Ресми

Дала генералы

«Отан», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қарағанды облысының және Нұра ауданының Құрметті азаматы, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты. Бұл атақ-абырой Георгий ПРОКОПҚА бір күнде келген жоқ. Тынбай тер төкті, ұйқысыз түндер өткізді. Ел қамы үшін, өзіне сүйенген жұрты үшін ауқымды істерді, нар көтерер жүкті мойнына алды. Міне, талай жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. Ел билігі тарапынан бірнеше мәрте есімі еленді. Халқы қолдап, облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланды. Еңбектің өтеуі деген осы болар, сірә…

ТАҒДЫР

Кеңестік неміс халқының басына түскен барлық ауыртпалық бұл отбасын да айналып өтпеген. Оның ата-бабаcы Петербург университетін бітірген, гимназияда сабақ берген, сол кезде әжесі мен үлкен әкесі Англия мен Германияға тәжірибе алмасу мақсатында шет елге шыққан. 1937 жылы үлкен әкесіне «екі елдің тыңшысы» деген айып тағылып, сотталып, «итжеккенге» айдалған. 1943 жылы айдауда жүріп, Норильскіде ажал құшқан. Сонда жерленген.

Гитлерлік Германиямен Кеңес Одағы арасындағы соғыс Поволжьедегі неміс автономиясын жоюға алғышарт болып, 1941 жылы күзде қазақ жеріне 361 мың неміс қоныс аударылды. Қазақстандағы немістердің этникалық тобының қалыптасуына негіз салған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1941 жылғы 28 тамызда қабылдаған «Еділ бойында тұратын немістерді қоныс аудару туралы» Жарлығы болды. Еділ бойында тұратын немістерге сатқындық айыбы тағылды. Жарлықтың күші кеңестік неміс ұлты өкілдерінің барлығына қолданылды. Сол кезеңде республикадағы немістердің жалпы саны 441713 адамды құрады.

1941 жылы Прокоптар отбасы да Қазақстанға жүк тиелген вагондарда жөнелтілгенде, көрген зорлық-зомбылықтан соң ешкім тірі қаламыз деп ойламады. Сөйтіп, олар Нұраның Қызылшілік ауылына жеткізілді. Әкесі 1941-1948 жылдар аралығында еңбек армиясына жіберілді, анасы ауылда жұмыс істеді. Әкесі одан кейін Нұра шаруашылықтарында механик, бригадир болып, тұрғылықты халықпен қоян-қолтық араласып, зейнетке шыққанша еңбек етті.

– Әкей қазақ халқының алдында бас иетін. «Қазақтардың арқасында біз тірі қалдық. Бүгінгі күніміз үшін біз осы халық алдында мәңгі қарыздармыз» деп отыратын үнемі, – дейді Георгий. – Кейін заман өзгергенде әкейден «Германияға, тарихи Отаныңызға қайтқыңыз келе ме? Қазір мүмкіндік бар ғой» деп сұрағанымда, әкей: «Сен өз тағдырыңды өзің шеш, ал мен Қазақстанды тастап ешқайда бармаймын. Маған екінші өмір сыйлаған – Қазақстан. Мен мәңгілік осы жерде, Отанымда қаламын» деп жауап берді. Мен де бұл мәселеге қайта оралмадым.

Депортацияланған халықтардың тарихы аса күрделі кезең оқиғаларын қамтиды. Қазақтар 30-шы жылдардағы бұрын-соңды қазақ даласында болып көрмеген аштық қасіретін басынан өткізіп отырса да, осынау тарихи сын сағатынан сүрінбей өтті. Қазақ халқы тағдыр тәлкегімен қоныс аударылып келген халықтардың сақталып қалуы мен рухани-материалдық тұрғыда қайта түлеуіне көмегін аяған жоқ. Қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының көрсеткен мейірбандығы мен қонақжайлылығы қоныс аударылып келген халықтардың жадында сақталады және ол ешқашан ұмытылмақ емес. Міне, бұл тарих сыны қазақстандық ұлтаралық татулық моделінің негізі болса керек.

smart

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢ ТІК!

Георгий Прокоп Нұра ауданындағы сол кішкентай Қызылшілік деп аталатын шағын ауылда дүниеге келген. Киевка орта мектебін, кейін Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын 1973 жылы Целиноград облысы, Вишневка ауданының «Вячеславский» кеңшарында бастаған. 1976 жылы туған жерге оралып, содан бері туған топырағында ел игілігіне қызмет етуде. Оның ең басты ұстанымы: «Еңбек бәрін жеңбек. Еңбек еткен адам барлық игілікке қол жеткізе алады».

– «Тәрбие басы – талбесік» демекші, бізді әке-шешеміз жасымыздан еңбекке баулыды. Әуелі үй шаруашылығына көмегіңді тигізесің, кейін мектеп оқушысы кезінде, каникулда ересектермен еріп, солардың қасында жүріп, шамаң келген жұмыстарды – мал азығын әзірлеу науқаны, құрылыс жұмыстары, әйтеуір шамашарқыңша жұмыс атқарасың. Ол уақытта біз ересектердің қасында жүргенді үлкен құрмет санайтынбыз. Бұл өте маңызды тәрбие мектебі болатын, – дейді ол.

