Руханият

Доскей Әлімбайұлы және айтыс өнері

Биыл халық ақыны Доскей ӘЛІМБАЙҰЛЫНЫҢ туғанына 170 жыл толып отыр. Ол өз заманында талай игі жақсылармен иық тірестіре, үзеңгі қағыстыра жүріп, соңына өшпес мұра қалдырған дарын иесі. Доскей ақынның суырып-салмалығы мен азаматтық болмысы жайлы ел арасында түрлі аңыздар да бар. Ол жөнінде жазылып та жүр. Табиғи таланты арқылы ол өз дәуірінің ең көрнекті тұлғаларымен жүздесіп, пікірлесіп, сөз қағыстырды. Талай мәрте от ауызды, орақ тілді ақындармен айтысып, тапқырлығы мен айтқыштығының арқасында оқ бойы озық келгенін білеміз. Ақынның биылғы мерейтойына орай, жерлесіміз, доскейтанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Оразбек МАҚСҰТҰЛЫНЫҢ «Арқа ақыны» атты әдеби-ғылыми зерттеу сараптама еңбегі жарыққа шықты. Кітапта ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жан-жақты зерттелген. Оның азаматтық, ақындық қалыптасу жолдары сарапталған. Ендеше, автордың зерттеу кітабына енген Доскей ақын жайлы жазылған осы бір тұщымды мақаласын бірге оқиық, ардақты оқырман…

РЕДАКЦИЯДАН.

Айтыс – қазақтың ежелден сөз жарысы, өнер бәсекесі ұғымында қолданылып келген байырғы төл сөзі.

Айтыс өзінің баурағыш, тартымдылық сипаттары арқылы халықтың ең сүйкімді жанрына айналған. Арғы түбі сонау көне дәуірлердегі хормен топталып айтылатын «Жар-жар», «Бәдік» жырларынан бастау алып, сөз да­муында қайымдасу мен қағысудың сан қилы белестерінен өткен бұл өнердің көне түрі кейінірек арқалы ақындар айтысына келіп ұласты. Қыз бен жігіт айтыстары «қайымдасу», топтасып айтудан шығып, жеке арнамен дамуға жол салды. Бұлардың бәрінің бастау көзі үйлену салтымен, әртүрлі діни сенімдерді орындауға сәйкес туған тұрмыс-салт жырларымен терең астасып жатады.

С.Мұқанов өз зерттеулерінде қазақ айтыстарын әдет-ғұрып айтысы, жұмбақ айтысы, қайымдасу айтысы, дін айтысы, ақындар айтысы деп топтастырады. Орта мектепке арналған оқу құралында Қ.Жұмалиев болса, бәдік айтысы, жар-жар айтысы, мал мен адамның айтысы, өлі мен тірінің айтысы, жұмбақ айтыс, салт айтыс, қыз бен жігіт айтысы, ру айтысы, осы күнгі айтыстар деп жетіге бөледі.

Өткен ғасырда Жанақ, Сабырбай, Шөже, Сүйінбай сияқты ғажайып ақындар болған.

Ендеше, Доскей Әлімбайұлы да осындай топ жарған дүлдүл, айтыс өнерінің биігіне шыққан айтыс ақындарының ізін басып, өнерін жалғастырған біртуар, шоқтығы биік, сегіз қырлы, бір сырлы айтыс ақыны, дарабоз жүйрігі екендігіне халық куә және тарихи шындық екені дау тудырмайды.

Доскей ақын жайлы С.Мұқанов: «Егер Доскейді қазақтың ауыз әдебиетінен өсті, осымен үнемі байланысты болып келеді десек, біз еш уақытта қателеспеген боламыз. Күш-қуаты толық қазақтың басқа ірі ақындары сықылды Доскей де «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» тағы басқа батырлар жырын көп білген» – дейді. Жазушы Доскей ақынмен жүздесіп, әңгімелескен. Бертініректе Ағыбай, Бұқарбай, Жанайдар, Бұғыбай батырлар туралы аңыз-әңгіме, өлең-жырларды ақынның айтуында тыңдаған, тіпті, Доскей халықтың тұрмыс-салт жырларын, ертегілерді, мақал-мәтелдерді, жұмбақ пен жаңылтпашты, айтыстарды да көп білген. Доскейдің айтуынан жазылып қалған Кенесары, Ағыбай жорықтары туралы әңгіме, Ақдана қыз бен Асанның айтысы бар. Доскей Әлімбайұлының «Жетім бала мен жебір уәзір», «Бақыт іздеген тазша» сияқты ертегілері, «Қажымұқан», «Кенесары» секілді көлемді жырлары халық ауыз әдебиеті үлгісінде жазылған көркем туындылар. Доскей – қазақтың ұғымындағы нағыз суырып салма додасында шынығып, табан астында сөз маржанын ақтарып тастауға дағдыланған мектебі – айтыс өнері.

