РуханиятТарих

КӨМІР КЕНІШІНІҢ АШЫЛУЫ немесе ескі қала

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейде өндірістің дамуына Қазақстанның осы елге қосылуы жаңа экономикалық оң өзгерістер әкелді. Ресей капиталы күннен-күнге қарыштап дамып, көршілес елдерге қызығушылық танытты. Ресей кәсіпкерлері Т.Зотов, А.Рязанов, Н.Ушаков 1852 жылы Екатеринбург қаласында пайдалы қазбаларды өндірудің ашық компаниясын құрды. Осы жылдың өзінде мыс және тағы басқа түсті металды игеруге 20-дан астам өтініш түсті. Жергілікті байлардан күміс ақшаға бірнеше жерді сатып алды. Нілді мекенін Боздақ байдан 86 күміс ақшаға, ал 1856 жылы Н.Ушаков Қарағандыбасы жерін 255 күміс ақшаға Игілік байдан, сонымен бірге Саран жерін 114 сомға сатып алды.

1857-1861 жылдары Қарағандыдан 35 шақырым оңтүстік-бағытта Спасск мыс құю зауыты, ал Қарағанды басыда – көмір кеніштері, Нілдіде – Өспен мыс кен орны ашылды.

1859 жылы 1850 тонна көмір өндірілсе, 1860 жылы – 444 тонна, 1863 жылы – 4978 тонна, ал 1868 жылы – 5,3 мың тонна, 1869 жылы – 2,2 мың тонна, жалпы 1867-1887 жылдар аралығында 302,8 мың тонна көмір өндірілген.

ХІХ ғасырдың соңында кен өндірісіне сұраныс бұрынғыдан да күшейді және өндіріс орындарына жергілікті халық көптеп тартыла бастады. Бұл арзан жұмыс күшін пайдалана отырып, көп пайда табуға мүмкіндік туғызды. Француз инженері Ж де Кателен жазбасында: «Арзан жұмысшы күшін пайдалану өндірістің шығынын арзандатады, әсіресе бұл қырғыз даласындағы кен орындарына қолданғанда тиімді» дейді.

ХХ ғасыр басында бұрынғы Ресей кәсіпкерлерінен француз Жан Карно осы өңірдегі кен орындарын 766 мың сомға сатып алады.

1907 жылы Саран, Қарағанды, Өспен және Спасск мыс кен орындарын ағылшынның «Спасск мыс рудалары» акционерлік қоғамына сатып жібереді.

 

Қарағанды тарихына алғаш қалам тартқан Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романында «…Игіліктің қойын бағып жүріп, Байжанның баласы Аппақ суыр інінен шыққан жылтыр қара тас көмірге кездесті. Ол салпақтатып суырын, қойнына тас көмірін әкеп берді. Байжекең суыр інін тереңдетіп қазып көрсе, әр жағы сіресіп жатқан тас көмір екен» деген жолдар кездеседі.

Иә, Аппақ – өмірде болған тұлға. Қазір Қарағандыда ұрпақтары да бар. Солардың ішінде арғы-бергі тарихты жете білетін, әрі атақты атасы жайындағы деректерді тірнектей жинап, көзінің қарашығындай сақтап жүрген, Аппақ Байжанов ұрпағының бірі – Т.Омаров. «Аппақтың әкесі Байжан Тоқтамысұлы анау айтқандай тақыр кедей емес, өз шаруашылығын өзі дөңгелеткен орта шаруа болыпты. Байжаннан төрт ұл тарайды. Олар Байғана, Қожабек, Кенжебек және кенжесі Аппақ екен. Аппақтан Омар және Оспан есімді екі бала тарайды. Кішісі Оспан 1946 жылы қайтыс болыпты. Ал Омар ақсақал 1969 жылы 89 жасында дүниеден озады, Қарқаралы өңірінде жерленген. Қарағанды өңірі туралы жинаған мол деректерін Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің қорына тапсырған Юрий Попов Қарағанды көмір кенінің ашылғанына 150 жыл толуына орай Аппақ Байжанұлы туралы деректі 1983 жылы облыстық қазақ және орыс тілдеріндегі басылымдарға тағы бір мәрте жариялаған. Осы авторлар өз мақаласында «Қарағанды көмірінің ашылуы және соған қатысты Аппақ аты алғаш рет 1937 жылы «Наша страна» журналында көрсетілген екен. Журналда И.Ракитиннің «Қарағанды» деген мақаласы басылған» дейді. Рас, сол 1937 жылдың шілде айында Қарағандыға жазушы Мәжит Дәулетбаев пен Абдолла Асылбеков келген, олар Омар Байжановпен, ел адамдарымен кездесіп, Аппақ туралы барлық мәліметтерді қағаз бетіне түсірген, сөйтіп Аппақтың Қарағандыбасы деген өңірден алғаш болып таскөмірді тапқандығын дәлелдеген. Соған қарамастан, «олардың жазғандары тек ел аузындағы сөз, дерегі жоқ құр болжамға ғана арқа сүйеген» деп көпес Ушаковтың өзі бас болып, көмір кенішін тапқан адамға арнайы сый да берген көрінеді. Ресей кен барлау басқармасының арнайы бұйрығымен қазба байлықты тапқан адамдарға арнайы ынталандыру сыйлығы тағайындалған. Соның нәтижесі деу керек, кен көзін табушы ретінде Байжанұлы Аппаққа жыл сайын 1 қадақ шай, 5 қадақ (фунт) қант, 3 пұт ұн, соған қоса 40 сом ақша беріліп тұрыпты.

