«Global City»-де «армандар ағашы» бар
«Global City» сауда орталығында «Армандар орындалады» акциясы аясында «Армандар ағашы» орнатылды. Онда өңірдегі 3 жастан 14 жас аралығындағы ауыр науқас балалардың арман-тілектері ілінген. Кез келген адам қайырымдылық акциясына қатыса алады. Ерекше ағаш тілек жазылған конверт біткенше тұрады.
Сауапты іске мұрындық болған «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі. Бірлестік Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен осындай істі қолға алыпты. Оның өкілі Әлішер Тұрғамбаев жобаның негізгі мақсаты балалардың асқақ армандарын орындау екенін айтады.
– Ауыр халдегі балалардың өмірге деген құштарлығын оятып, талпыныс беруді және паллиативтік көмек көрсетуді мақсат еттік. Акция еліміздің 17 аймағын қамтиды. Бүгінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Қызылорда қалаларында осындай акция өтті. Әдетте, балалардың арманы әртүрлі. Бір жаққа бару, белгілі адамдармен кездесу сияқты армандар жазады немесе ұнатқан затын сұрайды. Бұрын өткізілген шаралардың бірінде самокат сұраған, Төреғали Төрәлімен кездесуді арман еткен баланың тілегі орындалған еді, – дейді Ә.Тұрғамбаев.
Шараға қатысқан облыстың жастар ресурстық орталығының директоры Аида Садықова Қарағанды өңірін қайырымдылық акцияларға белсене қатысатындығын атап өтті. Оның айтуынша, облыс аймағында еріктілердің 187 түрлі ұйымы жұмыс істейді. Аида Сайынқызы қарағандылықтар бұл жолы да сауапты істен тыс қалмайтынына сенім білдірді.
«Армандар ағашында» барлығы 20 конверт ілінген. Онда баланың аты-жөні мен арманы және бірлестіктің жауапты маманының деректері көрсетілген. Ниеттенген адам жауапты тұлғаға хабарласып, бала арманын қалай іске асыруға болатынын біле алады. Сол күні 3 конверт ашылды. «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген. Бастысы, бұл соңғы арман болмасын.
Жансая ОМАРБЕК.