Жаңалықтар

Ардың жүгін арқалаған азамат

Әлдебір ішкі табиғи түйсікпен, құдіретті тылсымның бағыттауымен заманның тамыр бүлкілін дәл тауып, көптің көкейіндегісін тап басу арқылы қайырлы іс жолында қайрат қылу Жаратқанның теңдессіз сыйы емес пе?! Бұл – көкірек жанарына жаһанды сыйғызып, айналасына адамзаттық биіктен қарай алатын, өз мұратын ұлтының аңсарымен тұтастандырып жіберген тұлғаларға қатысты лепес. Ал олар қайдан пайда болмақ?! Олар нәсілі мен өскен ортасының уызына жарып өскен жандардан шықса керек-ті. Табиғаты мен жаратылысы пендәуи тірліктен мүлде жырақ қоныстанған осындай жандармен бір уақыт, бір кеңістікте өмір сүріп жатқаныңды сезіну саған да жауапкершілік жүгін арқалатады. Ел болған соң ер туғызбай тұра алмайтын қазақтың ішінде ондай азаматтар жоқ емес, бар. Тек ұстанымы шынайы, ниеті дұрысын ажырата білсек керек-ті. Әйтпесе кемеңгер билерше көсіліп, бұрнағы шешендерше шешіліп сөйлеп, өзін көне эпостан көшіп келген таңғажайып батырдай көрсететіндер қаншама?! Оңды-солды қызыл сөз сапырған тантық пен сертіне адал сергек қайраткердің арасын ардың өлшемімен ғана ажырата аласыз.

Алдыңғы буынның батасын алып, кейінгі толқынның ықыласына бөленіп, елдің жоғын түгендеп жүргендер шебінің жуан ортасында келе жатқандардың бірі ­­– Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков. Нұрекеңмен әңгіме-дүкен құрып көрген адам оның қаймағы бұзылмаған қазақы ортада жетіліп, таза ұлттық құндылықтар құндағынан шыққанын бірден аңғарар еді. Тауып айтқан сөзінің мәйегі де, қалжыңын тұздықтайтын мысалы да ауыл хикаяларынан, ауыл өмірінен алынып отырады. Өйткені, кезінде азабы мен ғажабы таусылмайтын қыр өмірі, дала стихиясы ­көзін алыс көкжиектерге тіккен баланың болашағын да айқындап берген. Ел ішінде ауызша айтылатын халық қазынасынан қанып ішкен, дала данышпандарының мұрасына тым ерте сұғынған бала Нұрланның өскен ортасы да Алаш арыстарының өнегесі сіңген, кешегі Әлекеңдердің рухы қалықтап қалған өңір ғой. Әкесі Орынбасардың төре әулетіне іш тартып, Смахан ұрпағына жұғысуы да осыны аңғартады. Сондықтан да болар, болашақ қарекетін адамға әділет, шапқат іздеумен, қазақтың қақысымен байланыстырды. Нұрекеңнің заңгерлік жолды таңдауы ақиқат пен әділет жолында есесі кеткен ел тағдырымен тамырлас болғанына көз жетіп келе жатқандай. Қарағанды мемлекеттік университеті қабырғасындағы білмекке деген құлшыныс аспирантурадағы ізденістерге ұласты. Кандидаттық, кейінгі докторлық диссертациялар тақырыбында құқықтанудың ең ділгір мәселелерін шешудің жолдарын ұсынды. Бұл кезең тәуелсіз елдің жаңа заңнамалық тұғырын қалыптастыру жолындағы қарбаластар кезеңі еді. Мұндай жауапті істердің үдесінен шығуға білім ғана емес, ұлт мүддесіне адал мамандар да керек-тұғын. Құқық саласының қордалы мәселелеріне арнап жазған 200-ден астам ғылыми мақала, бірнеше монография – ғылымға деген ынтазарлық пен адалдықтың көрсеткіші. ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүше-корресподенттігі, бірнеше салалық, халықаралық академиялардың мүшелігі, ғылыми гранттар, ғылым саласындағы атаулы жүлделер – еселі еңбектің өтеуі.

