БаспасөзРуханият

Қазақ баспасөзінің соры неде?

Журналистиканың жілігін шағып, майын ішпесек те, отын оттағалы көргеніміз бен жиғанымыз аз-кем бар екен. Әсілі, аузымыз анау айтқандай дуасы жоқ. Дегенмен, осы салада өткен жылдарда қазақ баспасөзінің, соның ішінде, аймақтағы ана тілді баспасөздің тамырын басып, дерті мен оның емін айтуға ыңғай танытады. Отандық журналистиканы қазақ және орыс деп, одан қалды, оны ішінара телевидение, интернет, газет деп жік-жікке бөліп алып, бір-бірін, сынап-мінеген, тұйыққа тірелген, бірақ сол тығырықтан шығар жолды көрсете алмайтын көсемдер мен шешендер де жыртылып, айырыламыз қазір. Басқасында шаруамыз жоқ. Өзіміз «көзімізді ашып көргеніміз» – басылым. Оның арғы жағында облыстағы қазақ басылымдары туралы сөз етпекпіз. Әлбетте, Қарағандыда қазақ баспасөзі дегенде маңдайы жарқ етіп, ауызға алдымен «Орталық Қазақстан» ілінеді. Ал, өзге аудан, қалалардағы қазақ тілді басылымдар бөгде жұрт үшін санда бар, санатта жоқтар. Бұған ондағы әріптестеріміз аса қатты сөкпесін. Өйткені, бүгінгі қоғамның шындығы сондай. Қарағанды аймағы қазақ басылымына кенересі кеуіп, шөлдеп, сусап отырған жоқ.

«ІШТЕН ШЫҚҚАН ШҰБАР ЖЫЛАН»

Негізінде, мемлекеттік, ұлттық мәселелерді көтеріп, елдің идеологиясын қалыптастыруда қазақ тілді басылымдардың ресми тілділерге қарағанда бәсі – жоғары. Алайда, амал не, орыс тілді баспасөз бүгін «су ақпай қалды» деп сынаса, ертең сонда барып, шелектеп су тасып беруге әзір жүйе өзінің мүдделесі, бауырласы, «ішінен шыққан шұбар жыланы» – қазақ баспасөзі екенін әлі ұққан жоқ.

Ұлттың жоғын жоқтаған, елдің мұратын көздеген жақсылы-жаманды сыни дүниелер жарияланса да, шыбын шаққан құрлы көрмейтін атқамінерлер аймақта қазақ баспасөзі барын «ұмытып» қалған. Есесіне, орыс тілді бір сөйлем шықса, соның алдында «ләп-пайлап!» кететін билік ақпараттық технология дамыған қазіргі уақытта газетті бұқаралық құрал көруден қалып бара жатқаны да өтірік емес. Бұл арада көз жасымызды көл қылып жылағалы отырғанымыз жоқ. Бүгін «өтірік-шынды» жылына бір мәрте «төртінші билік» деп арқаға қағып, «Пәлі! Пәлі!» десетін тұс. Сол сәттің сабақтылығын жібермей, ақтарылып қалмақпыз.

Ана тілді баспасөз – бүгінгі журналистикадағы әзірге мәдениеттен, әдептен озбаған бірден-бір жалғыз сала. Телевидение, интернет секілді рейтинг үшін аудиториясы шаштасып, боқтасып, жалаңаштана қойған жоқ. Қазақ тілінің мәйегі де, құнары да осында. Әрине, ақпарат таратуда қазіргі интернет журналистикамен, телевидениемен таласқа түсе алмасымыз анық. Әйткенмен, ел мен жердің жоқшысы, тарихты түгендеуші, ұлт құндылықтарының қызғышы – осы қазақ баспасөздері. Бұл ойымызды ғалым, профессор Намазалы Омашевтың интернетте жарияланған мынадай пікірі нақтылай түседі…

