Жаңалықтар

Жемқорлықтың алдын алу – басты міндет

Биылғы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша жемқорлық сипатында тіркелген қылмыстық істерден 2 млрд. 234 млн. теңге залал сомасы анықталып, оның 2 млрд. 207 млн. теңгесі өтелген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Асхат ОРАЗХАН Қарағандыдағы «Antikor» орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Жиында 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында атқарылған жұмыстар мен заңбұзушылықтар туралы қорытынды мәліметтер ортаға салынды. Орын алған жемқорлық әрекеттер тілге тиек етіліп, туындау себептері талқыланды.

– Бірінші жартыжылдықта 57 сыбайлас жемқорлық анықталды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда қылмыстың азайғанын көрсетеді. Мәселен, 2017 жылы – 72, 2018-2019 жылдары – 50 азамат жауапқа тартылса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 10 азамат сотталды. Бұл ретте, жылдан жылға мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлық жүйесіне қатысуын қадағалаудың күшейгенін атап өткен жөн. Мемлекеттік мекеме басшыларының қылмысқа баруы 2018 жылы 20 жағдайды құраса, 2019 жылы 17-ге тең. Ал, биыл бірінші жартыжылдықта 16 басшы әшкереленді, – деді Асхат Оразханұлы.
Мамандардың айтуынша, жемқорлық әрекеттері көбіне қоғамдық тәртіпті сақтау саласы мен білім беру және денсаулық сақтау салаларында кездеседі. «Қазір қоғамда мәдени сауаттылық деңгейі біршама төмендеген. Әр адам күнде айнаға қарап, өзінің жақсы істерін санап, есеп алса, жемқорлыққа бармас еді» дейді облыстық арнайы мониторингтік топ басшысы Ермек Әбілдин.

Бірінші жартыжылдықта департамент сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіпті. Талдау нәтижесінде 51 ұсыныс енгізіліп, оның 20-сы орындалған.

Қаражаттың тиімсіз жұмсалуын қадағалау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар-жоғын анықтау мақсатында «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталы арқылы департамент биылғы жылдың ақпан айынан мемлекеттік сатып алулар жүйесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізуде. Нәтижесінде, 6 айда бюджеттік бағдарламалар бойынша жоспарланған мемлекеттік сатып алулардағы жекелеген тапсырыс берушілердің бағаларды тым көтеру фактілері анықталып, 270 000 000 теңге шамасында мемлекет қаржысы үнемделген. Негізгі үнемдеу – автокөлік, компьютер, жиһаз және мерекелік іс-шараларды өткізуге жұмсалатын қаражат бағаларын төмендету барысында орын алған.

Жемқорлықтың алдын алу мақсатында жемісті жұмыс істеп келе жатқан «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі шеңберінде қазір 60 опенспейс және фронт-офистер, 14 сервистік әкімдіктер (қалаларда, аудандарда) ашылған.

Жобалық кеңсенің үйлестірушісі Олжас Бұрхановтың айтуынша, жобалық кеңсе өкілдері облыс әкімдігі жариялаған және COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі облыстық жедел штабтың жұмыс органы белгілеген жедел әрекет ету орталығы жанындағы карантин режимін сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың құрамына да енгізілген. «Бүгінде 19 мониторинг жүргізіліп, қалалар мен аудандардағы, облыс орталығындағы мониторингтік жұмыс топтары 333 дәріхана, 9 фармацевтикалық қойма және 29 аурухананы тексерді.

Нәтижесінде 46 материал тіркеліп, 19 әкімшілік хаттама толтырған» деді Олжас Айдарұлы.
Ал, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб басшысы Бекзат Алтынбеков «Азаматтар жемқорлыққа өз құқығы мен заңнама талаптарын білмеудің кесірінен ұрынуда» дейді. «Еліміздің қолданыстағы Заңдары өзге дамыған елдер тарапынан жоғары баға алған. Соны дұрыс түсініп, оң пайдалансақ, қылмыс болмас еді. Оның үстіне, кейбір басшылар адал қызмет етіп, ауқатты өмір сүрудің орнына асығыстық жасап, қылмысқа барып жатады. Сондықтан, жемқорлықтың алдын алу жұмыстарына көбірек мән берудеміз» деді ол.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button