Гүлден баптаған бал қымыз
Жаңаарқа қымызын Қазақстан рекордтар кітабына және Гиннестің рекордтар кітабына енгізу көзделді. Мақсат орындалды. Бір мезгілде 1000 күбіге құйылған 10 000 литр бие сүтін ұлттық киім киген қыз-келіншектер пісті. Бұл жетістікті ресми түрде халықаралық сарапшылар тіркеген болатын.
Ауруға ем, жанға қуат ұлттық сусынды пайдаға жаратып, халыққа ұсынып отырғандардың бірі – Қызылжар ауылының тумасы Әсет Мұсаев.
– Алғашында қожалықта 50 қой, 20 жылқы, 20 сиыр болды. Сан жылғы маңдай тер, еңбектің арқасында бүгінде мал басы 150 жылқы, 400 қойды құрап отыр. Жылдағы өсімнен малға жем-шөпке, жұмысшыларға жалақы беруге және техникаға жұмсалады. Малды Жезқазған қаласындағы базарға сатамыз. Кейінгі үш жылда өкіметтен көмек көрсетілуде. Кент тұрғындарына көмек көрсетіп, қайырымдылық іс-шараларына да атсалысып тұрамыз. Ауылымызда азық-түлік дүкені мен наубайханамыз бар. Дүкенде мал еті, сүт өнімдерін, қымызды сатылымға қоямыз. Кішкентайымнан әкемнің тәрбиесі мен төрт түлікке құмар болдым, – дейді «Мұсатегі Әмзе» шаруа қожалығы жетекшісі.
Әсет ағамыздың жұбайы Гүлден жеңгеміз қымыз баптаудың һас маманы десе де болады. Мың күбі піскен топта болып, рекордты жаңартқан жаулықтылардың легінен көрінді. Асау жылқыны қолға үйретіп, бие сауып, қымыз дайындау қажырлы еңбекті қажет етеді. Жылқының қадірі мен қымыздың қасиетін ертеден түсінген халқымыз емдік сусын ретінде кәдеге жаратып келеді. Кез келген вирустің алдын алуда таптырмас дәрумен, адамның бойына қуат береді. Бір ғана саумалдың өзі қырық түрлі ауруға ем екен. Денсаулыққа шипалы, ағзаға жұғымды сусынды дайындауда Әсет Төлеубайұлы мен жары Гүлденнің еңбегі ұшан-теңіз.
– Әсет – ауылымыздың көркеюіне атсалысып жүрген азамат. Жақында ғана ауылымызға балалар ойнайтын алаң салынды. Айналасына ағаш екті. Пандемия кезінде де Қызылжар ауылы атынан Жезқазған қаласының емханасына 1 тонна, ал Нұр-Сұлтан қаласына 300 литр қымыз жіберілді. Осы игі істі «Мұсатегі Әмзе» шаруа қожалығы қолға алды. Әрқашан осындай ауқымды іс-шаралардың басы-қасында жүреді, – дейді Қызылжар ауылының тұрғыны Шортанбай Кұлмағанбетов. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Адал еңбекпен елге қызмет жасап жүрген азамат келешекте де қайырымдылық шараларына ұйытқы болмақ.
Ақерке ТЕЗЕКБАЕВА, ҚарУ-дің ІІ-курс студенті.