Брифинг

Тұтынушы құқығы – басты орында

Облыс бойынша тұтынушылардың дені электрондық сауда және тұрмыстық қызмет көрсету саласына шағымданады екен. Қарағанды облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жыл басынан бері келіп түскен 1080 өтініштің дені осы салаға қатысты. Одан бөлек, облыс тұрғындарының бөлшек сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, тұрғын үй-шаруашылық қызмет көрсетушілерге айтар өкпесі көп.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған департамент басшысы Әлия Кулагина осыны жеткізді. Басшының айтуынша, тұтынушылар шағымдарының негізгі бағыты – тұрмыстық қызметтер, косметикалық қызметтер, сондай-ақ, жиһаз және пластик терезе жасау қызметтері.

Тұтынушыларды мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр ететін негізгі жайттар – тұтынушы көргісі келетін өнімде немесе қызметте қажетті нәтиженің болмауынан. Яғни, көбінесе сатушы немесе қызмет көрсетуші өнімді ұсынғанда я болмаса қызмет көрсеткенде өз ісіне салғырт қарауы, тұтынушыға көрсетілген қызмет, сатып жатқан тауары туралы нақты ақпараттың берілмеуі. Жыл басынан бері тұтынушылардан 1080 өтініш түсті. Телеграмм бот арқылы, жедел желі телефонымен, басшы мен мамандардың қабылдауына келіп айтылған өтініштердің дені шешімін тапты, – дейді Ә.Кулагина.

Спикердің айтуынша, жыл басынан бергі 5 айда департамент мамандары 14 тексеру жүргізген. Нәтижесінде, тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 4 ірі бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 612 600 теңгеге айыппұл салынған. Сондай-ақ, 4 кәсіпкерге ескерту жарияланыпты. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар үзілмейді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button