Доскей мұрасын жинастырған ақын Қ.Бекқожин «Толғау» жинағының (1941) алғы сөзінде: «Доскей – махаббат жұмбағымен де көп айналысты, сұлулық жырларын да шертті, он саусағынан алуан-алуан күй, аузынан әсерлі ән төгілген ақын болды», – деп баға береді.

Қазақ даласына орыс патшасы Николай ІІ келгенде, ұлықтар патша алдында өнер көрсету үшін әншіден – Ақан серіні, ақыннан Доскейді алдырады. Сол кезде, Доскей тіл мен жағын сауып, патшаны мақтамай, керісінше, оған қанаудағы елдің хал-жағдайын айтып, әділетсіздігі мен озбырлығын бетіне басқан екен. Осыдан-ақ, Доскейдің қанжардай өткір, қайсар ақын болғандығын көреміз.

Доскей ақын – Қуандық руының Байдәулет атасынан тарайды. Әкесі – Әлімбай мен Бейсенбай бірге туады.

Доскей Әлімбайұлы – 1850 жылдың 23 шілдесінде (О.Құдышев марқұмның мәліметі бойынша) Сораң деген жерде, Әлімбай есімді жалшының шаңырағында дүниеге келген. (Қазіргі Саран қаласы).

Әкесі – Әлімбай мен шешесі – Үндемес сол маңайды билеген Қоңыр деген байдың жалшысы екен. Доскей 5 жасқа шыққанда, әкесі қайтыс болып, шешесі ұлдары Доскей мен Досмағамбетті құшақтап, жесір қалады. Қоңыр бай бұларға бұрынғыдан да бетер күн көрсетпей, сүлікше сорады. Әлімбайдың немере туысы – Барғана Үндеместі әмеңгерлік жолмен әйел үстіне алмақшы болады. Алайда, Үндемес келісім бермей жүргенде, Тінәлі елінің болысы – Айдапкел Қараөткелде тұратын Дуанбасы – Ыбыраймен бірігіп, өзінің молдасына Үндеместі алып береді. Емшектегі баласын алып, 7 жасар Доскейді тастап, Үндемес зарлап кете барады.

Доскей әкеден өлі, шешеден тірі айырылып, Барғананың қолында қалады. Барғананың әйелі – Төлебике өте қатал, қабағынан қар жауған, тасбауыр кісі екен. Доскей отымен кіріп, күлімен шығып жүріп, зар-наласын, қорлық-қасіретін, өксік-өкінішін, арман-қиялын сыртқа шығарғысы келеді. Сөйтіп, домбыра мен сырнайға әуестенеді, іштегі сезім күйлерін ән арқылы сездіруге ұмтылады. Өгей шешесі Доскейдің әніне жиіркенішпен қарап, домбырасын сындырып тастайды. Сонда Доскей:

«Жетімдерде үн бар ма,

Сөйлейтұғын тіл бар ма?

Осы қу бас, кәрі иттен,

Құтылатын күн бар ма? – деп зар-мұңын шығады екен.

Доскей ақын жайлы ғылыми-зерттеу мақала жазар алдында, ол туралы мақалаларды оқып, кітаптарын парақтап шықтым. Сонда байқағаным, оның жалындаған жастық шағында тарихта аты қалған, қазақ халқының айтулы, атақты көптеген айтыскер ақындарымен, сал-серілерімен, әншілерімен кездесіп, солармен айтысқа түскені тарихи шындық. Алайда, оның көптеген шығармалары, айтыстары ақ қағаз бетіне түспей қалғаны өкінішті-ақ…

Ақынның айтыс шеберлігімен қоса, оның жезтаңдай әнші, көптеген батырлар жыры мен дастандарды жатқа айтқан жыршы, дарынды композитор болғаны белгілі. Сонда, бір адамның бойында қаншама өнер түрлерінің болуы, оның таңғажайып дарынды екендігін, өнер жағынан жан-жақты болғанын паш етеді. Бұл өнер адамдарының ішінде кездесетін сирек құбылыс және табиғи талант. Бірақ, Доскейдің әншілігі, жыршылығы мен композиторлық мол мұрасы әлі күнге дейін толық зерттелген жоқ. Менің ғылыми мақаламның негізгі бағыты – ақынның айтыскерлік қырын ашу болғандықтан, осы жағына басымдық беремін.

