Бас тақырып

Алты құрлық назары – Астанада!

Президент Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ биылғы Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз» деп айтқан болатын. Иә, алты құрлық назары – Астанада. Ұлы Даланы дүбірге бөлеген – Елорданың 20 жылдық мерейтойы. 

Есілдің жағасына ел қондырып, азат елдің астанасын тұрғызу – бұл көзсіз ерліктің, сөзсіз кемеңгерліктің нышаны болса керек-ті…
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» (Қаздауысты Қазыбек), көк Тудың астына біріккен ел биік асуларды бағындыра бермек. Себебі, бағытымыз – айқын, тізгін – сенімді қолда!
Еуразияның жүрегі саналатын Астананың бүгінгідей сән-салтанаты бір-ақ күнде құрылған жоқ, әрине. Тәуелсіз ел тарихының жаңа парағын жазуға, яғни, бас қаламыздың іргетасын қалауға қалың ел күш салды. Бір қуантарлығы, алдыңғы буынның осынау еңбегі ұрпағының мақтанышына айналды.
Қазақстан Астананы салу арқылы  өнеркәсіптік революцияларға ілесе отырып, рухани жаңғырудың даңғыл жолына түсті деп те сеніммен айта аламыз.
Өткенге көз жүгіртсеңіз, Сарыарқаға қазығын қаққан Астананы әлемдік өркениеттің көшіне қосу да – тынымсыз еңбектің жемісі. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жолда әлемдік тәжірибені жіті зерттеді.
Революциялық жаңғырулардың озық үлгілерін зерделеп, ақыл-парасаттың таразысына жүгінді.
Әрине, астананы көшіру енді ғана етек-жеңін жия бастаған жас мемлекетімізге үлкен сынақ еді, сүрінбедік. Жасампаз басшымыз елдің дәулеті мен Астананың сәулетін арттыру үшін
шет елдерден инвестиция тартуға күш салды. Өзге мемлекеттерге барған әрбір сапарында миллиондаған, миллиардтаған сомаларды Қазақстан нарығына тарту туралы келісім-шарттар жасасты. Нәтижесінде, Әбу-Даби даму қорының есебінен (72 миллион долларға) – Ақорда, Сауд Арабиясының грантына (12 миллион долларға) ҚР Парламенті Сенатының ғимараты бой көтерді. Катар мемлекеті бөлген 38 миллион долларға «Нұр-Астана» мешіті салынды.

Бұл мысалдар – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік нарықтан Астанаға, жалпы елдің қазынасына құйғызған қаражатының бастамасы ғана. Одан беріде тартылған инвестициялар көлемі артпаса, кеміген жоқ.
Кемеңгер Көшбасшымыз Астананың бас жоспарын бекітуге де тікелей басшылық жасады. Жапондық сәулетші Кисе Курокаваға тиесілі жобаның үлгісі Ұлы Дала төсінде уақытпен үндесіп, үйлесім тапқанына төрткүл дүние куә. Мұның сыртында көнерген атауларды өзгерту сияқты уақыттың талабы тұрды. Ел Президенті бүгінде бұқара қызу қолдап отырған рухани жаңғырудың да алғышарттарын сол кезде-ақ ескерген. Астананың әр кірпішін қалаумен қатар, «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей». Көше-көшеге тарихи атаулар беріліп, даңқты тұлғаларымыздың ескерткіштері бой көтерді. Әттегені, ескілікті көксеген кейбіреулер осы тұста да үнсіз қалмады. Мысалы, Парламент үйінің қарсы алаңынан «кеңестік көсемнің» ескерткішін алып тастау әжептәуір «жыр болған». Елбасының сарабдал саясаты осы сипаттағы кереғар пікірлердің де жігін жатқызды.
Алдағы мерейтойыңмен, айшықты Астана!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button