«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»

Шипалы «Саумалкөл» еңбек еш кетпесе игі

Әлемдік тәжірибеде табыс көзі жағынан туризм алдыңғы үштікте. Мүмкіндігі мол сала ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Тоны торқа, түгі алтын Қарқаралы өңірінде де туризм саласы перспективалы бағыттардың бірі.

 

Тұмса табиғатымен елімізге белгілі Қарқаралы туристердің отаны десе де болады. Ресми деректерге сүйенетін болсақ жылына 20 мыңға жуық турист келеді екен. Бүгінде 2 мың 800 орындық 35 демалыс үйі қызмет көрсетуде. Туристерге қызмет көрсету орындарының басым бөлігі мемлекеттік-ұлттық табиғи парк аумағында орналасқан. Ұлттық парк аумағында жалпы ұзындығы 785,8 шақырым болатын 11 туристік маршрут бекітілген. Сонымен қатар жаңа туристік нысандарды ашу, яғни өңірдің табиғи мүмкіндігін пайдаға жаратуда 8 жер учаскесі пайдалануға берілді. Бұл учаскелерде шағын демалыс аймақтарын салу және ашу жоспарлануда, олардың арасында қаланың батыс бөлігінде глэмпинг салу жобасы да бар. Солардың бірі «Саумалкөл» көлі аймағындағы демалыс орны. Емдік сауықтыру туризмін қалыптастырып отырған көлдің суы тұзды, пайдалы.

«Саумалкөлдегі» туризмді дамытуды былтырдан қолға алдық. Суы шипалы, тұзды, құрамында иод, марганец, хлор мөлшері жоғары және тағы да басқа минералдар бар. Аллергиялық аурулар мен демікпеге мың да бір ем. Лайы буын ауруларына көмектеседі. Бірақ, бірқатар кедергілерге байланысты лайын пайдалана алмай отырмыз. Алдағы уақытта шешілсе, емдік шипажай салу жоспарда. Жарнама жақсы, келушілер саны күн сайын артып келеді. Көл маңында арнайы жатын орындар бар, бір мезетте 200 адамға дейін қабылдаймыз. Ақысы да қолжетімді, 10-25 мың теңге аралығында. 6 адамды жұмыспен қамтып отырмыз.

Бүгінгі күнге дейін демалыс орнын жабдықтауға 15 млн. теңге қаражат салдық. Көлдің мүмкіндігін толық пайдалануға кедергілер көп. Мәселен, күрделі құрылыс жұмысына рұқсат жоқ. Егер мәселеміз оң шешілсе, алдағы мақсатымыз үлкен шипажай салу, – дейді кәсіпкер Абзал Қойайдаров.

Кәсіпкер көл жағалауын 5 жылға жалға алған. Көлді жалға беру ауданның құзыретінде емес екен. Бүгінгі күнде біреу жұмыс атқарған кәсіпкердің мақсаты айқын, жоспары мығым болғанымен, қорқынышы басым, күдігі мол. Жалға алу мерзімі аяқталған соң бұл жерді ұстап қалу мүмкіндігі бұлыңғыр. Егер қайта конкурс жарияланса, еткен еңбегім зая кетеді ме деген ой басым. Алдымен туризм жергілікті жерге кіретін басыбайлы кіріс көзі екенін ескерсек, жауапты мамандардың немқұрайлылығы түсініксіз. Қатып қалған қағида жоқ. Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет мүдделі. Ауданның аумағында орналасқаннан кейін аудан басшылары қолдау көрсетсе, назарында ұстаса екен деген ұсыныс бар. Мемлекет басшысының өзі айтқандай бюрократизмнен арылып, еңбек етемін деген әр адамға жолын көрсетіп, кеңесін берсе, мүмкіндік болса мәселесін шешуге ықпал етсе, ұтылмасы анық.

Жалпы туризм ел экономикасының қуатын арттырып қана қоймай жұмыссыздықтың деңгейін азайтып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына едәуір септігін тигізуде.

Ұлан-ғайыр жеріміздің табиғаты мен рухани тарихын келген қонақтарға таныстырып қана қоймай, сапалы қызмет көрсету басты мақсатымыз. Алдағы уақытта жаңа нысандар да іске қосылмақ. Атап айтқанда, 150 орындық кафе, сауна және басқа да қажетті инфрақұрылымы бар «Айса» ШҚ жанындағы жалпы құны 350 млн. теңге «Family house» қонақ үйінің құрылысы жүруде, 40 орындық құны 40 млн. теңге болатын «Жасыл аймақ» демалыс аймағының, құны 15 млн. теңге жеке кәсіпкер «Жұмабековтің» және құны 50 млн. теңге болатын жеке кәсіпкер «Акимбеков А.» қонақ үй құрылысы, құны 25 млн.теңге болатын «Тас бұлақ» шатқалында демалыс базасын салу жобасы жүзеге асуда. Бұл Қарқаралыға келетін туристер санының артуына зор ықпалын тигізбек, – дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Серік Төлеубек.

Туризмді дамыту мен қолдаудан кенде қалмайтынымыз анық, пайдасы кәсіпкерге де, халыққа да сайып келгенде ауданға да ұшан-теңіз. Дегенмен қолбайлау болатын тұстары да жоқ емес. Бастысы жол мәселесі. Аудан халқының бас ауруына айналған жолдың жайы туристердің де келуіне кедергі екені жасырын емес…

Сағыныш ӘБІЛ,

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button