Доскей Әлімбайұлының айтыс өнеріне қосқан асыл-өнер мұрасын бірнеше кезеңдерге бөліп, қарастыруға болады:

1) 1865-1900 жылдар аралығы, Ақынның қазақ ауыз әдебиетінің әдеби мол мұраларын, шығармаларын оқып, айтыскер ақын ретінде қалыптасып, толысып кемелденген шағы; Оның сол жылдардағы жазған көптеген туындылары, айтыстары ақ қағаз бетіне түспеген;

2) 1900-1930 жылдар, революциялық өзгерістер, дүмпулер кезеңі;

3) 1930-1940 жылдар, аштық және Алаш қайраткерлерінің репрессияға ұшыраған жылдары;

4) 1940-1945 жылдар, соғыс уақытындағы айтыстары; (Доскей Әлімбайұлы 1946 жылы, 2 қазанда, 96 жасында қайтыс болған).

5) 1950-1960 жылдар аралығы, Доскей ақынның «Кенесары» дастаны үшін Кеңес үкіметіне қарсы адам ретінде бағаланып, оның мұраларының қудалауға ұшырауына себепші болды.

Доскей – Шашубай, Нартай, Нүрпейіс, Жамбыл, Естай, Тайжан, Төлеу, Саяділ, Сапарғали, Қайып, Маясар, Илияс, Қуат, Кенен, Жолдыкей тәрізді жыр сүлейлерімен қатар өмір сүрген, олардың талайымен айтысқа түскен майталман.

1940 жылдың мамырында Доскейдің 90 жасқа толуын және шығармашылық еңбегінің 75 жылдығын бүкіл республика жұртшылығы мерекеледі.

Бұрынғы Киров атындағы көше 50-ші жылдардың басына дейін Доскей есімімен аталып келді. Тіпті, сол көшенің басынан арнайы үй салынып, қарт ақын біраз жыл ғұмырын сол құжырада өткізген болатын.

С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, өнердің Қарағандыдағы қара шаңырағы да сонау соғыстан кейінгі жылдары Доскей есімін иеленгенін біреу білсе, біреу білмес.

Ал, арада 5-6 жыл өтпей жатып, халық ақынының қадірлі есімін жойып жіберу үшін науқан жүргізілуінің себебін қалай түсінеміз?..

Сонда, Қазан төңкерісінің жеңістерін, оның көсемдерінің «көрегендіктерін», «халықтар достығы мен кеңестік патриотизмді» шабыттана жырлаған Доскей есімін сонша қуғын – сүргінге ұшырататындай, қартыңды қабірінде тыныш жатқызбайтындай ол соншама не жазыпты?

Доскей ақынның шығармашылығына зер сала қарасақ, жоғарыдағы сауалдың жауабын табамыз. Отаршылдыққа жаны қас екен қартыңның. Орыс отаршыларына қарсы жүргізілген ұлт-заттық күрестің көсемі – Кенесары мен оның батыр інісі Наурызбайдың ерлігін ғұмыр бойы жырлапты. Сондықтан да, 50-ші жылдың басында «қазақ ұлтшылдығы» туралы шу көтерілгенде «феодолизм мен хандық құрылымды аңсаған» сұлтандар жайлы дастанның авторы «сырттай жер аударылыпты».

– Доскейдің соңында қалған үш белгісі бар еді, – дейді Мәпішкен апай. Ол – фотоальбомдар, домбыра және портреті.

Альбомды Қазақстан ғылым академиясының Қаскебай Жұмағұлов деген қызметкері сұрап алып, академияның қорына өткізіпті.

«Кенесары», «Тоқа батыр», «Иман мағзам», «Қажымұқан» сияқты дастандар қалдырған.

1990-2015 жылдар аралығы, Қазақ елінің өзінің дербес ел екенін жариялап, Тәуелсіз мемлекет болуына байланысты, Доскей ақынның шығармаларын, айтысын, өнерін зерттеуге кең жол ашылды.

