Жаңалықтар

Білім берудің бірегей мүмкіндіктері

Жаңа дәуірдің қозғаушы күшіне айналған жас буын заманауи мектептерде білім алуда. Бүгінгі таңда облыста жас буынға тәлім беретін 420 білім ошағы жұмыс істеп тұр. Олардың білім берудегі бағыты әртүрлі болғанымен, оқушылар ұстанымы «еліме қызмет етемін» деуге негізделген. Тәлім алатын оқушылардың көбі әрине «білсек, білім игерсек, ғылымның тереңіне бойласақ» деп жүр.

 

Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, аймақта жастарды білімге баулып, үздік болуға тәрбиелейтін мектептер көп. Бірақ, белгілі бағытты қамтып, нақты жүйені ұстанатындар аз. Мәселен, облыста бассейні бар жалғыз Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп болса, оқушы талабынан шығатын қойылымдар ұйымдастыруға тиімді үлкен сахнасы, көрермен залы бар №102,103,104 мектептер екен. Ал, республикалық деңгейдегі Алаш ардақтыларын ұлықтайтын рухани шараларды ұйымдастыруда «Дарын» және Ахмет Байтұрсынов мектебі көш бастап тұр. Отансүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп, әскери шараларды ойдағыдай өткізетін Нұркен мектебінің оқушылары қашанда сап түзеп тұрып, кез келген шараның рухын көтереді.

Бассейні бар мектеп

Рухы биік елдің еңсесі тік. Ұлттық рухты ұлықтау арқылы еңсемізді көтеретін шымыр әрі қайсар жастар. Қазақстанның атын шығарып жүрген қарағандылық белсенді жастардың көбі – спортшы. Әлемдік аренада олар үнемі көк байрақты биікке көтеріп, оның қуатынан күш алып, елдің абыройын асқақтатып тұрады. Осындай әдемі көріністердің бірін жерлестеріне тарту еткен жүзуден Азияның спорт шеберлері Эльмира Айғалиева мен Арғын Болатов – тің түлектері. Таланттар әуелі мектепте жаттығып, кейін үлкен аренаға жол тартқан. Аталған мектеп облыстағы басқа білім ордаларынан жоғарыда айтып өткен жүйрік жүзгіштерді даярлайтын бассейнімен ерекшеленеді.

Мектеп бассейні өткен жылы балабақша кешені ашылғанда пайдалануға беріліпті. Оқу жұмыс жоспарында салауатты өмір салтын сақтауды мақсат еткен мектеп әкімшілігі дене шынықтыру пәніне арналған 3 сағаттың 1 сағатын жүзу пәніне арнапты. Мұнда 0-11 сынып оқушылары (1823 оқушы) аптасына 1 рет бассейнге түсіп, шынығады. Сөйтіп жүзу пәніне бүгінгі таңда 1812 оқушы қатысып жүр.

Бассейннің басы-қасында жүретін меңгеруші Хамит Амантайұлының айтуынша, қазіргі таңда жаттықтырушы-нұсқаушы педагогтер балаларға жүзудің түрлі әдістерін үйретуде. Кіші бассейндегі жолақта су көлемі 40 шаршы метрді құрайтындықтан, онда мектепалды даярлық тобы мен бастауыш сынып оқушылары жүзеді. Көлемі 400 шаршы метрді құрайтын үлкен бассейн жоғары сынып оқушыларына арналған. Екі бассейнді де насостық станция (кіші бассейнді -1 фильтрмен, үлкен бассейнді 5 фильтрмен) сумен қамтамасыз етеді. Балалардың денсаулығы басты назарда болғандықтан, бассейнде санитарлық тазалық жұмыстары жиі жүргізіледі. Қазіргі таңда алты гардероб-душ жұмыс істеп тұр.

Мектеп бассейнінде жүзуден қосымша сабақтар, жарыстар жүргізіледі. Жаз айларында лагерь барысында оқушылар үздіксіз жүзу сабақтарына қатысады. Маусым, шілде айларында қаламыздың басқа мектептерінен мектепалды даярлық топтарының балалары келеді. Жаттықтырушы педагогтер суда денені ұстау дағдысына үйретеді. Біздің жүзу мұғалімдері өз пәнін жоғары деңгейде меңгерген. Оның дәлелі түлектер арасында жүзуден республикалық, облыстық, қалалық деңгейде жетістік көрсетіп жүрген чемпиондар бар. Мәселен, Сергей Зайцев – Қазақстан біріншілігінде топ жарған чемпион. Сондай-ақ, чемпион, спорт шебері Анна Большикова, спорт шебері Арғын Болатов секілді мықтылар бар, – дейді мектеп директоры Амантай Соғысбай.

Ата-аналар аптасына бір бассейнге түсетін мектеп оқушыларының шымыр, шаруаға мығып болып, шыңдалатынын айтады. Дегенмен, облысқа бір бассейн аздық ететін секілді.

Ахмет мектебі – көпке үлгі

Облыста алашшыл жастардың рухын көтеретін ерекше білім ордасының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп. Жақында ұлт ұстазына арнап ескерткіш ашқан мектеп ұжымы әр шарасын рухани тәрбиемен ұштастыра отырып, ұлтты сүюдің озық үлгілерін арқау етеді. Ұстаздары республикалық рухани шараларға оқушыларын жиі қатыстырып, үздік орындарды иеленеді. Егер қатерден қорықпайтын, екпінді, алашшыл әрі қазақы жастарды іздесеңіз Ахмет мектебіне ат басын бұру қажет.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Жаңагүл Нұрмұханқызы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұрасын насихаттауға бағытталған шараның көп екенін айтады. Ауыз толтырып айтарлығы 2013 жылдан бастап республикалық деңгейде өтіп жүрген «Алаштың Ахметі» конференциясы. Дәстүрлі шара Алаш тұлғаларының мемлекеттік және ғылыми-шығармашылық қызметін зерделеу арқылы зияткерлік және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға қолдау көрсетуді көздейді. Жылда 9-10-сыныптар арасында өтетін қалалық «Алаштану» марафоны да жастардың рухын көтеруге бағытталған. Мектепішілік «Ахмет оқулары» да ұлт ұстазының шығармаларын насихаттайды.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойында педагогикалық мұрасына бағытталған форум өтті. Әрине, негізгі мақсат – ұлт ұстазының қоғамдық, ғылыми-педагогикалық мұрасын насихаттау. Ахмет атамыздың аталас туысы Ерахан Фазылұлы қатысып, заманауи үлгіде безендірілген «Ахметтану» дәрісханасын ашты. «Ұлт ұстазы – Ахмет» атты ескерткіштің ашылу салтанаты ерекше өтті. Сәкен театрында мектеп ұжымы ұсынған қойылым көпшіліктің қошеметіне бөленді, – дейді Жаңагүл Нұрмұханқызы.

Алаш ұранын арқау еткен мектеп оқушыларының кітап оқуға қызығушылығы ерекше. Оны RedX, TedX форматтарында ашық пікір алаңдарына қатысқан оқушылардың біліктіліктерінен байқадық.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button