Брифинг

Колледжде – оқытудың тың жүйесі

Қоғам дамыған сайын жаңа мамандықтарға сұраныс артады. Ал, тіпті, кейбір мамандықтар жойылады. Сол себепті, қоғам өміріне қажетті маман даярлауды мақсат еткен колледждер бас көтерді. Арнаулы оқу орындарының білім беру бағдарламасына енгізілген өзгерістер жөнінде техникалық және кәсіптік білім саласын дамытудың негізгі міндеттері атты брифингте егжей-тегжейлі айтылды.

Брифингке облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Жүнісова мен облыстық Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Қарлығаш Оспанова, сондай-ақ колледж директорлары қатысты.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың былтырғы Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту туралы айтқан болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесімен 100% қамту міндеті алға қойылды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі бойынша облыс көлемінде қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Жүнісова айтты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру бойынша биылдан бастап Қарағанды облысында мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту жоспарлануда. 2022 жылдың өзінде мемлекеттік тапсырыс бойынша студенттер саны 300-ге артып, жалпы көлемі 9 115 орынды құрайтын болады. 2025 жылға қарай адам санын тағы да ұлғайту жоспарлануда. Бұл үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Бүгінде біз салалық басқармалар, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұсынған деректер негізінде мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. 30 сәуірден бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде қарастырылған мамандықтар туралы ақпарат білім басқармасының сайтында жарияланады, – деді Гүлбақыт Жүнісова.

Заман дамыған сайын кейбір мамандықтарға деген сұраныс төмендейді. Бұл колледждердің білім беру бағдарламасына өзгеріс енгізуді қажет етеді. Сол себепті, аталған оқу орындары заман талабына сай маман даярлауды қолға алды. Қазіргі кезде арнаулы білім беру ұйымдарында еңбек нарығындағы сұранысқа ие, жаңа 10 мамандық ашылған.

Бұрын жеке-жеке оқытылған сылақшы, тас қалаушы мамандықтары бүгінде бір мамандықтың аясына топтастырылды. Сондай-ақ, аспаздықпен қоса, кондитер мамандығы қоса оқытылады да, студент бір дипломның иесі болып шығады. Бұл да – колледждерге енгізілген жаңашылдықтың бірі болып отыр.

Қазіргі уақытта колледждерге қабылдау тәртібіне өзгерістер енгізілуде. Алдағы оқу жылында колледждерге құжаттарды қабылдау 20 маусымнан электрондық үкімет порталы арқылы немесе тікелей колледжде басталады. Әр талапкердің 4 мамандық пен 4 колледжді таңдауға мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда таңдауды өзгертуге үш мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, биылдан бастап кадрларды даярлауда жұмыс берушілердің талаптары толықтай есепке алынады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша колледждерге академиялық дербестік берілді. Бұрын түрлі біліктіліктер бойынша оқыту мерзімдерінің қатаң регламенті болатын. Яғни, оқу 2 жылдан 4 жылға дейін жалғасатын. Өткен жылы бұл ереже «Білім туралы» Заңнан алынып тасталған. Бүгінде колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқу мерзімдерін айқындайды. Бұл теория мен практика арасындағы алшақтықты жояды, сонымен қатар, кәсіпорындар жаңартуды қажет ететін кадрларды ауыстыруға мүмкіндік алады. Арнаулы білім берудегі оң өзгерістердің бастамасы осылар болмақ.

Биылғы жылдың жаңалығы – жұмыс берушілердің қатысуымен сараптамадан өткен білім беру бағдарламалары енгізілетін болады.

– Жаңадан қабылданатын мамандықтар бойынша барлық бағдарламаларды колледж жанынан құрылған индустриальдық кеңестер арқылы және жұмыс берушілердің қатысуымен сараптамадан өткізіп, ұсынамыз. Бүгінде 57 индустриальдық кеңес құрылды. Оның құрамында колледжді басқару процесіне тарту және білім беру бағдарламасын әзірлеу үшін жұмыс берушілердің өкілі енгізілді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Бұған қоса, колледждерге енгізілген дуальды оқыту жүйесінің артықшылықтары туралы айтылды. Бұл оқыту жүйесі практикалық құрамдас бөлікті 60-80%-ға ұлғайту есебінен өндіріске барынша жақындатылған жаңа формациядағы мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

– Дуальды оқыту 2012 жылдан бастап біздің облыстың арнаулы оқу орындарына енгізілгенін білесіздер. Қазіргі уақытта 56 оқу орны, 360-тан артық кәсіпорын қатысуда. Бұл 5440 студентті қамтыды. Былтырғы көрсеткіш – 12%-ке жетсе, биыл кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс істеудің арқасында көрсеткіш 20%-ға дейін артты. Алдағы уақыттарда 25%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді спикер Гүлбақыт Жүнісова.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Қарлығаш Оспанова қазіргі таңда қоғам қажет ететін, сұранысқа сай мамандықтарды атап өтті. Облыс бойынша құрылысшы мамандары жетіспейтінін айтты. Жыл сайын құрылысшы мамандығына түсетін түлектердің санын ұлғайтқанмен, бәрібір жетіспеушілік байқалады дейді. Оның айтуынша, жеңіл өнеркәсіп мамандары да осы тізімнің қатарында. Сондай-ақ, жетіспейтін мамандықтар тізіміне – медицина мен білім саласының мамандары да кіреді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button