Облыс әкіміРесми

Бірліктің бастауы, елдіктің арқауы

400-ден астам қарағандылық мерекелік медальға ие болды. Қарағандыдағы Достық үйінде облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған онлайн-кездесуге қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер, жұмысшылар және басқа да сала өкілдері қатысты.

Тәуелсіздігіміздің нығаюы мен мемлекеттің өркендеуіне алтын арқау болған Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 25 жыл толады. Осыған орай ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегі айрықша аталып, оларға лайықты құрмет-қошемет көрсетілуде. Аймағымыздан 448 азамат Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» мерекелік медаліна ие болды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек соның бірқатарына Мемлекет басшысының атынан аталған марапатты табыс етті.

Олардың қатарында, Қарағанды Экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов, «АрселорМитталТеміртау» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Борис Басин, Қарағанды медицина университетінің ректоры Раушан Досмағамбетова, Еңбек ардагері Рымбала Омарбекова және басқа да сала майталмандары бар.

Жиылғандарға құттықтау сөзін арнаған облыс әкімі:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқандай, «Қазақстан Конституциясы ең үздік әлемдік практиканы, сондай-ақ тарихи және ұлттық дәстүрлерді өзіне сіңіре отырып, халық бірлігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігінің берік іргетасы болып қызмет атқарады». Еліміздің негізгі Заңы уақыттың сенімді сынағынан өтіп, жалпыхалықтық дамуда өзінің маңызын дәлелдей алды, – деді. Сонымен қатар, қолданыстағы Конституцияны әзірлеуде, қазақстандық мемлекеттілік үлгісін қалыптастыруда, тәуелсіз Қазақстанның конституциялық реформаларын құруда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі айрықша екеніне баса назар аударды.

«Еліміздің өркендеуі және халықаралық деңгейдегі көптеген жетістіктеріміз тікелей Елбасы есімімен байланысты екені ақиқат. Біз мұны әрдайым есте сақтаймыз», – деді ол.

Айтулы шарада бірінші сөз алған ҚР Конституциялық Кеңес төрағасының кеңесшісі Қабылсаят Әбішев Ата Заңның бекітілуінен бастап, бүгінгі күні қазақстандықтардың емін-еркін өсіп-өнуін қамтамасыз еткеніне жан-жақты тоқталды.

– Қабылданғанына ширек ғасыр толған Конституция – ғасырлар бойы арман болған ел тілеуін жүзеге асырып, ұлттың базалық құндылықтарын заң түрінде жария етті. Ата Заң – әлемдік озық тәжірибеге сүйенген, халқымыздың дәстүріне иек артып, оның интеллектуалдық қуатына бейімделген, қоғамды өркениеттік құндылықтарға жетелейтін бағдарлы құжат. Конституцияның меншікті құндылық есебінде бекітілуі – сот жүйесі, конституциялық бақылау институты, биліктің тұтастығы туралы концептуалды мәселелерге түбегейлі нормативтік сипат берді, – деді Қабылсаят Әзімбайұлы.

Сөз алған азаматтар Конституцияның Қазақстан халқына берген құқық пен әлеуметтік кепілдіктеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, еліміздің Негізгі Заңының мерейлі мерекесімен қатар келген тағы бір айтулы оқиға – Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтетін тарихи сәттің маңыздылығына назар аударды.

– Біз Конституциямыздың өмірде қандай рөл атқаратынын өте жақсы білеміз. Өйткені, ол «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деген сөздермен басталады. Барлық қазақстандықтарды, түрлі этнос өкілдерін Отанымызға деген терең сүйіспеншілік, құрмет сезімі біріктіреді. 25 жыл тарихи жаһандық өлшемде қас қағым сәт қана. Бірақ, біздей дамыған мемлекет құрушыларға – бұл маңызды күн. Бұл ел дамуының белгісі және бейнесі. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қазақтың керемет мақалы осы бір шаңырақ астындағы бейбіт күнді қастерлеу керектігін аңғартады. Бізге тату-тәтті өмірді сыйлаған Ата Заңды сақтап, ертеңгі ұрпаққа аманаттау – парыз, – деді «Полония» облыстық поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Хмелевский.

Еңбек ардагері Григорий Презенттің айтуынша, бейбітшілік, келісім мен бірлік – қазақстандық қоғамның баға жетпес байлығы және мемлекеттік дамудың қозғаушы күші . Шарадан соң, журналистердің сұрағына жауап берген Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов Ата Заңның аса құнды құжат екенін атап өтті.

«Болашақта заман талабына сай өзгерістер енгізілуі мүмкін. Біз басты құжатты әрқашан құрметтеуіміз керек. Мен бүгін 25 жылдыққа орай мерекелік медальға ие болдым. Басқа марапаттарға қарағанда мұның орны мен үшін ерекше» – деді ол.

Ал, жаңаарқалық жас маман Ерқанат Дүйсенбаев «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен туған жеріне мұғалім болып орналасқан. Айтуынша, жас кезінен ұстаз болуды армандапты. «Мемлекеттің жастарға жасаған қамқорлығы арқасында баспаналы болдым. Су жаңа қонысыма көшкен күн өмірімдегі ең жарқын сәт болды. Өйткені, мен ол күні сүйген қызымды жаңа үйіме келін қылып кіргіздім. Енді шәкірттерге сапалы білім беріп, індетті жеңуге үлес қосамын» деп жиналған жұртты бір сергітіп тастады. Оның алдағы арманы – адал еңбек етіп, білімді, бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу.

Жиналғандар коронавирус инфекциясымен күресуде алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлеріне алғыс айтты. Әлемді астан-кестен еткен пандемия кезінде өз басын қатерге тігіп, талай жанның өмірін сақтап қалған ақ халатты абзал жандардың еңбегі де Конституцияда айылған азаматтардың денсаулығын қорғау құқығын жүзеге асыруға қосылған өлшеусіз үлес екенін айрықша атап өтті.

Түрлі сала өкілдерінің басын қосқан келелі жиын тағылымға толы болды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button