Нұрлан Орынбасарұлының ағартушылық саласындағы үлкен белесі – Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры кезеңі. Қарағанды университетінде Жамбыл Ақылбаевтай ұстаздың шеберханасында шарболаттай шыңдалып шыққан жастың жиған тәжірибені іс жүзінде дәлелдейтін, замана тынысына сай тың қадамдар жасайтын мүмкіндіктер туды. Білім нарығында еңсесін тіктеп кеткен, өз жөні мен жолын тапқан сирек университеттердің қатарында «Болашақтың» да болуы тек «пайда ойламай, ар ойлағанның» жемісі екені ақиқат. Осы университетте Нұрлан Дулатбековтің жетекшілігімен Ғылыми-зерттеу және тарихи-ағарту орталығы құрылып, «Қарлаг» жобасы қолға алынды. Архивтерге (барлығына емес) жол ашылып, ондағы тыйым салынған құжаттар мен деректерге шұқшиюға мүмкіндік туған кез. Зобалаң кезіндегі ел ахуалының ақиқатын ашу, шынайы тарихты сөйлетуге деген құштарлық Нұрланды талай елдің мұрағатына жетелеп апарды. Өзі тікелей мұрындық болуымен Қарағанды өңіріндегі сталиндік лагерьлер жүйесін зерттеу ісі басталды. Содан бері атқарылған ғылыми-зерттеулерінің нәтижесі ондаған том жинақ болып жарыққа шықты. Посткеңестік елдердің ішінді теперішті ең қатты көрген қазақ елінің, сонымен қатар, кеңестік мемлекеттегі бірнеше халықтардың бірге бастан кешкен трагедиясын жүйелі баяндайтын том-том еңбектердің тұсаукесері Мәскеуде жасалды. Мұнда Қарлаг тұтқынында болған көзі тірі куәгерлер мен олардың ұрпақтары, сондай-ақ, Германия, Швейцария, Америка ғалымдары да қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Ғалымның осы саладағы еңбектерінде адам өміріне құндылық деп қараудан қалған кеңестік зұлматтың қасіретті шежіресін жеке адамдардың тағдыры арқылы жинақтап берген тамаша мысалдар бар. Мәселен, Песчаный лагерінің тұтқыны болған, Л.Гумилевпен бір камерада отырған Л.Вознесенскидің қилы тағдырына арналған зерттеу кітап ғылыми жұртшылықтан жоғары бағасын алды. Елімізде тұтқында болған жапондардың жиынтық бейнесі – Ахико Тецуроның өмір шырғалаңдарын зерттеу арқылы тұтас бір дәуірдің трагедиясы көрсетілді. Тіпті, оның өмірі «Ақтастағы Ахико» спектакліне айналып, М.Әуезов атындағы академиялық театр артистерінің күшімен елімізде және Жапония сахнасында қойылды. Ұлт құндылығы мен тарихын қастерлеудің эталонына айналған жапондар айрықша әсерленіп, 2018 жылы Нұрлан Дулатбековке Күншығыс елінің императорлық орденін табыстағаны елдің есінде болуы керек.

«Қарлаг» жобасы негізінде жинақталған қыруар мұрағаттық материалдар, оларды жүйелеу, жариялау, көзі тірі саяси тұтқындардан алынған құнды естеліктерді қаттау, Степлаг, Кеңгір көтерілісі турасындағы т.б. Жұмыстар – ірі ғылыми-зерттеу институты айналысса жарасатын қыруар шаруа. Оны шағын университеттің ат төбеліндей ғалымдары жүзеге асырғанына біреу сенер, біреу сенбес.

Көкірегі ояу жанның тұрақты зерттеп, үнемі ізденіп келе жатқан арналы тақырыбы – Алаш арыстары. Ұлт мүддесі үшін бастарын бәйгеге тіккен алаштықтардың ғұмырын, ғибратын насихаттау Нұрекең өмірінің мағынасына айналғалы қашан?! 2011 жылы Мәскеудегі Дон зиратына жерленген Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтың басына жеке бастамасымен ескерткіш-тақта орнатып, оған өр Қасымның «Ей, тәкәппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен – қазақтың баласы!» деп жаздыруы оның елшілдік мүддеге қаншалықты адал екенін аңғартып тұрған жоқ па?! Оның «Жақып Ақбаев» атты зерттеу еңбегі, «Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері» атты кітаптары алаштануға сүбелі үлес болып қосылды. Алаш мұрасының жоқшысы қолы қалт еткенде шаң басқан мұрағаттардан есіл ерлердің деректерін іздеу әдетіне, жанының қажетіне айналған. Оған Парламент қабырғасындағы қым-қуыт тіршіліктің ортасынан да уақыт тауып жүрді.

Нұрекеңнің соңғы жазған көлемді еңбегі – «Құнанбай Өскенбаев ісі» атты дерекнамалық зерттеу. «Абай академиясы» сериясы бойынша басылып шыққан 30 баспа табақ еңбек ғұлама Абайдың әкесі, өз дәуірінің арыстаны, қайраткер тұлға Құнанбай Өскенбайұлы ғұмырының ең бір шырғалаңға толы кезеңіне қатысты тарихи деректерге негізделген. Ал, бұл деректерді сонау Омбы қаласының мемлекеттік архивінде сарылып отырып жинақтап әкелген де біздің осы кейіпкеріміз. Былтыр ғана ұлы Абайдың 175 жылдығы тойланып, жер-жерде ғылыми-рухани жиындар өткізілді. Ойшыл мұрасын жаңаша парықтау ниетінен туған жүздеген мақалалар жарияланып жатты. Сондай жиындардың бірінде, дәлірек айтсақ, Абайға арналған халықаралық ғылыми конференцияда абайтану мен алаштану ілміне көл көсір еңбек сіңіріп келе жатқан ғалым Тұрсын Жұртбай «Биыл Абайдың 175 жылдығына орай қаншама еңбек жарияланып жатыр. Өте көп. Алайда, осы қалың басылымның ішіндегі жаңа сөз Нұрлан Дулатбековтің «Құнанбай ісі» деген еді. Көлгірсуді білмейтін, таза ғылымнан басқасымен қақ-соғы жоқ Тұрсекеңнің сөзі Абай жылын қорытындылау есебіндегі жиында айтылуы да көп жайды аңғартса керек. Өзі де Құнанбай тақырыбымен ұзақ жылдар айналысып, дала данышпанына қатысты қыруар құжаттармен таныстығы болған ғалымның шынайы бағасы еді бұл.

