Руханият

Шілде кеші – көңілді

Кез келген игі іс тың ойдан, идеядан бастау алады. Идея қолдау тапса, сәтті ұйымдастырылса, нәтиже шығады. Жуырда Қарағанды қаласының орталық саябағының жаңа сахнасында Арқаның азулы ақындарының қатысуымен ойдағыдай өткен поэзия кеші сөзімізге дәлел. Идея авторы – ақын Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ. Жанат ақынның бұған дейін көптеген тың дүниені жүзеге асырғанына куә болған жұртшылық. Ол қазір алыптардың ізі қалған киелі орда Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалын басқарады. Айтулы іс-шараға қолдау көрсеткен – Қарағанды қаласы әкімдігі. Атап айтсақ, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат ТӨКЕН, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан ІЛИЯШ, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары мен ақын әрі білікті ұйымдастырушы Эльмира САЙЛАУЫЗЫНЫҢ еңбегі ұшан-теңіз. Кешті талантты жас ақын, SARYARQA телеарнасының редакторы Ерік НАРЫН жүргізіп, сәнін кіргізді. Іс-шара тіл мәдениетін көтеру, аймақ қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттау, кітап оқуға баулу және арзан әзіл мен бос қылжақ басым түсіп тұрған заманда салмақты сөзбен өрілген киелі поэзияның рөлін арттыру, қоғамдағы құндылықтардың мәнін ұқтырып, талғам деңгейін көтеруге аз да болса үлес қосу сынды мақсаттарды көздеді.

Ашық аспан астында, Арқаның төсінде, Қарағандының қақ төрінде өткен жыр кешіне көп-көрім ел жиналды. Бұған дейін ұйымдастырушылар әлеуметтік желі арқылы жан-жаққа жақсылап хабарлаған еді. Талғамы биік, өресі терең оқырмандар тапжылмай отырып, жыр тыңдады. Әр ақын сахнаға бір шоқ гүлін алып шығып, 5 өлеңнен оқып, бауырын жазды.

Кешке қатысып, өлең оқыған ақындарды проза мен поэзияда қатар құлаш сермеп келе жатқан қарымды қаламгер, республикалық «Қасым» журналының бас редакторы Серік Сағынтай бастап шықты. Одан әрі Жанат Жаңқашұлы, Ерқанат Кеңесбек, Әсет Аманжол, Айнұр Жаппарқұлова, Эльмира Сайлауқызы, Әділет Шопен, Ерік Нарын сынды ақындарға кезек келді. Сонымен қатар, өлеңге талаптанып жүрген Бектас Жұман, Шұғыла Ойрат есімді жас өрендер өз туындыларын оқыды. Ал, әлеуметтік желіден кеш хақында біліп, Шет ауданынан арнайы келген жас пері Наурызбай Қазбекұлы балаң жырларын бабына келтіре оқып, елге ерекше көңіл күй сыйлады.

Поэзия кеші өте әсерлі өтті. Қарағандылық ақындарымыз Отан, туған жер, ата-ана, махаббат тақырыбындағы жырларын оқып, жиылған жұртты керемет күйге бөледі. Поэзия патшалығындағы пайымдауы өзгеден бөлек ақындар жебелі жырын қарағандылықтарға ерекше үнмен жеткізді. Поэзия кешінде өз өлеңдерін халыққа паш еткен ақындарға алғысымыз шексіз. Бұл – бастамасы. Әлі алдағы уақытта талай поэзия кештері өткізіледі, – деп бөлісті қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкен.

Сондай-ақ, Алаштың аяулы әншісі Сейіл Аяған, Бақытжан Рақымжанов, Саян Бөдесов сынды талантты жас әншілер де әндерін әуелете кешке келген көрерменді бір серпілтті. Әншілер де мүмкіндігінше, поэзия кешінің форматына келетін лирикалық туындыларын шырқады. Өлең мен әннің құстың қос қанатындай егіз өнер екенін таныта білді.

