Баған

Қуат керек

Арқа – қазақтың бел омыртқасы. Сәл шегініс жасайтын болсақ, тап осы Арқа жұрты алабөтен ойранға көбірек тап болғанын көреміз: алды жиырма мың жылқысы бар бай да бағлан да осы өңірде болды; дәулеті тасып, сәулеті асып сән-салатанат құрған бабаларымыз жетерлік; арыға бармай-ақ Бұқар жырау мен Қаз дауысты Қазыбек қалыптастырған елдік мектеп те осында, Әлихан Бөкейхан бастаған алғашқы қазақ оқығандарының қатары тағы бар…

Сарыарқа қандай кең болса, осы өңірден өсіп шыққан азаматтардың бәрі де еркіндікке ұмтылды. Жойдасыз отарлаудың қандай қасіретке жеткізгені тарихтан белгілі. Тектілердің тұқымына дейін тентіретті.

Маған бел омыртқаны бұтарлап-бұтарлап сындырғандай көрінеді.

Белі кеткесін, берекесі кетеді деген пиғыл…

Қазір сөз танитын адам азайып бара жатқандай.

Баяғының таңнан қара кешке дейін сөйлесе жағы талмайтын билері бүгінгі ұрпақтың түрін көрсе шошитын шығар. Мыңқ-мыңқ, бық-бық…

Қолы сөйлейтін қазақ көбейді…

Не істемек керек?

Қарағанды облысында шешендік өнер мектептерін жаппай ашу қажет. Бұл бір.

Екіншіден, дәстүрлі Арқа ән мектебін облыс көлемінде жандандыру керек.

Қызылорда облысында осындай ән мектептері бар, соның арқасында Сыр сүлейлерінің әрқайсысының өз мектебі жұмыс істеп тұр, жыл сайын өнерпаз шәкірттер шығып жатыр.

«Ана тілі «газетіне берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де бір орында тоқтап қалмауымыз керек. Ондай жағдайда ел тоқырауға ұшырайды. Оның зардабы мемлекеттігімізге тиеді. Ауыр тиеді. Ащы да болса айтайын, біз – қазақтар, осынау алмағайып күрделі әлемде, түптеп келгенде, ешкімге соншалықты қажет емеспіз. Өз мемлекетімізге ғана қажетпіз. Осы бір қарапайым қағиданы ешқашан естен шығармауымыз қажет. Әлемдегі Қазақстанның жетістігін көре алмайтын, «мысықтілеу» саясаткерлер, тіпті мемлекеттер де бізден алыстап кеткен жоқ, маңайымыздан ұзамай, әр қадамымызды бағып отыр. Сондықтан елімізді өркендету, көркейту – тек қана өз қолымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш қақымыз да, құқымыз да жоқ. Және мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірінші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені, қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» – деп өте орынды айтқан екен.

Мықты ұлт болу үшін бізге қуат керек!

Ақылдың, ойдың қуаты!

Істің, жігердің қуаты!

Жан қуаты!

Нұртөре ЖҮСІП,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

Басқа материалдар

Back to top button