Тарихтан сабақ алу – парыз
Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Саяси қуған-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне қатысты бүгінгі үндеуіндегі «біздің парызымыз» деген сөзінің астарындағы мағына – терең қатпарлы. Тарихтан сабақ алу – парыз. Тарих – жақсы мен жаманның, артық пен кемнің ара-жігін салмақтап беретін таразы.
Сұрқия саясаттың әсерінен зардап шеккендерді бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Олар – саяси элита, шығармашылық элита, қарапайым халық және Кеңес үкіметін мойындаған ұлт коммунистерінің өздері мен әскери қызметшілер.
Осы қалыппен алсақ, онда бүкіл ел тұрғындары – «халық жауы». Міне, жалпы халық осындай саясатты іске асырған Сталиннен ғана емес, тұтас жүйенің керітартпа ісінен қисынсыз қиянат көрді. Себебі, демократия шарттылықтарының өрескел бұзылуы, жеке басқа табынудың салдары соған әкеліп тіреді. Сондықтан да, тарихтан сабақ алу керек.
Бүгінгі тәуелсіз ел экономикасының, мәдениетінің бастапқы негізін қалап, ұлт болашағын ойлаған Алаш арыстары мен кезінде коммунистік идеяға сенсе де, қазақтың қамын ойлаған Нығмет Нұрмақов, Абдолла Асылбеков сияқты тұлғалар мұрасын қайта тірілтіп болашаққа баратын көшімізді түзейік!
Қазақ халқы бүгінгі ел басқарудағы жетістіктерді қадірлеп, оны жетілдіруге өз үлесін қосуда. Бұл – билік пен бұқараның арасындағы ымыра-бірліктің нәтижесі.
Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.