«…Ұлттық мүддені, мемлекеттік мүддені көздеген үлкен бір мәселе көтеріле қалса, біздегі БАҚ-тардың сөзі бір жерден шықпай, әрқайсысы әр түрлі тақырыптарды қозғап кететіні бар. Отандық журналистикадағы алауыздықтың бірінші себебі, отандық БАҚ-тың екі тілге жарылуында. Қазақ газеттері шуылдап айтқан мәселеге орыс газеттері көз жұма қарауы біздің елде қалыпты нәрсе. Ұлттық идеяға, құндылықтарға байланысты тақырыптарда орыс газеттері көп жағдайда қалыс қалады. Ал орыс-тілді БАҚ көбіне-көп әлеуметтік жағдайларды, мәселен төтенше жағдайларды, әлеуметтік проблемаларды құлпыртып, ушықтырып жазуға келгенде алдына жан салмайды.

…Еліміз Бағдарлама немесе мақала пәленбай бет болып шығатын газеттің беделімен, болмаса кешке жақын жаңалық қосу үшін қосатын арнаның абыройымен өлшенбейді. Ол, алдыменен, ұлттық идеологияға қаншалықты қызмет істеп жатқандығымен өлшенеді» депті ғалым.

Бұл тұрғыда келгенде қазақ баспасөзі үлессіз дей алмайсыз.

БАСЫЛЫМНЫҢ БЕС ЕЛІ СОРЫ

Қазақ тілінде көтерілген мәселеге құзырлы орындардың көз салмауы, өздері ана тілін білмеген соң, сол тілде шығатын басылымға да қырын қарауы, тіпті, менсініп, елеп-екшемеуі – сордың бастауы. Бұдан кейінгі бес елі сордың екіншісі – қазақ басылымының көңілшектігі. Қатал сынға бара алмайтындығы. Өзінен-өзі үркіп, көлеңкесінен жасқанатындығы – сол сордың тағы бір елісі. Бұл болса, басқаларға қолайлы.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, журналист:

– Қазақ баспасөзінің бағы мен соры туралы журналистикада жүрген жиырма жылыма шолу жасап қана жауап бере аламын. Себебі өзім осы жылдар ішінде баспасөзде үздіксіз жұмыс істеп келемін. Қазақ баспасөзінің бағынан соры басым. Себебі дәл қазіргі уақытта баспасөз биліктің қолбаласына айналды. Оны мойындау керек. Бір ғана тіл мәселесін шеше алмаған қазақ баспасөзі туралы не айтуға болады?

Мемлекеттік тапсырысқа тәуелді ақпарат құралында істейтін журналист өзінің кәсіби қызметін атқарғысы келеді-ақ. Бірақ, түрлі әкімшіл-әміршіл кедергіге тап болады. Бұл түптің түбінде журналистің ішкі цензурасының күшеюіне ықпал етеді. Себебі журналист әділдік іздеп жазған мақаласының газетке шықпайтынын біледі де, астарлап жазуға немесе мүлдем сынамауға бекінеді. Журналистің кәсіби жауапкершілігі екінші орынға жылжиды да, ол мемлекеттік саясаттың насихаттаушысына айналады. Мемлекеттік саясаттың барлығы қоғам үшін пайдалы бола бермеуі мүмкін. Бірақ журналист оны сараптап жатпайды, мемлекеттің ұстанымы тұрғысынан ғана жазады. Бұл – журналист принципінің бұзылуы. Ал журналистің әу бастағы принципі Ахмет Байтұрсынов айтқандай “халықтың көзі, құлағы һәм тілі” бола білуі, қоғамдағы кемшілікті көрсетіп, сол арқылы мемлекеттік саясаттың дұрыс жолдан таймауына ықпал ету еді ғой. Ал қазір БАҚ өкілдері мемлекеттік саясатқа дұрыс жолды нұсқаудың орнына, өздері соның жетегінде кетіп барады.