Ал, кеш қонағы ақын Әсет Аманжол кештің ерекше форматта өткеніне ризашылығын білдірді. «Облыстық тілдерді дамыту басқармасында бөлім меңгеруші болып жұмыс істеймін. Өлеңді жастайымнан жазамын. Алайда, мемлекеттік қызметте жүріп, шығармашылыққа мойын бұру кейде мүмкін болмай қалады. Көптен бері осындай кешті аңсап жүр едім. Ұйымдастырушыларға осы кешке шақырғанына алғыс айтамын. Жыр жинағымды жарыққа шығарғым келіп жүр еді. Мына кештен соң құлшынысым арта түсті. Қарағандыда мықты ақындар баршылық. Сондықтан, бұл игі шараның жалғасын тапқанын қалаймын», – дейді ол.

Бұл кештің тағы бір ерекшелігі мұндағы оқылған поэзиялық туындылар домбыра һәм гитарамен сүйемелденді. Домбырамен Тәттімбет өнер колледжінің студенті Жанбек Самарқан сүйемелдесе, гитарада сүйемелдеген сегіз қырлы, бір сырлы азамат, ақын, суретші – Жанболат Бабаков. Жанболат ақын бола тұра өзі өлең оқымай, ақындарға музыкалық тұрғыдан қолдау көрсеткені үлкен азаматтық дер едік.

– Өлеңде тылсым күш бар. Көзбен көріп, қолмен ұстай алмайсың. Бірақ, түсінгенге, қаныққанға аян. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы бауырымның бастамасымен Орталық саябақта өткен жыр кеші мүлдем бөлек сарында өрбіді. Бұрын Қасым ескерткіші маңында, не жабық алаңда оқылатын еді өлең. Бұл жолы жаңа-соны формат – саябақ алаңы. Кешкі қоңыр салқында қара өлеңнің шуағына шомылдық. Өлең иірімінің тылсымына қанығып, кәусар бұлағын қанып іштік. «Қаршыға сіңірлі қазақ табиғатынан ақын халық». Рас сөз. Жиналғанның өлеңге елең еткенінен бұған тағы бір мәрте көз жеткіздік. Төрді бермес төкпе ақындар, өзіндік өрнекті ізі барлар, талғамы биік талғампаздар, тыңнан түрен салуға құмар толқын-толқын, шоғыр-шоғыр, бірнеше буын поэзия өкілдері кезегімен ширығып шығып, жыр қазанын қайнатты-ау, бір, – деп ағынан жарылды әдебиеттің жанашыры, кештің өрелі көрермені Елеужан Серімов.

Шындығында, ақындардың дүниетанымының тереңдігі, олардың шығармашылығы, өлеңдеріндегі адамға ой салатын жолдары қарағандылықтарға үлкен әсер қалдырғаны анық. Өйткені, кешке қатысқан ақындардың осалы жоқ. Мәселен, Ерқанат Кеңесбекұлының өлеңдерін көптен бері тыңдай алмай шөліркеп жүр едік. Осы жолы сәті түсті. Ерқанат – болмысы бөлек ақын. Сазгер, ән айтуы қандай. «Мейірбан Алла», «Атақ», «Сен туған күн» және басқа да әндері халыққа кең тараған. Кезінде республикалық «Аламан» айтысқа қатысып, облыстың намысын қорғаған дүлдүл. «Алиф» атты жыр жинағы шыққан. Енді, екінші кітабы шыққалы тұр.

Иә, «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деп бекер айтпаған. Жастар осылай елдің рухын көтеруге жұмыла жұмыс істесе, елдің батасы оларды биіктерге бастайтыны ақиқат.

Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың және көрермендердің де пікірін тыңдадық. Байқасақ, барлығы риза. Демек, шілде кеші көңілді болғаны анық. Жоғарыда айтылғандай игі шараның жалғасын күтеміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button