Бәрекелді!

Төккен тердің өтеуі

Өмірге ешкім данышпан болмаса, табысты болып келмейді. Немесе біреуден артық, біреуден кем болып тумайды. Өміріңді өзгертіп, жетістіктерге қол жеткізгің келсе – өз қолыңда. Адамның бойында 1% талант болса, 99%-ы еңбектің, төккен тердің нәтижесінде келеді. Тағдыр сынына тап болған №1 өнер мектебінің оқушысы Нұрдәулет САҒАТБЕК республикалық «Домбыра-Дастан» балалар байқауында үздік домбырашы деп танылуы – соның дәлелі. Сонымен қатар, байқаудың бас жүлдесін иеленіп, 8 миллион теңге марапатқа ие болған.

Нұрдәулет Қарағандыдағы № 1 нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында оқиды. Аталмыш байқауға елдің түпкір-түпкірінен келген домбырашылар байқауына 6-15 жас аралығындағы 548 оқушы қатысқан. Қатысушының өзі байқау туралы Instagram парақшасынан білген.

Байқаудың І туры онлайн өткен. Шарт бойынша қатысушы екі күй орындап, бейнежазба жіберуі шарт. Нұрдәулет Құрманғазының «Байжұма» және «Серпер» шығармаларын орындаған.

– Екінші кезең Нұр-Сұлтанда өтті. Оффлайн өткен байқаудың ІІ турында шертпе және төкпе күй орындауымыз керек. Мен Сүгірдің «Қосбасарын» және Құрманғазының «Кішкентайын» дайындадым. Шамасы, қазылар алқасы менің орындауымды ұнатқан болуы керек, менен Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйінің үзіндісін орындауды сұрады. Байқаудың финалы 22 мамыр күні Алматыда өтті. Онда да екі күй ойнау шарт. Біреуі – белгілі композитордың шығармасы болса, екіншісін өз таңдауыңа салды. Мен Құрманғазының «Төремұратын» және Қаршыға Ахмедяровтың «Қуаныш» туындыларын таңдадым. Қарсыластарым осал емес. Сәтін салып, бас жүлде иелендім, – дейді Нұрдәулет.

Нұрдәулет талантты орындаушы ғана емес, 13-тен астам күй мен ән жазған жас композитор-домбырашы. Бүгінгі таңда мектеп мұғалімі Нұрдәулет Ыдырысов жас талантқа жол көрсетіп, қамқорлық жасап келеді. Бүгінге дейін ұстазының жетекшілігімен түрлі деңгейдегі байқаулардан топ жарып, көптің ықыласына бөленуде. Мәселен, өткен жылы XVI халықаралық «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалінің Гран-приін ұтып, «Сарыарқаның жаңа есімдері» байқауында топ жарды.

Ұлымның жеңіске жететініне сендім. Талмай дайындалып, бар күшін салды. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ұтысқа берген қаржыны Нұрдәулетті шетелге апарып, көзіне ота жасатқымыз келген. Бірақ, ол одан бас тартып отыр. “Қазіргіден де нашар көріп қалармын» деген қорқыныш бар. Бір көзі аздап жарықты көреді. Ал екіншісі мүлдем көрмейді. Біздің өз үйіміз жоқ, ұлым пәтер сатып алуға жүлде ақшасын қосқысы келеді. Жүлде қаржысына жаңа домбыра алдық. Енді, сахналық костюмдер тігу ойда бар, – дейді анасы Эльмира Жапқараева.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button