Көп уақыт Құнанбай қажының жеке басының тарихы, рухани-психологиялық табиғаты, рухани болмысы М.Әуезовтің атақты дәуірнамасындағы образы арқылы қабылданып келгені де рас. Алайда, көркем шындық пен тарихи шындық арасында сәйкестіктермен қатар, арақашықтық та болатынын ескере бермейтіндер көп. Құнанбайдың тағдыры таразыға тартылған жылдар ақиқатына көз жеткізуде архивтік деректер негізінде шыққан «Құнанбай Өскенбаев ісі» аса құнды мәліметтердің көзі. Тарихи тұлға мен тарихи ахуалды байланыстыра зерттеуге ниет қылған кейінгі буын ізденушілерге таптырмас зерттеу. Кітап авторы Омбы архивіндегі Құнекеңнің бірнеше қарыс болатын, уақыт мүжіген, тозған іс материалдарын қайта көшіріп шыққандағы машақатты, 500-ге тарта кісі аттарындағы дәлсіздіктер, оларға қатысты мәліметтердегі ала-құлалықтар туралы айтады. Көз майын тауысып, тірнектеген құжаттарды жүйелеу, бір тінге негіздеу, реттеу, қаттау сынды мехнатты еңбектің қадірін архивпен ұзақ уақыт жұмыс жасаған ғана елестете алады-ау. Ал, зерттеу кітабындағы хрестоматиялық үлгіде ұсынылған деректер Құнанбай мен Абай дәуірін көз алдыңа әкеліп, сол уақыттардағы қоғам болмысын, саяси қатынастар сырын, адамдар психологиясын айшықтай түскен. Абайды ұлықтай отырып, Құнанбайдай сайыпқыран тұлғаны лайықты тұғырына шығаруда аталған еңбектің орны айрықша.

Бүгінгі қазақ қоғамына, рухани ахуалына алаңдап жүретін Нұрлан Орынбасарұлының алтын ұясы – академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне басшы ретінде қайта оралуы Арқадағы қарашаңыраққа тың серпін бергені рас. Білім ордасының қан тамырлары айрықша бүлкілдеп, қайта түлегенін айтып жүрген жұрттың қарасы қалың. Әр іске ұлттық мүдде биігінен қарайтын руханият жанашырының тікелей мұрындық болуымен университетте «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс жасай бастады. Бір жылдың көлемінде «Қасым тағылымы» атты екі томдық зерттеу, «Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығының библиографиясы», дауылпаз ақынның қызы – Дариғаның «Повесть о кубинце» атты прозалық кітабының жарыққа шығуы, классик мұрасына арналған халықаралық жиынның өтуі, қаламыздың ең көрнекті жерлерінде Қасым ақынның рухты жырлары жазылған ондаған билбордтардың бой көтеруі, жылжымалы «Қасым көрмесі» ұйымдастырылып, облыстың барлық аймақтарынан бастап Елордаға дейін насихатталуы – университет басшылығының қамқорлығымен жүзеге асқан айтулы шаралар.

Егемен елдің ертеңіне елеңдеген елең-алаң шақтағы еңсені тіктеп алуға ең әуелі санадағы серпіліс қажеттігін терең бағамдаған дегдардың қолға алған тағы бір ауқымды ісі – ХХ ғасырдың ұлы нәубеті болған ашаршылық тақырыбын осы аймақпен байланыстыра зерттеуге бөлген гранты. Соның нәтижесінде «Орталық Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық» атты архивтік құжаттар мен естеліктер жинағы дүниеге келді. Биыл да осы үрдіс жалғасын тауып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын жаңаша парықтауға, бүгінгі ғылым мен білімнің, технологияның ділгір мәселелерін шешуге арналған бірнеше жобалар қаржыландырылды.

Асылында Нұрлан Орынбасарұлының үнемі ізденіс үстінде жүретін табиғаты хақында сөз бастасақ, ұзақ-сонар әңгімеге кетеміз. Біз азамат атқарған істердің ширегін ғана қамтыдық. Ұлттың рухани құндылықтарын басты бағдар етіп, адамзат көшін алға сүйрейтін жаңа буын қалыптастыру жолындағы істері – ауқымы бөлек тақырып.

Нардың жүгінен ардың жүгі ауыр! Ал, оны көтере алатындар сирек. Адам алдындағы парызына дақ түсірмей, ар байрағын тік көтеріп келе жатқан арда қазақтың бірі – Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков дейтін жайсаң. Қос киесі – Алашы мен Абайы. Биыл асқаралы алпысының биігіне шығыпты. Саналы ғұмырын санаткерлікке жұмсап келе жатқан азаматтан елдің әлі де күтері көп.

Темірғали КӨКЕТАЙ,

Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессорлары.

Басқа материалдар

Back to top button