Ақын жас кезінде қиыншылықты көп көрсе де, өнерге, ақындыққа құштар болып өседі. Оның ақын болып қалыптасып, өнер жолына түсуіне сол замандағы өзін қоршаған өнерлі ортадағы ақындардың, әншілердің, жыршылардың, күйшілердің, сал-серілердің өнерлі өмір жолы қатты әсер етсе керек. Бір жағынан, ол кішкентай кезінен қазақтың ертегілерін, фольклорын, шешендік сөздерін, мақал-мәтелдерін, халық ауыз әдебиетіндегі батырлар жырын, «Ғашық нәмені», қисса-дастандарды оқып, жаттап, оларды зердесіне біртіндеп тоқи берді, ой-өрісі, танымы дами берді.

Қолына киелі домбыра ұстап, сөз құдіретін танитын, білетін өнер адамы, ақын болып, сал-серілік жолға түскісі келді. «Талапты ерге нұр жауады» демекші, өзі өнер қуып, жастық шақтың күш-қуаты, шабыты бойына симай, қыран бүркіттей екі қанатын қомдап, отты, жігерлі көздерінен жалын шашып, ел танитын ақын, сал-сері болсам» – деп армандап жүргенде Қуандық елінің Жауғаш атты ақынына жолығып, оны өзіне өнер жолындағы алғашқы ұстазы санайды. Оған өлең де шығарған.

Мен Жауғаштан үйрендім өлең басып,

Сөзіне еріп кетті ықыласым.

Дауысым отарбадан кем емес еді,

Он үшке кәміл толған менің жасым, – деп жырлайды.

Өнер жолына түскен қандай ақын болмасын, оның тілге тиек ететіні жігіт пен қызға тән мөлдір махаббат. Өмір дегеніміз – махаббат, махаббат дегеніміз – өмір. Ақындықтың бастауы, қайнар көзі, арқауы, өнері, сүйенері, жырлайтын биік шыңы – мөлдір сезім, пәк махаббат, ару қыз. Доскейдің жігіттігі 13 жасында оянып, ақындық дарыны, қарым қабілеті ерте ашылып, сұлу қыздарға көп ғашық болған өнер иесі.

Мысалы:

Жігіттер, сөз бастайын «Жалтармадан»,

Мұны ешкім менен басқа айта алмаған.

Қосылтып домбыраға шырқағанда,

Сұлулар талай-талай жаутаңдаған.

***

Аулына Қазыбектің барып қондық,

Бір бала жолдас болды Орынборлық.

Айқасып қалқатаймен жатқан күні,

Қалдырдым алтын сағат мың бір сомдық.

***

Көрінді одан әрі сәнді сарай,

Көруге оны ғашық жұрттың бәрі-ай.

Есігін сегіз жерден құлыптапты,

Кірерміз соған қалай, уа, дариға-ай!

Иә, жоғарыда айтылған өлең жолдарынан, қазақ тілінің құдіреттілігі, оюдан өрнек салған сөз тізбектері, ана тіліміздің гауһар, жаһұт тастары аспандағы алтын күндей жарқырап көрінеді.

Доскей Әлімбайұлы ақындық өнер жолында небір дүлдүл ақындармен, сал-серілермен кездескен. Соның бірі 1867 жылы 17 жасында бір тойда Біржан салмен танысады. Сонда Біржан сал Доскейдің өнерін жоғары бағалап: «Көмейің кең, тілің мірдің оғындай екен. Әр сөзің мың ділдәлық болсын» – деп батасын беріп, қасиетті домбырасын сыйлайды. Сол кездесуден кейін, Доскейдің басына бақыт құсы қонып, өнер жолындағы тасы өрге домалай бастайды.

1878 жылы, 28 жасында Ақмола, Есіл бойындағы Қоңырадыр деген жерде Жаяу Мұсамен кездеседі. Сонда ақын Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін, басқа да әндерін тыңдап, ән құдіретіне бас иеді:

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,

Қалмайды кімдер жаяу, зорлық қылса.

Аттыдан жаяу жүріп, кек аламын,

Жігіттер шамаң келсе, маған ұқса…

Жаяу Мұсаның шабытпен, жігермен салған асқақ әні, көк аспанның биігіне көтеріліп, Доскейдің жүрегін тербейді. Жаяу Мұса ән салып болғаннан кейін, Доскейге қарап: «Шырағым, өміріңде байға жалынышты болма, өткір бол. Екпінің жер жарып, тасты тілетін болсын» – деп ақ батасын береді.