1986 жылдан бері «Шахтерское» ЖШС-ін басқарады. Бұл нарық заманына өту және жекешелендіру науқанының басталу кезеңі болатын. Шаруашылықтар тарап, ауылдықтардың көпшілігі не істерін білмей дал болған кезде жерлестері Георгий Прокопқа сенім артып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірікті. Енді, жаңадан құрылған шаруашылықты жаңаша басқару, еңбекті жаңаша ұйымдастыру, ұжым мүшелерінің бәрінің бірдей жауапкершілігін арттыра отырып нәтижеге қол жеткізу қажет болды.

Ең алдымен, ескірген машина-тракторлық паркті жаңарту, яғни, жаңа техника сатып алу, сонымен қатар жермен жұмысты да басқаша жүргізу керек еді. Бұрынғыдай соқамен жер жыртуды қойып, жер қабатын сақтай отырып жерге дән сіңіру мен астық жинаудың тың тәсілдерін қолдану керек болды. Георгий өзі қаншалықты диқан еңбегіне қанық болғанымен, енді озық технологияларды қолдану жайының жай-жапсарын зерттей бастады.

Күтім көрмеген жер тоза бастайды және оны арамшөп басып кететіні айдан анық қой. Сөйтіп, өзінің «Жер – біздің анамыз. Біз анаға қандай құрметпен қарасақ, жерге сондай құрметпен қарауымыз керек. Сонда жердің де берері мол болары хақ. Жердің тілін білсең, тілдей жерден жылдық өнім аласың» деген пайымымен жұмысты жалғастыра берді.

Алғашқыда егістіктің бір бөлігіне жаңа тәсілдерді қолданды. Арамшөппен күрес, ылғал сақтау технологиясын пайдалана отырып, тұқым сапасын жақсартуды да біртіндеп қолға алды. Осы аралықта шаруашылық үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

Георгий Прокоптың басты қасиеттерінің бірі – ізденімпаздығы. Жаңа технологияларды меңгеру, заман талабына сай болу мақсатында Қытай, Гонконг, тағы басқа бірнеше шет мемлекетте өткен тәжірибе алмасу семинарларына қатысып қайтты. Семинарда алған білімін өз шаруашылығы жағдайында қолдануды жүзеге асыра бастады. Қазіргі кезде оның шаруашылығында озық технологиялар, ылғалды сақтау техникасының да озық түрлері сатып алынды. Механизатор еңбегін жеңілдету үшін барлық жағдай жасалды. Мысалы, қазір шаруашылықта қолданыстағы америкалық тракторларда желдеткіш те, компьютер де орнатылған. Механизаторларды Көкшетау қаласында арнайы курстан оқытып, жаңа технологияларды меңгеруіне жол ашты. Машина-тракторлық парк толық жаңартылған.

ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН АБЫРОЙ

Бүгінгі таңда «Шахтерское» ЖШС облысымызға танымал элиталық тұқым шаруашылығына айналған. Әрине, осы шаруашылықты отыз жылдан аса басқарып, өрге сүйреп келе жатқан Георгий Прокоптың да абыройы асқақ. Бүгінде Қарағанды облысының және Нұра ауданының Құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүщесі, «Құрмет», «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері. Осының бәрі – азаматтың ерен еңбегінің әділ бағасы. 2014 жылы еңбектегі табыстары мен мемлекетіміздің дамуына қосқан зор үлесі үшін «Отан» орденімен марапатталып, оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алуы – оның Қазақстанға деген отансүйгіштігі мен патриоттық сезімін арттыра түсіп, жігеріне жігер қосып, еңбегін жандандыра түсті.

«Дала генералы» атанған Георгий Прокоп әлеуметтік мәселені де еш уақытта назардан тыс қалдырмайды. Жас мамандар мен мұғалімдерге арналған тұрғын үй, мектепке көмек сынды мәселелер үнемі назарында. Ауылдың бүгінгі кейпіне көзің тояды. Ісі көпке үлгі боларлық. Көшелер асфальтталған, жарықтандырылған, көгалдандырылған. Таза су әр үйге кіріп тұр. Орталық көшеге стелла мен субұрқақ орнатылған. Мемлекеттікжекеменшік серіктестік аясында спорт кешені салынды. Құрылысқа шаруашылық есебінен 140 миллион теңге қаражат бөлінсе, құны 280 миллион теңге тұратын бассейн шаруашылық қаражатына салынып, пайдалануға берілді. Қайырымдылығының арқасында республикалық «Парыз» байқауының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі номинациясында Күміс медаль иегері атанды. Алдағы уақытта Георгий Прокоп ауылға жаңа мектеп салмақшы.

Ол қоғамдық өмірге де белсенді араласып, Мемлекет басшысының сарабдал саясатын жүзеге асыруға өз үлесін қосуда. Қарағанды облыстық мәслихатының екі шақырылымының депутаты ретінде ел сенімінен шығып жүр. Аграрлық, экология, өнеркәсіп мәселелері бойынша комиссия мүшесі ретінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің сүбелі үлесін қосуда. 1999 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Ұлтаралық ынтамақтастық пен келісімді нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Өзінің кіндік қаны тамған жер, туған топырағы – Нұра өңірінің гүлденуіне бар саналы ғұмыры мен адал еңбегін арнап келе жатқан Георгий Прокоп – ел арасында қадірлі, ардақты жан. Қоғамда еліне, халқына жанашыр осындай азаматтар көбейе түссе, Отанымыздың да күн санап көркейе түсері анық.

Бикен АХМЕТОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button