Жаңалықтар

“Еңбек” бағдарламасымен мүмкіндіктер шектеусіз

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі 468 адам жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 388 мүгедек қамтылған. Мұнда тұрақты жұмыс орнына – 266 адам, қоғамдық жұмыстарға – 44 адам орналасты. Жастар тәжірибесіне 9 адам қатысып, әлеуметтік жұмыс орындарына 10 адам орналастырылған. 59 адам кәсіптік қайта даярлаудан өтіп жатыр. Мұның барлығы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының шеңберінде жүргізілуде. Мүгедектерді жұмысқа тарту жөніндегі белсенді жұмыс барлық сала бойынша жүргізіліп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамту және мемлекет қолдауын жүзеге асыру жұмыстары атқарылуда.

– Қазіргі таңда Шет ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығына 45 адам келіп жүгінді, – дейді Шет ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Жанат Сағадиев, – Олардың ішінде, «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша оқудан өткен – 14 адам, бос жұмыс орнына жұмысқа орналасқан – 22 мүгедек, қоғамдық жұмыстарға бағытталған – 19 адам, жастар тәжірибесіне тартылған – 3 адам, әлеуметтік жұмыс орнына – 1 адам, қысқа мерзімді оқуға жіберілген – 5 адам бар. Сондай-ақ, есту қабілеті бұзылған мүгедектер үшін 2 жұмыс орны құрылды.

Талқанбай Бөлтіріков өмір бойы шахтада еңбек еткен. Тау-кен шебері, құрылыс жұмыстарының тікелей басшысы болған, ешқашан жұмыстан қорықпаған. Еңбек қызметін денсаулығына байланысты жалғастыра алмайтын болғандықтан Сәтбаев қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласты.

– Мен бір жыл бойы өзіме жұмыс іздедім, – дейді Талқанбай аға. – Ешбір жерге жұмысқа алмады. Біреулерге жасым үлкен болса, біреулер «абыр-сабыр жұмысқа төзе алмайсыз», – деді. Халықты жұмыспен қамту орталығына хабарластым. Мамандар маған сәйкес келетін бос жұмыс орнын іздеді. Кез келген ұсынылған жұмысқа келістім. Сәтбаев қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің арқасында мектеп-гимназияға күзетші болып жұмысқа орналастым. Жұмыс берушілердің тарапынан жұмысқа орналасу мүмкіндігін беретін осындай жәрмеңкелердің өткізілетіндігі жақсы.

Айнұр Сатыбалдиева ІІІ топ мүгедегі. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының шеңберінде екі жыл қоғамдық жұмыстарға қатысты. Өз ісіне жауапты, ұқыпты әрі жайдары жұмыскерді Сәтбаев қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығында байқап, көмекші ретінде жұмысқа шақырды. Бағдарламаның үшінші бағытының шеңберінде тұрақты жұмысқа қабылдады.

– Мен де біздің Нұра ауданымызда Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс таптым, – дейді Баян Бекежанова, – ІІ топтағы мүгедек ретінде мен үшін жұмыс табу оңай іс емес. Халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласып, құжаттарымды тапсырдым. Бір айдан кейін қожалық шаруашылығына аспаз ретінде жұмысқа орналасуыма көмектесті. Келесі жылы жұмысымды жалғастырсам деймін.

 Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесудің белсенді шараларына мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды жұмысқа тартуға мақсатты түрдегі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 – Әрине, азаматтардың әлеуметтік осал санаты ретіндегі мүгедектерге ерекше қарым-қатынас, тәсілдер керек, – дейді Қарағанды қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұркен Баянов, – Себебі, мүгедектерге мемлекет әлеумет тарапынан ерекше қарым-қатынасты қамтамасыз етуде негізгі бағыттарын, сондай-ақ, мүгедектердің алу құқығы бар ең аз кепілдіктерді белгілейді. Оларға мүгедектер үшін арнайы жұмыс орындарын құру жатады.

Мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында биылдан бастап мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау енгізілген. Қазіргі таңда Халықты жұмыспен қамту орталығы 12 арнайы жұмыс орнын құруға қаланың 7 ұйымымен шарт жасасты.

Қарағанды қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығы басшысының сөзі бойынша есту, көру қабілеті, тірек-қимыл әрекеттері бұзылған тұлғаларды жұмысқа орналастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі.

 Қала ұйымдары мен кәсіпорындарына жұмыс берушілердің мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру талаптары түсіндіріліп, өтінімдерді жинау жүргізіліп жатыр.

 Білім беру ұйымдарымен бірлесе мүмкіндіктері шектеулі бітірушілерді жұмысқа қабылдауға жәрдемдесу жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жұмысқа орналастыруға мемлекеттік жәрдемдесу шараларының қатарында азаматтардың жеке санатын жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгіленеді.

Биыл Халықты жұмыспен қамту орталығы квота берілетін жұмыс орындарына 4 мүгедек адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде, 2 адам «АвтогазТрэйд» ЖШС және 2 адам Қарағанды хайуанаттар бағында жұмыс істеп жатыр.

 Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button