Доскей ақын орда бұзар 30 жасқа келгенде, айтыскерлік шеберлігі биік дәрежеге көтеріледі. Оның қарым-қабілетін, Алла тағала берген ақындығын, жыршылығын, әншілік өнерін Алты Алаш жұрты жоғары бағалайды. 30 жас – адамның жалындап, лапылдап тұратын шағы. Бұл жаста Доскей ақынның өнері, шабыты, айтыскерлігі, аузынан шыққан жыр тасқыны биік таудан аққан тасқын судай ағады, гүрілдейді, дүрілдейді. Ол әр сөздің қадір-қасиетін, сырын жақсы түсінеді. Әр сөздің орасан зор энергетикалық, физикалық, табиғи күш-қуатын пайымдайды. Әр ақынмен кездескенде, қай сөзді қай жерде қолдану керектігін, тәртібін, әр сөздің астарлы, тылсым құпиясын, механизмін өте шебер меңгереді.

Мына жыр жолдары Доскей ақынның ақындық шеберлігін айқындап тұрғандай:

Жыр қуған он бес жастан Доскей едім,

Арқаның адыры емес, төскейі едім.

Сөйлесем алқа-қотан, шаршы топта,

Шұбалған шалқар құлаш көштей едім…

Доскей Әлімбайұлының Үкілі Ыбырай және Ажар ақынмен сөз қағыстырған айтыстары ғана сақталған. Ал, басқа көптеген ақындармен кездесіп, айтысқандары қағаз бетіне түспеген. Доскей мен Ыбырай айтысы.

Доскей:

Уа, інішек, жүрмісің есен-аман,

Сені тақ-тақ жаратқан хақ тағалам?

Қай ру, қай нәсілден боласың сен,

Әуелі соларыңды айтшы маған.

Ыбырай:

Төрт момындап келгенде, қалың шорман,

Елім бай, шалқып жатқан көлден молмын.

Келген бұлт төбесінде қақ айырылған,

Атығай, Қарауылдай егіз елмін.

Доскей:

Інішек, сөз сөйлейсің әрбір тұстан,

Шын айран көз екенсің қолды қысқан.

«Қоян» деген жымыстан жұт болып еді.

Жаным-ай, елің қалай биыл қыстан?

Ыбырай:

Нәпсіге артық шешпейік ұзын бауды,

Ойға алып, тоқтайық нәпсі жауды.

Жалпы елдің іргесі аман қалып,

Жұт болды әр жерінен ала жаулы.

Доскей:

Осылай мақтандың ба, Ыбырайым?

Бізді тақ-тақ жаратты бір Құдайым.

Тұяқты, жерді басқан малды айтсаңшы,

Тасыңды жерде жатқан не қылайын?

Ыбырай:

Ыбырай қарауылдан нәсіл еді,

Өлең айтсам мұратым қасыл еді.

Атқа балап алушы ең алтын жүзік.

Ол тас емей, атаңның басы ма еді?

Доскей:

Ой, шырақ, өлеңшіге ұнау керек,

Ағасынның сөзіне шыдау керек.

Келмей жатып бетімнен тырналама,

Әдеппен ел-жұрт жайын сұрау керек.

Доскей мен Ажардың айтысы:

Доскей:

Мінеді патша болған алтын таққа,

Кім таласар жазмышты берген баққа?

Қолында екі шекті қу қарағай,

Барасыз, Ажар апай, қайсы жаққа?

Ажар:

Жүйрікке жете алмайды аты шабан,

Біреуге олай, біреуге былай заман.

Мен сорлының көретін көзі бар ма,

Замандасым, жүрсің бе өзің де аман?

Доскей:

Өзіңе жолдас болып, ерер ме едім,

Арасын ақ қорының көрер ме едім.

Балаңды еріп барып үйден көрсем,

Ат-шапан айыбына берер ме едің?

Ажар:

Бір байқап кетіп едім манағыда-ай,

Ешкімді кетіп едім пана қылмай.

Бекайдар – атаң ірі, наркескенім,

Бақ қонған он бесіңнен, қарағым-ай.

Доскей:

Аруағы Қуандықтың кетті басып,

Әр жерде сөз сөйлеймін, өнер шашып.

Соңынан бір төбетін ертіп алып,

Жөнелді, жеңілген соң, қаншық қашып.

