Руханият

Алаш аспанында – Қасым рухы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» атты республикалық Х дәстүрлі Қасым АМАНЖОЛОВ оқулары қазақ және орыс тілінде өтті. Шара алғаш рет онлайн форматта ұйымдастырылды. Айтулы додаға Алматы қаласы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарынан 16 мен 25 жас аралығында 30- дан астам үміткер қатысты.

Биылғы байқау «Қасым жырларын жатқа оқу» аталымы бойынша өткізілді.

– Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың рухты жырлары жастарды патриоттыққа тәрбиелейді. Өскелең ұрпақты ұлттық поэзияның озық үлгілеріне баулу – парыз. Осы міндетті орындауда дәстүрлі Қасым оқуларының көмегі мол. Қатысушыларға шексіз алғыс айтамын, – деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов құттықтау сөзінде.

Онлайн түрде өткен шараны жазушы Алмаз Мырзахмет тізгіндеп, еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан жастарға сайыстың шарттарын түсіндірді. Байқау алфавит бойынша басталып, өлең оқып отырып үш рет мүдіргені тоқтатылды. Жаттаған өлең санына байланысты әр жырдың басы, ортасы және соңынан сұралды. Қатысушылар да өз қырағылықтарын танытты.

Сайыс қорытындысы бойынша ынтыландыру сыйлығы Шет ауданы, Киікті ауылынан қатысқан Нұртай Ерсұлтан мен Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Мұхит ауылының қатысушысы Бақыт Әлбинаға бұйырды.

Ал, жүлделі III орынға Алматы қаласынан Дәулет Айару мен Қарағанды қаласынан Аяулым Малғаждар ие болды. II орынды қарағандылық Іңкәр Алтаева иеленсе, I орынды Қарағанды қаласының намысын қорғаған Аида Қуандық жеңіп алды.

Қасым ақынның 84 өлеңін мүдірмей, қатесіз жатқа оқыған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, филология факультеті журналистика бөлімінің ІІ курс студенті теміртаулық Ақзия Оразалиева Бас жүлдені қанжығалады.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған талапты да талантты жастар арнайы диплом және ақшалай сыйлықпен мара патталды.

– 120-130 өлең жаттаған қатысушылар да болды. Ал, Ақзия 84 өлең жатқа білсе де, кез келгенін оңынан да, терісінен де нақышына келтіріп, сайыс талабына сай оқып бере алды. Құлаққа жағымды дауыс мәнері бәрімізді таң қалдырды. Сондықтан, Бас жүлдеге Ақзияны лайық деп таптық» – деді қазылар алқасының мүшесі Танакөз Толқынқызы.

Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, ақын Танакөз Толқынқызы биылғы Қасым оқуларына арнайы шақыртылды. Осыған дейін Ақберен Елгезек, Мейірхан Ақдәулет, Дәулеткерей Кәпұлы сынды белгілі ақындар қазылық еткен.

Биыл қазылар алқасының төрағасы – Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының төрағасы Серік Сағынтай болса, К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрының басшысы Дунай Еспаев, Гоголь кітапханасының өлкетану әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Орынбайқызы және Қарқаралы ауданы, Талды ауылындағы №19 орта мектептің директоры Марат Оспанқұлов әділ шешім шығаруға атсалысты.

Сонымен қатар, жеңімпаздарды марапаттау салтанатында Қасым оқулары аясында жарық көретін «Qasym» сериясының 3 кітабының тұсауы кесілді. Тұсау кесу мәртебесіне Қарағанды университетінің оқытушысы, әдебиетші ғалым Саржан Такиров пен облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов ие болды. Кітапқа Қасым туралы аймақ қаламгерлері мен ғалымдарының іріктелген зерттеу, ғылыми-танымдық мақалалары енгізілген. Алғашқы кітабына Ғафу Қайырбековтен бастап жас толқынға дейінгі Қасымға арналған жырлар топтастырылса, екінші кітапқа дауылпаз ақынның замандастарының ең іргелі естеліктері мен зерттеу мақалалары енгізілген. Сонымен қатар, 2 кітаптан бастап, кітаптың соңғы жағына қасымтануға келген жас ізденушілерге енгізіле бастаған анықтамалыққа Қасым шығармашылығы туралы мерзімді баспасөзде 1960-2020 жылдар аралығындағы жарияланған материалдардың толық тізімі берілсе, 3 кітапқа Қасым Аманжоловтың 1950-2020 жылдар аралығында жарық көрген кітаптарының тізімі ұсынылды. Бұл осы байқаудың нәтижесі ретінде қасымтану ғылымына қосылған зор үлес екені анық.

Кітап Алмаз Мырзахметтің «MAGZHAN» баспасында беттеліп, жарыққа шықты. Құрастырып, баспаға дайындаушы да Алмаздың өзі.

Осыған дейінгі Қасым оқуларында «Қасым әндерін орындау» аталымы бойынша жеңімпаз атанған әнші Саян Бөдесов шарада ақын әндерін әуелетіп, кештің көрігін қыздырды.

Осы бастаманың басы-қасында мәдениетіміздің қызғыш құсындай болған, Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхана директоры Дина Аманжолова Қасым оқуларының жылдан-жалға деңгейі көтеріліп келе жатқанына өте қуанышты екенін және әрі қарай тың идеямен дәстүрлі түрде жалғасатынын айтады. Ал, байқауға төрағалық еткен жазушы Серік Сағынтай жыл сайын байқауға қатысушылардың саны өсіп келе жатқанын айтады. «Былтырғы қатысқандардың биыл жаңадан Қасымның қанша өлеңін жаттағанын білдік. Кейбір техникалық ақауларға қарамастан, еліміздің әр аймағынан кітапханашылар бақылап отырды. Сайыс өз деңгейінде өтті. Мұндай байқаудың өтуі осындай күрделі кезеңде ауадай қажет» деді ол.

Тартысқа толы байқау осылайша Алаш аспанында Қасым рухын тағы бір мәрте асқақтатты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button