Руханият

Қадымша қолжазба – құнды дерек

Қазақта кім өтпеген?! Білеріміз – бір тоғыз. Білмейтініміз – тоқсан тоғыз. Өйткені, өзін-өзі сақтау инстинциясы арқылы осы күнге жеткен ұлтта білмегенін біле қоярдай мұрсат болмады. Содан да Тәуелсіздікке дейін тірі қалу үшін тіршілік кешкен біз тұлғаларымызды толық түгендеп біткен жоқпыз. Қарағанды аймағында жалпақ жұрт бұл күні жыға тани қоймайтын, сондай мәлім де беймәлім тарихи тұлғаның бірі – Нұржан Шоңұлы. Былтыр 500 бет араб тілінде өлеңдерінің қолжазбасы табылған. Ұрпағы ұзақ жылдар бойы іздесе де нәтиже шықпапты. Зерттеушілердің табандылығының арқасында енді ғана мәлім болған жайы бар. Нақтыласақ, Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы институттың қорында сақталған қолжазба 2021 жылы ғана аудармашыларға жетті. Кешегі күні араб тілінен кириллицаға түскен ақын шығармасының бір парасы Арқа жұртымен қауышты. Шығармалары топтастырылған «Мирас» кітабы – Нұржан Шоңұлының мол мұрасының бір бөлшегі ғана. Жарыққа шығуына қолдау көрсеткен – ұрпағы. Әлі алда кириллицаны күткен 400 беттік арабша қолжазба тұр.

Ел ішінде аракідік Нұржан Шоңұлы – ақын әрі би деген болжам айтылады. Алты Алаштың ардақтысы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханмен бірге өскен, дос-жаран деген дерек те жоқ емес. Шығармаларын тауып, қадым, яғни, араб тілінен аударып, кириллицаға түсірген – Айдаржан Балтабайұлы. Қазір осылайша 500 беттік қолжазбаның 100 бетке жуығы ғана аударылды.

Бұл Айдаржан Балтабайұлының қадымшадан аударуған алғашқы кітабы емес. Бұған дейін кеңес одағы кезінде билікке хат жазып, қажыға барған, әл-Фарабиді аударуда қолтаңбасы қалған Қажыбай Мәндібайұлы туралы, сондай-ақ өңірдің өзге де оқыған діндарларының жазбаларынан тұратын «Аманат» кітабы жарық көрген. «Аманаттың» жарық көруіне көмек көрсеткен қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов екенін атап өткен жөн.

Айдаржан Балтабайұлы Нұржан ақынның есімін алғаш рет «Аманат» кітабына дайындау кезінде кездестіргендерін айтады. Бұл – 2017 жыл. Одан бері 5 жыл бойы ақынның мұрасын шарқ ұрып іздеп келіпті. Қолына қолжазба тигеннен кейін кітапты кириллицаға аударуға кіріскен көрінеді.

– Нұржан Шоңұлының шығармаларын табу, оны жарыққа шығару оңай болған жоқ. Жан-жақтан іздедік. Серік Сағынтай екеуміз 5-6 жылдан бері ескі жазбаларды тауып, жарыққа шығарып келеміз.
Қолжазбасы Мұхтар Әуезов атындағы институт қорынан табылды. 6 ай бойы аудардық. Бір ай кітапқа түсірдік. «Ақын Әлихан Бөкейханмен жолдас болды, бірге жүрді» деген сөздер бар. Бірақ біз мына жұмысымызда ондай деректі кездестіре алмадық.

Бес жыл бұрын «Аманат» кітабын шығарғанда Біләл әкеміздің жазған «Нұржан ақынның айтқан өлеңі» деген бір дәптер көрген едік. Міне, сол арқылы Нұржан Шоңұлының қаншама шығармаларын тауып алдық. Кейіннен ақынның поэмалары мен өлеңдерінің сақталуына ауыл мұғалімі Сейітқазы Әбдіразақ ағамыз мұрындық болғанын білдік. Нұржан ақынның баласы Біләл қолжазбаны осы кісіге тапсырса керек.

Мен тікелей аударамын, Серік оны оқып, жолы қалып қойған тұстарын түгендеп отырады, – дейді Айдаржан Балтабайұлы.

Аудармашы Нұржан ақын кедей деген дерекке да күмәнмен қарайды. Шығармаларының өзі Нұржан ақынның тектілігінен хабар береді деген пікірде. Қарқаралы уезі Темірші болысында 1860 жылы туған ақын 1931-1932 жылдары 73-ке қараған шағында Семей губерниясында қайтыс болыпты.

– Кедей адамның осынша шығарма жазып, топтауы мүмкін емес. Сол себепті кедей дегенмен келісе қоймаймын, – дейді Айдаржан Балтабайұлы.

Жазушы, ақын Серік Сағынтай ​ақынның кириллицаға түскен нұсқасы түпнұсқамен бірдей екенін атап отыр. Оның айтуынша, өңделмеген, қайта редакцияланбаған. Кітапқа енген «Абдулхамит» поэмасы және өлеңдер топтамасы ақынның аузынан қалай шықса, солай кириллицаға түсіріліпті.

– Мен бұл кітаптың бір әрпін де өзгерткен жоқпын. Өйткені, ол қиянат болар еді. Бұдан бұрын «Аманат» деген кітап шығарғанбыз. Осы өңірдің діндар, ақындарының ескі жазбалары. Соны бір ақындарға апарғанда олар өңдеп жіберіпті. Ол дұрыс емес. Шығармаға, оның авторына обал емес пе?

Қадымша аз-маз танитыным бар. Кей жерінде бір-екі сөздер түсіп қалуы мүмкін. Бірақ Нұржан ақынның туындылары тура түпнұсқадай. Бір-бірінен еш айырмашылық жоқ. Бір ауыз сөзіне қалам тимеді. Кітапқа 2-3 толғау-дастаны, 3-4 өлеңі және «Абдулхамит» деген поэмасы «Мың бір түн» ертегісінің үзіндісі кірді.

Бұл қолжазбаның құндылығы неде? Ертең латынша көшсек, қадымшаны мүлде ешкім оқымай, қолжазбалар сол күйі қалып қояды. Сондықтан оны кириллицаға түсіріп, жарыққа шығару ләзім. Жазбалар – сонысымен құнды.

Қазірдің өзінде Айдаржанда Қостанай қаласының, Жаңаарқа, Ақтоғай, Шет ауданында өмір сүрген біраз адамның қадымша қолжазбалары бар. Көлемі 1000 беттен асып жығылады. Оны жарыққа шығаруға біраз уақыт керек, – дейді Серік Сағынтай.

Нұржан ақынның шығармаларын аударған азаматтардың айтуынша, бір қадымша кітапты оқып, жарыққа шығару үшін кемі 4 ай уақыт қажет.

Қызғалдақ АЙТЖАН. 

Басқа материалдар

Back to top button