Мұнан кейін Ажар ақын өзінің Доскейден жеңілгенін мойындап, қолын алып, ат-шапан айыбын төлейді.

Доскей Әлімбайұлының айтыстарынан байқағанымыз оның суырып салмалық, тез арада ұтымды сөзді тауып айтатын импровизациялық қарымқабілетінің ұшқырлығы, жылдамдығы және сөздік қорындағы тіл байлығының шұрайлығы, сөз екпінінің күштілігі. Ақынның айтыс кезіндегі дәл тауып айтылған тұщымды жауабы, әр сөзінің салмағы мың тоннаға жетерліктей екені даусыз. Доскей ақын, қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін жақсы білген. Ой-өрісі өте кең, энциклопедиялық білім жинақтаған айтыскер ақын екені ақиқат. Ол әр сөзге мән беріп, ол сөздің қадір-қасиетін терең түсініп, сөздің астарына үңіліп, қай сөзді қай жерде қолдану керектігін өте жақсы меңгерген айтыс ақыны. Оның айтыс кезінде айтылған әр сөзінде, жыр жолдарында, өлең шумақтарында үлкен философиялық ой, тәлім-тәрбие жатыр. Ақынның келешек ұрпаққа қалдырған ақындық өнер мұрасы, шығармалары бүгінгі ХХІ-ші ғасырдың өзінде де өте өзекті болып отыр. Жылдан-жыл, ғасырдан-ғасыр өткен сайын Доскей ақынның жазған дастандары, айтыстары, шығармалары жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқара берері сөзсіз.

Өйткені, Доскей Әлімбайұлы – топжарған ақын, айыр көмей шешен, жезтаңдай әнші, дарынды композитор.

1939 жылы Д.Әлімбайұлына Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Жарлығы бойынша: «Қазақ халқының шығармашылығын өркендету ісіне озат еңбек сіңіргені үшін», «Қазақ ССР өнеріне еңбек сіңірген қайраткері» атағы, 1940 жылы «Құрмет белгісі» ордені табысталды.

Д.Әлімбайұлы есімімен Қарағандыда көше, жатқан жері – Бұқар жырау ауданында Доскей ауылы бар.

Доскей ақынның 140, 150, 160 жылдық мерейтойлары – Доскей ауылында тойланып, ақынның мерейтойына байланысты ақындар айтысы өткізілді. Бірақ, бір әттегені, Алаш жұртына атағы шыққан ақынның мерейтойлары ауылдық деңгейде ғана атап өткізілгені көңілге кірбің ұялатады. Әлі күнге дейін, «ауылдағы Елтай Ерназаров атындағы мектепке Доскей есімін береміз» деп жергілікті жерде қаншама рет мәселе көтеріліп, уәделескенімен, мұның аяғы сиырқұйымшақтанып, берілген уәде орындалмай, «баяғы жартас бір жартас» күйінде қалып отырғаны түсініксіз жағдай.

Доскей ауылында – айтыскер ақынға арналған мүсін, кесене орнатылып, мұражай ашу туралы мәселесі де кейінге шегеріле беруі, Доскейліктердің наразылығын, ренішін тудырып отыр. Әлде, Доскей Әлімбайұлы «Кенесары ханды» дәріптеп, қазақ елінің Тәуелсіз мемлекет болуын армандап, жырына қосқаны үшін кінәлі болғаны ма?

Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ұлағатты сөз бар. Осыны ұмытып, Доскей Әлімбайұлының аруағы алдында ұятты болып отырмыз…

Сарыарқаның кең жазирасына сыймай, Арқаның адыры емес, төскейі болған дүлдүл, айтыскер ақынды ауылымыздағы шағын модельді кітапхананың кішкентай бір бұрышына «ел-жұрт көрмесін» деп тығып, тұншықтырып, жетімсіретіп қойғанымыз дүйім Алаш жұртына сын. Бұл жағдай Доскей ауылы адамдарының қабырғасына қатты батып жүргені, баршамызды ойлантуы тиіс. Онсыз да Доскей ақын балалық шағында жетімдік зардабын аз тартқан жоқ қой. Қазақ халқы әрдайым аруақты сыйлап, қадірлегені қайда?

Ендеше, өткен іс-шаралардан сабақ алып, Доскей Әлімбайұлының алдағы өтетін мерейтойларын шын мәнінде республика деңгейінде өткізілуіне барша Алаш жұрты болып атсалысуымыз қажет.

Оразбек МАҚСҰТҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button