Бас тақырыпМәселе

+40 градус аптап тұңғыш рет тіркеледі

Аптаның басында басталған аптап соңына дейін жалғасатын түрі бар. «Қазгидромет» РМК Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы филиалы мамандары осылай деп болжап отыр. Бүгін және ертең Қарағандыда +35-38 градус, облыстың оңтүстігінде +40 градус күтіледі. Ал, 15 шілдеден кейін ауа температурасы сәл де болса бәсеңдейді.

Синоптиктердің болжамынша, бүгін облыста ауа температурасы ыстық – күндіз +32-38, түнде +15-20 градусты көрсетеді. Оңтүстігінде +40 градусқа жетеді деп болжануда.

– Солтүстік-Батыстан келетін фронтальді аймақтардың себебінен 14-15 шілде күндері 15-20 м/сек болатын жел тұруы мүмкін. 15 шілде күні облыстың басым бөлігінде жел тұрады. Кей жерлерде ол секундына 25 метрге жетуі мүмкін. Бүгін Қарағанды қаласында шамалы жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал. Бірақ, ыстық сақталады, +35-37 градус. 15 шілдеге дейін ыстық болады, одан кейін сәл салқындайды, – дейді «Қазгидромет» РМК Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы филиалының кезекші инженері Анастасия Полянская.

Маманның айтуынша, Қарағанды қаласының басында осы уақытқа дейін +40 градус тіркелмепті. – 2005 жылы шілдеде тіркелген ең жоғары температура + 39,5, – дейді Анастасия Полянская.

– Қарағанды қаласында максимум +37-38 градус болады. + 40 градус облыстың оңтүстігі – Сарышағанда тіркелуі мүмкін. Бұл – облыста алғаш рет. Ал, Ұлытау, Жезқазған аймақтарында географиялық ерекшеліктеріне байланысты ауа райы онсыз да өте ыстық.

Ыстық ауа райы денсаулыққа қауіпті. Әсіресе, егде адамдар, жүкті әйелдер, балалар, созылмалы аурулары бар адамдарға, дәрі-дәрмек қабылдайтын адамдар мен далада жұмыс істейтін және физикалық жаттығулармен айналысатын адамдарға айтарлықтай қатер төндіруі мүмкін. Дәрігерлер осы топқа жататын адамдарға ерекше сақ болуды ескертеді.

– Күн өтуден қорғанудың ең тиімді жолы – сыртқа шықпауға тырысу. Ал, шыққан жағдайда көбірек су ішіп, ашық түсті, кең киімдер кию қажет. Мүмкіндігінше көлеңке жермен жүрген дұрыс. Тамақтанғанда да ащы тағамдардан бас тартқан жөн. Кофе, ішімдік, газдалған сусындар жүрекке салмақ түсіреді, – дейді Қарағанды қаласының №5 емханасының учаскелік дәрігері Ләйла Ибраева.

Оның айтуынша, күн өткен кезде жүрек айну немесе құсу, бастың ауыруы немесе айналуы, тыныс алу мен жүрек қағысының жиілеуі, тіпті, адамның естен тануы да мүмкін. Сондықтан дәрігер серуендеу үшін таңертеңгі 10-ға дейінгі және күндізгі 17:00-ден кейінгі уақытта шығуға кеңес береді.

Сондай-ақ, дәрігер салқындау үшін ауа баптағыштарды (кондиционер) дұрыс қолданбаудың зиянын да сөз етті.

– Қазір көпшілік көлікте де, кеңседе де, үйде де ауа баптағыштарды қолданады. Ғимарат ішіндегі ауа температурасы сырттағыдан 10 градус қана төмен болғаны дұрыс. Қатты суық қосса, иммунитет әлсіреп, суық тию, жөтел, пневмония сияқты ауруларға әкелуі мүмкін. Себебі адам ағзасы ауа температурасының күрт өзгеруіне бейімделіп үлгермейді. Жазда суық тию жағдайларының көбейетіні сондықтан.

Сонымен қатар, WhatsApp желісінде ауа температурасы +50 градусқа дейін көтерілетіні туралы ақпараттың жалған екенін де ескерген жөн. Stopfake.kz сайтындағы дерекке сенсек, хабарламада айтылған «мысық күндері» деген термин метеорологияда да, климатологияда жоқ.

«Әр 60 жыл сайын қайталанатын аптап ыстық туралы теорияға келетін болсақ, оны желіде оңай тексеруге болады. Шын мәнінде, ауа температурасының көтерілуі тұрақты әрі алпыс жыл сайын орын алмайды. Соңғы жылдары әлемде рекордтық жоғары температура жиі тіркелуде. Мәселен, 2022 жылы Еуропада, ал, 2023 жылы температураның рекордты көрсеткіштері Азия елдерінде тіркелуде. Мұның себебі – Жердегі климаттың өзгеруі» делінген хабарламада.

Қазақстанда соңғы 30 жылдағы ең ыстық күн – 29 маусым күні тіркелгенін де айта кетейік. Бұл күні Батыс Қазақстанда сынап бағанасы плюс 45,5 градусты көрсетіп, 30 жыл бұрынғы рекордты жаңартқан еді. Қазір де аптап ыстық еліміздің барлық өңірлерінде сақталып тұр. Осыған байланысты өрт шығу қаупі өзекті бола түсті.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button