ХХ ғасыр басында Қарағанды өңірі Спасск болысы деп аталды. Осы болысты кімдер басқарды десек, мұрағат құжаттарынан біршама деректерді кездестіреміз. Болыс билеушісі болып басқарған Мұстафа Тәтиев, болыс орынбасары – Балмағанбет Тәшенов.

1905-1906 жылдары №1 әкімшілік ауылдың биі Жүніс Бекхожин және көмекшісі – Жақып Жұмабеков, №2 ауыл биі Балмағанбет Тәшенов, №3 ауылда Мұхамеждан Қадыров және Хамт Қадыров, №4 ауылда – Ескендір Тоқабаев би болған. 1905 жылы болыста 765 түтін, 3000 жылқы, 3000 ір қара, 4000 қой, 600 түйе болған.

1907 жылдың 1 қазанында болыс басшысы – Оспан Тәтиев және Әбдірахман Мусин. Ауыл билері: №1 ауылда – Жүніс Бекхожин және Набий Бекхажин, №2 ауылда – Жаке Ақпанов және Жақып Токушев, №3 ауылда – Мұхамед Қадыров және Әбділда Божықов, №4 ауылда – Таймағанбет Шаныбеков және Сәдуақас Томақаев, №5 ауылда – Нұрғали Жылқыбаев және Жартабай Әлекин, №6 ауылда – Ескендір Тоқабаев және Жүсіпбек Байсалов.

Келесі 1911 жылғы санақ деректері бойынша болыстың басшылары – Оспан Тәтиев және Мұқтар Мұстафин. 1911 жылдың 14 сәуіріне дейін болысты басқарғандар – ағайынды Мұстафа және Оспан Азниндер. Оларды Дос Қырбасов пен Бек Қарташбаев алмастырды. Болыста осы кезде 820 түтін және халық саны – 2029 болған.

1917 жылдың көктемінде құрылған жұмысшы, солдат және шаруа депутаттарының Ақмола кеңесі Қарағанды кенішіндегі және Спасск заводындағы жұмысшы қозғалысына жетекшілік етіп отырды. Патшаның тақтан тайғаны туралы хабарды өңір халқы қуана қарсы алды.

Қарағанды мекені 1920 жылдардың басында бір-бірінен алшақ орналасқан орыстар, украиндар, қазақтар мекендейтін Үлкен Михайловка, Ескі Тихоновка, Зеленая Балка деп аталған басқа да бірнеше шағын елді мекендерден тұрған. Осы елді мекендердің тұрғындары бүлінген, қираған өнеркәсіп орындарын қалпына келтіру бастамасын бірауыздан қолдап, өздерінің ортақ іске үлес қосуға әзір екендіктерін білдіріп, Спасск зауытының жұмысшыларына хат жолдайды.

Қарағанды аймағын бейбіт тұрғыда дамыту осыдан соң нақты арнасына түседі.

Қарағанды өңіріне елдің назарын аудартқан, аймақты игеруді жедел қолға алудың қажеттігін ғылыми тұрғыда дәлелдеп шыққандар – барлаушы-геологтар. 1920 жылдары жаңа өкімет ұлан-байтақ елдің жер асты байлықтарын зерттеді. Оралдың бергі жағы, Қиыр Шығыс, ен жатқан далалық аймақтарға арнайы геологиялық экспедициялар шығарылды. Араға көп уақыт салмай Гапеевтің арманы жүзеге асады. Қарағанды кеніші игеріле бастайды.

Темірғали АРШАБЕКОВ,

облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.

СУРЕТТЕ: Қарағанды көмір кеніші ашылу туралы мұрағат құжаты.

Басқа материалдар

Back to top button