Ресми

Су тапшылығын жою – міндет

2022 жылға қарай облыстағы қалалар тұрғындарын толық орталықтандырылған су желісімен қамтамасыз ету мақсаты тұр. Ауылдық елдімекендерде 2023 жылға қарай 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу көзделуде. Биыл бұл міндетті орындау үшін аймақта 90 жоба жүзеге асырылады. Сумен қамтамасыз ететін 25 жаңа нысан салынуда. Кеше онлайн режимде өткен аппарат жиынында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.

– Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында Қарағанды облысында биыл мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында сумен жабдықтау және су бұру бойынша 31 жоба іске асырылды. Елдімекендерде 295 шақырым су құбыры мен кәріз желілері салынды және қайта жаңартылды. Су құбыры желілерінің тозуы 67%-ға дейін, кәріз желілерінің тозуы 78%-ға дейін төмендеді. 11 нысан пайдалануға берілді. 2020 жылы «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары бойынша 90 жобаны іске асыруға қаражат бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша 380 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз желілерін салу және қайта жаңарту, 76,8 шақырым желіге ағымдағы жөндеу жүргізу және 25 нысанды пайдалануға беру жоспарланған, – деп баяндады облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Тоғыз айда 274 шақырым желі салынды және қайта жаңартылды. Оның айтуынша, осы жылғы жобаларды іске асыру сапалы сумен қамтамасыз етуге қолжетімділікті қалаларда 98%-ға дейін, ауылдық елдімекендерде 89,9%ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Алдағы үш жылға жоспар жасалуда. Республикаға тағы 27 жобаға өтінім берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 45 басым ауыл іріктеліп алынды. Олардың алтауында жұмыстар басталды.

200-ден аз адам тұратын ауылдарда суды блок-модульдік тазарту кешендерін орнату жоспарлануда. Оларды құрастыру және пайдалану оңай, қажет болған жағдайда жабдықты бір жерден екінші жерге ауыстырудың еш қиындығы жоқ.

Сондай-ақ, жаңа ұңғымалар салу мүмкіндігі үшін жерасты суларына қосымша барлау жүргізіледі.

Облыс басшылығы ескірген тазарту құрылыстары мәселесін шешуге кірісті. Биыл Ұлытауда тазарту құрылыстарын, Абай мен Қарабаста кәріз сорғы станцияларын салуды аяқтау жоспарланып отыр. Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде және Ақтоғай ауылында нысандардың құрылысы кезекте тұр.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек алдағы бірнеше жылда өңірде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының көмегімен 7 кәріз-тазарту құрылыстарын салу жоспарланғанын хабарлады.

– Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – жергілікті билік органдары жұмысының маңызды басымдықтарының бірі. Сумен жабдықтау нысандарын салу және жөндеу барысын қатаң бақылау болады. Сонымен қатар, экологиялық заңнама талаптарын сақтау-тазарту қондырғыларын қарастыру қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Жеңіс Қасымбек Жезқазған өңірінде Есқұла су тартқышын салу және Балқаштағы Тоқырау-Саяқ су тартқышын реконструкциялау бойынша жобалардың іске асырылуы ерекше бақылауда екенін еске салды.

***

Қарағанды облысында 2020 жылға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасына» жалпы сомасы 65,5 млрд. теңгеге 625 жоба енгізілді. Іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларда 14499 жұмыс орны құрылды, олардың жартысына бұрынғы жұмыссыздар жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналаса алды. Бұл туралы облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова кеңесте хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша облыстың 140 елдімекенінде инфрақұрылым жақсартылуда. 31 нысанның құрылысы жоспарланған. Мұнда мектептер, балабақшалар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жылу және сумен жабдықтау желілері және тағы басқалары бар. Олардың бір бөлігі іске қосылды. Қалғандары кесте бойынша аяқталады. Жезқазғанда жол картасы бойынша модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынды.

Бағдарлама бойынша облыста 460 әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және көлік инфрақұрылымы нысандары жөнделді. Жөндеу жұмыстары көп жылдар бойы жүргізілмеген ауылдық мектептер мен мәдениет үйлерін ретке келтірді. Ауылдық елдімекендерде жол салынды. Сонымен қатар, саябақтар мен гүлзарларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру және көгалдандыру, балалар және спорт алаңдарын салу бойынша 135 жоба іске асырылды.

Кеңесте облыс әкімі Жеңіс Қасымбек барлық жобаларды мерзімінде сапалы аяқтау және бағдарламаны одан әрі іске асыру бойынша тапсырмалар берді.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын келесі жылға жалғастыру туралы шешім қабылданды. Қараша айында жобаларды іріктеу және оларды облыстық комиссияға бекіту қажет. Тұрақты жұмыс орындарын құратын жобаларға қолдау көрсетіледі. Яғни, бұл – күрделі құрылыс және бизнесті қолдау. Облыс республикадан кәсіпкерлерді жеңілдікпен несиелеуге шамамен 15 млрд. теңге алады деп күтілуде, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button