Жаңалықтар

«Әкімдер сырттан бақыламасын»

Қар көбесі сөгілгенде өзен-көлге, су қоймаларына жақын орналасқан ағайын алаң күй кешері хақ. «Қарғын қай тұсымыздан тап береді?» деген беймаза тірлік кейінгі жылдары көбейгені де рас . Су тасқынына сақадай саймыз ба? Облыс әкімдігінде өткен комиссия отырысында осы мәселе қаузалды. Құзырлы органдар тілсіз жаудан сақтануда қандай әрекет жасалатынын мәлім етті. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК әкімдердің сырттан ғана бақылап қоймай, белсенді атсалысу керектігін қадап айтты.

Негізі, облыс аумағында жағдай – тұрақты. Өзендер қысқы режимде, олардың бассейндерінде судың төмен деңгейі және судың аздығы байқалады. Шағын өзендерде су ағысының болмауы және түбіне дейін қатуы байқалады. Тұрғын үйлерді су басу жағдайлары әзірге тіркелмеген.

Көктемгі тасқынға тас-түйін дайындық мақсатында төтенше жағдайлар департаменті қарды қопсыту жұмыстарын бастады. Бүгінгі күні Нұра өзенінің Ботақара кентіндегі, Петровка, Жастілек және Бірінші Мамыр ауылында төрт учаскеде жұмыстар жүргізілді.
Қарағанды облысы бойынша «Қазгидромет» филиалының хабарлауынша, барлық тоған қысқы режимде. Өзен бассейндеріндегі су қоры нормадан 28%-ға төмен. Сонымен қатар, өңірде 1-14 наурыз аралығында 15 милиметр қар жауды. Бұл айлық норманың 100% құрайды. 21 наурыздан бастап, қардың соңғы өлшемі өткізіледі екен.
– Облыс аумағының 68%-ы бүгінгі күні қар жамылған. Облыстың солтүстік-шығыс және оңтүстік шекараларында жер қарая бастады. «Қазгидромет» Нұра, Шерубай-Нұра, Сарысу, Кеңгір, Тоқырауын өзенінің бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мәннен 10-45%-ға төмен екенін хабарлайды. Самарқанд және Ынтымақ су қоймасынан су жіберілуде, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов
Биыл да жолға ерекше назар аударылды. 320 көпір мен 3673 су өткізу құбыры тазартылды. Республикалық маңызы бар тас жолдарда су өткізетін құбырлар толығымен әзір. Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 69-ында су тасқыны қаупі бар учаскелері бақылауға алыныпты.
Сонымен қатар, отырыс барысында материалдық-техникалық құралдар мен инертті материалдар қорының әзірлігі де пысықталды. Төтенше жағдайлар департаментінде 80-нен астам арнайы, өтімділігі жоғары және инженерлік техника, соның ішінде, халықты тасымалдау және эвакуациялау үшін батпақ-жол талғамайтын көліктер, жүзу құралдары, мотопомпалар дайын тұр. Қауіпті өңірлерде жеке құрам гидрокостюмдермен жабдықталған.

Су тасқыны туралы ескерту кезінде тұрғындардың іс-әрекеттері де маңызды. Атап айтқанда, суды, газды, электр қуатын, пештегі оты сөндіру керек.Терезе мен есікті жабыңыз, қажет болған жағдайда бірінші қабаттардың терезесі мен есіктерін тақтаймен немесе фанермен жауып тастаңыз. Эвакуацияны бастау туралы сигнал алғаннан кейін тез арада жиналу керек. Негізгі алатын заттар – құжат, дәрі-дәрмек, киім-кешек. Сонымен қатар, бірнеше күнге жететін азық-түлікпен қамтамасыз етілу тиіс, – дейді Мұрат Қатпанов.
Аймақ басшысы барынша дайындықты қамтамасыз ету қажеттігін тағы да еске салды. Халықтың көлік қатынасымен мәселесі туындамасы үшін автожолдарды ерекше бақылауға алу және кент жолдарының дайындығын мұқият тексеруді тапсырды. Жеңіс Махмұдұлы әкімдерді сырттан ғана бақылап қоймай, белсенді атсалысуға шақырды.

Су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуі – бұл қала мен аудан әкімдерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың тікелей жауапкершілігінде. Жұмыс жүйелі болуы тиіс, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button