«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»

Жүгі ауыр жеңіл өнеркәсіп

Тауардың құндылығы – сапасында. Ал, сапалы өнім қашанда сұранысқа ие. Біз сөз еткелі отырған кәсіпорынның да басты мақсаты – осы сапа. Шикізат көзін көрші елдерден алдырып, арнайы әскери киімдерді шығарып отырған өңірдегі ірі кәсіпорынның бірі «Galex Plus» Саран тігін-трикотаж фабрикасы. Жыл сайын 250 мыңға дейін өнім шығаратын тігін фабрикасын бүгінде білмейтін жан кем де кем. Іргедегі аталмыш фабриканың бүгіні мен кешегісі жайында сөз қозғамақпыз.


Фабриканың тарихы 1956 жылдан басталады. Сол жылдары Саранда дүрілдеп тұрған қалалық тігін фабрикасын ел жақсы білетін. 1997 жылдары аталмыш фабрика арнайы әскери киімдер өндіруді қолға алды. Бүгінде өрісі кеңейіп, қанатын кеңге жайды. Арнайы әскери киімдермен қатар, әуе құрлық әскерінің киімдерін, мектеп формасын, спорттық костюмдер тігеді.

– Өнімді құрылыс компаниялары мен кәсіпорындар алады. Сонымен қатар, ірі сауда орындарының иелерінен де тапсырыс түседі. Қазір ұжымда жүзге тарта адам жұмыс істейді. Дегенмен, әлі де жұмыскер жеткіліксіз. Жастардың мұндай жұмыс істегілері келмейді. Соларды қызықтыру үшін Саран қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжінен арнайы 3 айлық курс ашып, шәкіртақы тағайындап қойдық. Түлектің мамандығына да қарамаймыз. Жұмысқа қандай адам қабылдансын, әуелі осы курсқа жіберіп аламыз. Оны бітіргеннен кейін жұмысқа қабылдаймыз, – деді «Galex Plus» Саран тігін-трикотаж фабрикасының менеджері Станислав Петров.

Аталмыш курста адам «Не үйренеміз? Не көреміз?» демейді. Арнайы станоктармен жабдықталған жеке кабинет бар. Онда оларды тігіп-пішуге тереңдете оқытады. Қысқасын айтқанда, фабрикада жасайтын жұмысын 3 ай бойы осы жерден үйреніп шығады. Яғни, дайын маман дегеніңіз – осы.

Тігін фабрикасы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысып, заманауи жаңа құрылғылар алды. Қазір барлық станоктары, тігін машиналары – жаңа. Енді осы қарқынмен жұмыскерлер санын көбейтіп, жылдық мөлшерді арттыруды көздеп отыр компания басшылығы.

Өнім көлемі оның күрделілігіне байланысты. Мысалы, жылына 250 мың қысқы күрте тіксек, футболка бұдан екі есе көп. Қазір екеуіне де сұраныс жоғары. Сондықтан, жұмыс күшін арттыру қажет. Мысалы, бір залда 30 тігінші отыр десек, тағы дәл осындай 30 адам керек деген сөз, – деді Станислав Петров.

Валентина Денкинаның фабрикада істеп жүргеніне 20 жылдан асыпты. Қазір Serkon құрылғысына жауапты маман. Яғни, бұл 100 данаға дейінгі үлгіні бір уақытта пішіп беретін алып құрылғы. Егер матаны аппаратқа дұрыс қоймасаңыз, киімнің өлшемі сіз ойлағандай шықпайды. Екінші бір алып құрылғы – мата кесетін аппарат. Бұл дегеніңіз, әуелі оралған матаны жазып, бірінің үстін бірін салып, керек пішінде кесіп беретін дүние. Кесілген мата Serkon құрылғысына жіберіліп, пішіледі. Міне, бұл кісілердің жұмысы осындай.

Қазіргі уақытта фабрикаға тиесілі екі этажды екі бірдей үлкен ғимарат бар. Солардың бірінде осы аппарат қойылған. Ал, осы аппараттар тұрған ғимараттың 2 этажында әскери киімдерді тігетін тігіншілер жасақталған. Әлгі аппараттардан шыққан дайын дүние осы кісілердің алдына келеді. Бұл залда 30 тігінші бар. Әрқайсысына жүктелген міндет басқа.

Әуелі астынан пішіліп әкелінген материалды бір-біріне тігу – бір тігіншінің жұмысы. Ол жұмысын бітіргеннен кейін екінші біреуіне жібереді. Оның жұмысы – қалта тігу. Одан кейінгісі жаға, жең, астарын тігу, түйме қадау, тағысын тағы… Ең соңында ұжым сырт киімді бітіріп, ол оралып, межелі жерге жеткізіледі.

Қала тұрғыны Ризагүл Атамбаеваның фабрикада жұмыс істегеніне 4 жыл. Бұл кісіге жүктелген міндет – киімді және жағасын үтіктеу.

Әуелде жұмысқа үйренісе алмадым. Әрине, таңның атысы, кештің батысы бір жерде тапжылмай отыру – оңай емес. Денсаулығыңа да тигізетін кері әсері бар. Бірақ, уақыт өте үйреніп алдым. Ең бастысы, үтікті бірқалыпты температураға қою. Егер үтігің дұрыс болмаса, киімің күйіп қалады. Дайын өнімді жарамсыз етсеңіз, не боларын ойлай беріңіз. Сондықтан, әр қимылыңа сақ болу қажет, – деді Ризагүл Әлібекқызы. Ал, Дәмегүл Төкенбаеваның міндеті – қалта тігу. Станоктардан кесіліп, пішіліп келген дүние әуелі осы кісінің алдына келеді екен.

Әр жұмыстың өз қиыншылығы бар. Маған алдымен жұп-жұбымен маталарды әкеліп береді. Ол матаға қалта етіп тіге алмайсыз. Бірінші қалтаның өзін жеке дайындаймын. Одан кейін барып матаға тігемін. Осы жерде 10 жыл істедім. Қолым үйреніп алды. Қалтаның әртүрлісі болады. Бірақ, олардың бәрін еркін тігіп, уақытты тежемей басқа тігіншіге жіберіп отырамын. Қазір тігін машиналардың бәрі жаңа. Сонау жылдары ескі тігін машиналарымен де жұмыс істегенмін. Қаншама уақытты өлтіретін едік. Қазір, барлық машинка ыңғайлы әрі жылдам. Осы жылдамдықтың нәтижесін көріп отырмыз, – деді ол.

Екінші ғимаратта әуе әскерилерінің киімі тігіледі. Бұл жерге жұмысқа қабылданған жандар жұмыс істейді. Осы жерден қолы үйреніп, шеберлігімен көзге түскен жандарды үлкен цехқа алады екен. Түсінікті тілде айтсақ, цехтың шеберханасы бұл. Аталмыш цехқа Нина Балгова жетекшілік етуде.

Жұмысқа қабылданушы колледждегі курсты тәмамдаған соң осында кіреді. Осы жерден біліктілігін арттырып, үлкен цехқа ауыстырамыз. Келгеніме 10 жылдан асты. Осы уақыт ішінде талай адамды көрдім. Шыдап, алып кете алғандар қазір үлкен цехта отыр. Өз ісінің мамандары. Істеймін деген адамға – жұмыс бар. Тек, шыдамдылық қажет, – деді Нина Алексеевна.

Бұл фабриканың – тарихы әріде. Өнім көлемі мен сапасы жоғары. Егер, киімді нашар тіксе, мұндай сұраныс болар ма еді…

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button