Жасыратыны жоқ, біздің басылымда талай басқарманы табаға майсыз қуырып, жанын көзіне көрсететін материалдар, ақпараттар, мәліметтер шықпайды емес, шығады. Бірақ, сол айтылғандардың бәрі дерлік «Қаңғыған күшік секілді ұлып жұртқа қайтып» жатты. Міне, сордың төртін ші елісі – бұл. Себебі, олар қазақша оқымайды. Осы арада кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында айтқан «Мемлекеттік қызметке қазақ тілін жетік білетіндер тағайындалуы керек» деген талабы күшейсе, облыстағы талай басқарма басшысы «жылы орнын» суытары анық…

СОРДЫҢ СОҢЫ

Сөз жоқ, жылауық, заржақ, ұрандатқан материалдан оқырманның қазір жүрегі айниды. Тәуелсіздік алғаннан бергі қазақ журналистикасы, баспасөзі түрлі кезеңді бастан өткерді. Айталық, тәуелсіздік алған жылдары ұран материалдар оқырманның сұранысын қанағаттандырса, одан кейінгі жылдары мейлінше сабырлы, салиқалы материалдарға ден қоя бастады. Қазіргі уақытта халық қандай да бір тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеп, талдап жазылған дүниені ғана місе тұтады. Қазір тілші қауымның көпшілігінің 4-5 жыл алған білімінің сапасыздығы да жиі сынға ұшырайды.

«Енді сол жан-жақты журналист даярлауда қалай білім бере алдық? Қазір олармен сөйлесе қалсаң, тек сұрақ-жауап (интервью) қана алатын дәрежеде білімі бар. Терең тарқатып сөйлесе алмайды, қоятын сұрақтары шектеулі ғана. Өнер жұлдыздары жайлы өзі айтып бергенді жазудан әрі бара алмайды. Аяғында бәріне қоятын бір сауал: Болашақ жаспарыңыз қандай? Ондай сұхбат оқырманға да қызық емес, журналистке де абырой әкеле бермейді. Ендеше, журналист сан саладан білімді болуы шарт, тілі бай болуы қажет. Ал біздің журналистердің біразы 4-5 жыл бойына шешендік сөздерді оқымайды екен. Сырым Датұлын, Жиреншені, Малайсары, Байдалыны, Мөңкені сұрасаң, «танымайды екенмін» деп жауап береді. Әкім Таразиды – Тараздың әкімі дейтін де сондайлар» дейді Ақұштап Бақтыгереева. Осы арада арнайы бір салаға маманданбаған қазақ журналистикасының мәселесі сопаң етіп шыға келеді.

Бұл күні газет бетінде бір кездегі репортаж, очерк, фельетон секілді жанрлар жоғалды. Із-түзсіз кетті. Мұның барлығы баспасөздің сорын одан әрі қалыңдата түсуде…

ТҮЙІН

Жалпы, отандық журналистикадан, баспасөзден уақыт өзімен үндесуді талап етеді. Журналистиканы оқытатын оқу орындары маман дайындауда екі мамандық алып шығатындай бағытын қарастыруы тиіс, біздіңше. Мәселен, шет тілі мамандығы екі шет тілін меңгертеді. Тағы басқа мамандықтар да сондай бар. Дәл осындай қадам қазіргі журналисткаға өте қажет. Журналистер белгілі бір мамандыққа бейімделіп, соны қаузап жазатындай деңгейге жетер ме еді? Бұл болса, журналистиканың да дамуына ықпал етеді емес пе?

Әсіресе, бүгінгі таңда журналистердің ақпарат алуы үшін шет тілдерді меңгеруі аса өзекті. Төрт жылдың бір жылында жалпы білім беретін дәрістердің орнына, сол тіл үйретуді, немесе өзге де салаға бейімдеуді жолға қойса, отандық журналистика әлем журналистикасымен терезесі тең сөйлесер ме еді, қайтер еді? Біз де бүгін сонда қазақ баспасөзінің сорын түгендеп отырмас едік…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button