Жаңалықтар

Отанына оралғандар

Еліміз егемендігін алғалы тағдыр тәлкегімен шет ел асқан қандас бауырларын Отанына шақырып, құшақ жая қарсы алды. Бүгінде өзге елде туып-өссе де өз елін ұмытпаған қаншама қазақ жастары әр өңірге қоныс теуіп, еңбек етуде. Бейбіт заманда жат жұртта жүрсе де, қиыншылық көріп жатқан ешкім жоқ. Алайда, бір бүйірі атамекенге бұрып тұратын қазақ жастары елге келуді аңсады…

Әлемді әбігерге салған пандемияға қарамастан жаңа оқу жылында Е.Бөкетов университетіне арнайы ат басын бұрғандар аз болмады. Індеттің өршіп тұрған шағында қырыққа жуық қандасымыз қосымша білім беру факультетіне арнайы грантқа тапсырды. Тіпті, шет елден келе алмаған қандастарымыз да құжаттарын онлайн режимде жолдап, оқуға түсті. Солардың бірі – Айнұр Өркенқызы.

ҰБТ-ға Моңғолиядан онлайн дайындалдым. Онлайн оқудың артықшылығы – уақыт үнемдеу. Әлеуметтік желінің арқасында түрлі онлайн топқа, арнаға қосылып, іздегеніңді таба аласың. Емтиханда 121 балл жинап, грант иегері атандым. Бүгінде дизайн мамандығы бойынша оқып жатырмын. Былтыр Қазақстанда бола алмасам да биыл атамекеніме келдім. Атамекенімді көрсем деген үлкен арманым орындалды, – дейді ол.

Өткен жылдан бері «Сенім кілті» рәсімі шет елден келген білім алушылар арасында дәстүрге айналды. Мұнда студенттер оқуға түскені, болашақ арманы жайлы хат жазып, «Сенім кілті» жәшігіне салып, оқуын тәмамдағанда хатын қолына алады.

Сонымен қатар, білім алушылар карантин уақытын пайдаланып, «Раян» қайырымдылық қорын ашқан болатын. Мұқтаж жандарға қолынан келгенінше көмек көрсетті. Ғибрат Сейілұлы бастаған студенттер қатары әуелде қандас бауырлардан құралған топ еді, кейіннен ниет білдірушілер саны артып, қатары қазақ жастарымен де толықты. Биыл университеттің қосымша білім беру факультетінде 34 талапкер білім алып жатыр. Оның 15-і елдің әр өңірінен, 19-ы Моңғолия, Өзбекстан, Қытайдан келген қандастар. Пандемияға байланысты шет елден келе алмай жатқан кейбір қандастар онлайн режимде білім алуда.

Еркебұлан САНАҚ, студент.

Басқа материалдар

Back to top button