Бас тақырып

Жоғары білімнің жаңалығы

«Халық тығыз орналасқан өңірлердің жастарына мақсатты гранттар бөлуге ерекше назар аудару керек. Жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру маңызды. Соңғы уақытта елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашыла бастады. Жақын арада Ресейде жетекші техникалық университеттер филиалын ашу жоспарланған. 2025 жылға дейін елімізде беделді шетел университеттерінің кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын. Бұл ретте еліміздің батысында техникалық университеттердің екі филиалы ашылуы тиіс»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Қазақстанда соңғы 5 жылда жастардың саны 470 мыңға дейін азайған. Мұның басты себебі неде? Бұған шетелге оқуға кеткен жастардың қайтып оралмауы себеп.

«Біздің университеттерде шетелде беретін білім неге жоқ?» деген сұрақ санада тұр. Оған бейжай қарауға болмас. Себебі, елімізді дамыту үшін білімді, саналы жастар ауадай қажет. Бірі қалмай, бәрі бірдей шетелге ағылса, болашағымыз не болмақ? Алаңдатқан осындай жайттардың түйіні шешілер кез келді. Мемлекет басшысы Қ.ТОҚАЕВ Қазақстандағы жоғары оқу орындарына шетелдің беделді университеттерінің 5 филиалын ашу керек деп, тапсырма берген еді. Бұл іс мықтап қолға алынды. Уақыт өзгерген сайын білім саласына жаңа реформалар жасау қажет. Қазіргі жұрттың техникаға деген сұранысы артты. Соған орай техникалық мамандықтарға баса көңіл бөлінуде. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз мәлімдемесінде айтқан еді.

«Бәріміздің білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға құмарлықтың заманы өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет», – деді Президент.

Жоғары білім саласында жоғары нәтижеге жету үшін білім қолжетімді болуы керек. Білімді, білікті жастар шетелге кеткен соң, қайтып оралмайтынын сөз еттік жоғарыда. Шетелдік білім қазақстандық университтерде берілсе, бұл – өзгерістің басы болар еді. Жастардың шетелге ағылуы да толастайды. Тағы бір мәселе – білімге деген қолжетімділік. Екінің бірі шетелге бара бермейді. Ал, сол білімді еліміздегі жоғары оқу орындарынан алса, жастардың білімге деген біржақты көзқарасы қалыптасады. Қазақстанда оқып, халықаралық деңгейдегі дипломға қол жеткізген жастардың болашақта елге қызмет етуіне мол мүмкіндігі бар.

Шетелдің беделді оқу орындарының филиалдарын ашу ісі 2021 жылдың қыркүйек айында басталды. Алматы қаласында «Де Монтфорт Лестер» (De Montfort University Leicester) Ұлыбритания университетінің филиалы жұмысын жалғастыруда. Мұнда жастар қаржы, бизнес, маркетинг, халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алады. Жуық арада бұл тізім кеңейіп, жаңа мамандықтармен толығады. Бұл университет Times World Global Subject Ranking 2021 халықаралық рейтингінде компьютерлік ғылымдар, бизнес, экономика және инженерия бойынша жетекші орындарға ие. Университет түлектерінің 97%-ы оқу бітіргеннен кейін алты ай ішінде жұмысқа орналасуға сенім білдіреді. Осылайша екі ел арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде Қазақстанда білім берудің үздік стандарттары енгізілді.Экономика саласындағы жоғары білікті мамандарды дайындауда бұл университеттің үлесі өте зор болмақ.

Дәл осындай университет филиалдарын ашу жұмыстары биыл еліміздің басқа да аймақтарында жалғасып жатыр. Атап айтқанда, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде АҚШ-тың Аризона университетінің (University of Arizona) филиалын ашу жөнінде келіссөздер жасалуда.

«Беделді шетелдік университеттердің кемінде бес филиалын ашу тапсырылды. Қазір біз Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, тағы бір Британ университетін ашу бойынша келіссөздер жасалуда, деді Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов.

Сондай-ақ, Атырау, Ақтау, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Онда қандай университеттердің филиалдары ашылатыны әлі белгісіз. Алайда студенттер оқитын бағыт белгілі. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнайлы өлке Атырауда «Мұнай-газ ісі», «Технологиялық машиналар мен жабдықтар», «Техносфералық қауіпсіздік», «Мұнай-газ химиясы» және «Геология» мамандықтары бойынша оқытады. Ал, Ақтауда «Инженерия», «Теңіз көлігі», «Мұнай-химия», «Энергетика», «IT-инженерия», «Теңіз техникасы және технологиялары» бойынша оқыту жоспарда бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз мәлімдемесінде, әсіресе, батыс аймақтарда шетел оқу орны филиалдарын ашуға көңіл бөлу қажет екенін баса айтты. Себеп белгілі.

Алматы қаласында «Ядролық физика және энергетика», «IT технология», «Электроника және наноэлектроника», «Машина жасау, аспап жасау», «Жылу энергетикасы және жылу техникасы» мамандықтары қамтылады. Нұр-сұлтанда «Инженерия және физикалық ғылымдар», «Өмір туралы ғылым», «Математикалық ғылымдар», және «IТ технология» мамандықтары бар. Байқасақ, мұның бәрі – техникалық мамандықтар. Замананың көшіне ілесу үшін техникаға басымдық берілгені орынды.

Ал, Шымкентте М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде химия және информатика бағыттары бойынша Америкалық және Оңтүстік Кореялық университеттердің филиалдары ашылады. Мұнан да бітіруші түлектер Халықаралық деңгейдегі диплом алып шығады. Оқу бітірген соң, олардың жұмысқа орналасуында ешқандай қиындық туындамайды.

Мемлекет білім сапасын дамытуға айтарлықтай көңіл бөлуде. Жоғары білім саласында жасалған оң өзгерістер жастардың сапалы білім алуына жағдай жасайды.

Бұл еліміздің дамуына жасалған зор қадамның бірі болмақ.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button