Жаңалықтар

Жолыңыз ашық болсын деп…

Көліктің адам өміріндегі ролін ағзадағы қан айналымы жүйесімен салыстыруға болады. Материалдық құндылықтарды айтпағанда, адамның ұдайы қозғалысының өзі экономикаға жан беріп, оның тіршілігін қамтамасыз етеді. Бұл қозғалыс тоқтар болса, қан айналымы жоқ адамның өмір сүруін тоқтататыны тәрізді экономиканың да тынысы үзілері сөзсіз. Көліктің кез-келген түрінің адамзат үшін маңыздылығы – осында.

Қарағанды тоғыз жолдың торабында орналасқан. Дүниенің төрт бұрышына ұшақ та, пойыз да, жүк көлігі де, жеңіл автокөлік те жүйткіп жатады. Осы қозғалыстың қалтқысыз жұмыс жасауының қырағы күзетіндегі көлік саласы қызметкерлерінің көзге көрінбейтін еңбегі жайлы айтып тауысу мүмкін емес. Күрежолдың бойында нәпақасын тапқандар, күні мен түнін теміржолдың бойында өткізіп, барлық өмірін сарп ететіндер, зеңгір көкте қалықтаған әуе кемесінің ұшқыштары, жолаушылар көңілін тапқан стюардессалар, қалаішілік көлік тасымалы қызметкерлері, шеті-шегі жоқ тізім. Әлбетте, көлік саласы қызметкерлерінің кәсіптері мұнымен шектеліп қалмайды.

Жалпы, облыстағы автожолдардың ұзындығы 12 558 шақырымды құрайды. Оның 2 785 шақырымы – республикалық, 3 549 шақырымы – облыстық маңызда. Аудандық маңызға ие жол 2 522 шақырымды құрайды, 3 672 елді мекенге тиесілі.

2013 жылы Қарағанды облысы аумағында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын орындау аясында және Елбасының тапсырмасына орай, «Астана-Қарағанды-Балқаш-Алматы» Орталық-Оңтүстік көлік дәлізін қайта құрылымдау жобасы қолға алынған болатын. 47 млрд. теңгеге жөнделетін 1 000 шақырымнан астам жолдың бірі – осы Солтүстік-Шығыс айналма жолы. Облыс орталығын еліміздің оңтүстік өңірлерімен жалғайтын көлік байланысын нығайтуды, қала көшелеріндегі жүктемені азайтуды көздеген жол құрылысы арқылы тәулігіне 22 мыңға жуық көлік өтеді.

Солтүстік-Шығыс айналма жолының құрылысында еңбек еткен үш мыңнан астам жұмысшының 80% – облыс тұрғындары. Облыс орталығын оңтүстік өңірлермен жалғаған жолда маңдайының тері төгілген солардың еңбегінің арқасында көліктер сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүру мүмкіндігін алды. Тасымалданатын жүк көлемі де арта түсті.

Ал, облыстың теміржол тарихы Қарағанды көмір бассейнінің жедел игерілуімен тікелей байланысты. Экономиканың қозғаушы күші ретінде дамып келе жатқан Қарағанды теміржолы жыл сайын жаңа жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

Алғашқы теміржол желісі 1926 жылы Бурабайдан Ақмола арқылы Қарағандыға дейін салынды. 30-шы жылдары жалпы ұзындығы 490 шақырымды құраған «Ақмола-Қарағанды» және «Қарағанды-Балқаш» теміржол тармақтары пайда болды. Ал, қазір облыстың үш негізгі локомотив депосы Қарағанды, Жаңаарқа және Балқаш өңірлерінде.

Жүк тасымалында теміржолдың үлесі. Өткен жылдың өзінде 38,7 млн. тонна жүктің тасымалдануы – соның айғағы.

Жолаушы тасымалынан бөлек, облысты өзге елдермен жалғаған Қарағанды халықаралық әуежайында да жүк тасымалы жолға қойылған. Жылына 30 мың тоннаға дейін жүк өткізе алатын терминалы бар. Әуежайдың тарихы 1934 жылдың ақпанынан басталады. КСРО Үкіметінің шешімімен орталықтан алыс орналасқан ауылдармен байланысты қамтамасыз ету үшін құрылған әуежай – жоғары техникалық және пайдалану сипаттамаларға ие, халықаралық стандарттарға сай келетін және даму үшін қуатты әлеуеті бар заманауи кешен.

Ал, осының бәрінің кідіріссіз жұмыс істеуі жолында аянбай қызмет ететін көлік саласы қызметкерлерінің еңбегі көзге көріне бермейтіні рас. Күнделікті тірлігімізді, жүріп-тұруымызды қамтамасыз еткен сала қызметкерлерінің облыс экономикасын өркендетуге қосар үлесі ұшан-теңіз екені сөзсіз.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button