойылым балаларға көңіл- күй сыйлаумен қатар, қоғамдағы өзекті мәселені көтеріп, ата-аналар мен балақайлар, балалар мен ойыншықтар арасындағы достық пен мейірім мәселесін көтерді.
Балалық шақта түрлі ойыншықтармен ойнау – баланың интеллектуалдық тұрғыдан дамуына зор ықпал етеді. Ал, ұялы телефон, планшет сынды заманауи гаджеттер санасы қалыптасып үлгермеген баланың санасын улап, денсаулығына зиянын тигізеді. Уақытын ұрлап, оқу-білімге деген құштарлығын құртады. Бірақ, біз үлкендер осы мәселені ұмытып кете береміз.
Ертегіде күнделікті ойыншықтарымен ойнап, қалыпты дамып келе жатқан балаға ата- анасы туған күніне ұялы телефон сыйлайды. Баланың бар ынтасы телефонға ауып, ойыншықтарынан алыстап кетеді. Күндердің күнінде ұялы телефон баланы роботқа айналдырады. Тіпті, соңын да ойыншықтарын ұялы телефонның бұйрығымен қоқысқаақтырады. Ал, ойыншық достары балаға ренжісе де, соңында оның қауіпті жағдайда екенін түсініп, құтқаруға бел буады. Шайқасып, соңында ұялы телефонды жеңіп шығады. Бала қайта қалпына келеді. Бұл оқиғаны «қорқынышты түс» деп қабылдаған бала енді ойыншықтармен ойнап, ұялы телефонды жақындарын мерекемен құттықтап, интернет арқылы білім алу үшін қолданатынын жеткізеді.
– Баланы кішкентай кезінен театрға баулып өсірсе, өскенде де театрға келуді әдетке айналдырады. Демек, бүгінгі кіші залдағы ертегіге келген бүлдіршіндер ертеңгі үлкен залдағы драмалық қойылымдардың көрермені. Сондықтан, бұл бастама өте орынды әрі өзекті. Актерлердің көзге көрініп, тірі қарым-қатынас жасағаны дұрыс болды. Балалар әртіске емес, ойыншыққа қарап, қызыға тамашалады, – дейді ақын Эльмира Сайлауқызы.
Ал, Теміртаудағы №24 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Жасұлан Мәуленов, актерлер көрінбей, тек қуыршақтар көрінгенде тамаша болар еді деп есептейді. «Ал, идеясы өте тамаша. Телефонға аңсары ауған балаға ойыншықтардың ренжігенін көрсету арқылы жүректеріне жол тапты. Өте өзекті мәселеден мағыналы қойылым шықты» дейді ол.
Шындығында, оқиға желісі өте тартымды. Режиссердің шешімі, костюмдер барлығы ор- тақ үйлесім тапқан. Балақайлар қойылым барысында әртістердің сұрақтарына жауап беріп, қимылдарын қайталап, мәре-сәре күй кешті. Біріге отырып, қиындықтан жол тапты, жамандық атаулыны жеңіп, ізгіліктің салтанат құруына бар күшін салды. Күрес барысында ойыншақтардың телефонмен айқасы да сәтті ойластырылған. Балаларға ұнайтын заманауи әуендермен әрлеп, оларды ынтықтыра түсті.
Бас кейіпкер баланың рөлін – Әнелі Сағындықова ойнап, еркеәрі ақылды баланың бейнесін айнытпай сала білді. Қылықтары, ата-анасына еркелеуі оларды әр түрлі күлкілі қылықтарды жасауға мәжбүрлеуі өте күлкілі әрі әсерлі шықты.


Әкесін – Досан Молдабаев, анасы әрі Түн ертекшісі бейнесін – Саягүл Тәшімбекова, Соник ойыншығын – Айдос Нұрмағанбетов, Ақтөсті – Бақытжан Ерғалиев, Бұғы бейнесін – Мақсат Мәліков, Бақаны – Талғат Садықов, ал телефонды – Амангелді Мұқашев сомдады. Қуыршақтарды Айдын Абзалбекұлы мен Бақытжан Ерғалиев бірге жасаған.
– Маған басты рөлдегі бала ұнады. Өйткені, ол күлкілі және қызықты. Тағы да келемін осындай ертегілерге. Ойыншықтардан ит ұнады. Ол қожайынын құтқарарда телефонды тістеп, нағыз дос екенін көрсетті. Енді телефонмен көп ойнамаймын. Роботқа айналуды қаламаймын. Тек, өзіме керекті заттарды іздегенде пайдаланамын. Бос кезімде ойыншықтарыммен ойнаймын. Оларды ренжіткім келмейді, – дейді М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның 2-сынып оқушысы Аяла Аманжолова.
Осылайша, көптен күткен ақ түйенің қарны жарылып, Арқа аспанын қазақы рух кернеп тұр. Алдағы уақытта оянған ойыншықтардың қалғып кетпеуін қалаймыз…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button