Президент тапсырмасын орындай отырып...

Сервистік модель сапаны көздейді

«Барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келеді. Біз де мұндай үлгіге көшетінімізді мəлімдедік. Бірақ жұмыс барысында аз ғана нəтижеге қол жеткізілді»,

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жолдауынан.

Қаңтар оқиғасынан кейін полиция жұмысына реформа қажеттігіне көз жеткіздік. Өзгеріс керек. Бірақ, біраз уақыт бұрын қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделіне көшу туралы шешім қабылданып қойған. Дәстүрлі полиция қылмысты әшкерелейтін болса, сервистік модель дегеніміз қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатады. Былайша айтқанда, қылмыстың алдын алады. Өңірде осы бағытта біршама жұмыс атқарылып жатқанын алға тартты құқық қорғау органының өкілдері. Сол жайлы тарқатсақ…

Облыстық полиция департаменті алдымен қылмыстық істерге зерттеу жүргізген. Пәтер ұрлығы, қалта ұрлығы және алаяқтық бойынша қылмыстық істер жиі тіркеледі. Жыл сайын көбеймесе азаймайды. Мәселен, төрт жыл ішінде 1236 пәтерге ұры түскен. Жалпы шығын шамамен 500 миллион теңгені құраған. Ұрлықты кімдер жасайды? Әрине, жұмыссыздар. Түзету мекемесіндегі 4 мыңға жуық жазасын өтеушілерге жүргізілген сауалнаманың нәтижесі сол – 90 пайызға жуығы – жұмысы жоқтар.

Сондай-ақ, құзырлы органдар қаладағы 170 ауланы тексерген. Жартысынан көбі қауіпсіздік шарттарына мүлдем сай еместігін анықтаған. Жарық шамдарының жоқтығы, бейнебақылаудың орнатылмауы және күзеттің болмауы сынды олқылықтар әлгіндегідей қылмысқа жол беретіні анық. Міне, осы секілді кедергілерді шешу міндеті арқылы қылмыстың алдын алуға болады. Осы бағытта басқа да жұмыстар жүргізіліпті. Енді ел Президентінің тапсырмасын іске асыру керек. Негізгі 4 бағытты айқындапты.

Алғашқысы – қоғаммен байланыс орнату. Облыстық полиция департаментінің бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұловтың айтуынша, полицияның қолжетімділігі қағидаты бойынша жұмысты жүйелі ету. Яғни, халықпен кері байланыс орнату үшін Қарағанды қаласының учаскелік инспекторлары 200 чат құрды. Сондай-ақ, Қарағанды қаласының 25 мың азаматын, облыс бойынша 170 мың халық қамтылған 597 чат бар. Сонымен қатар, 2020 жылдың ақпан айынан бастап Қарағандыда киберволонтерлердің мониторингтік тобы жұмыс істейді. Олардың көмегімен интернет желісінде тыйым салынған тауарлар сату мен түрлі қызметтердің жолын кесу мүмкін болып тұр дейді мамандар.
Мысалы, 147 заңға қайшы интернет-контенттер, 58 күмәнді телеграмм-арналар және хабарландыру сайттарында 127 жарияланым анықталды, 258 жалған хабарландыру бұғатталды.

«2021 жылдың ақпан айынан бастап Қарағанды облысында «Азаматтардың хабарламаларын қабылдау үдерісінің бірізділігі» пилоттық жобасы немесе Ішкі істер министрлігі әзірлеген «Police 102» мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл жерде 2019 жылы Қарағанды қаласында ел бойынша алғаш рет біз 9 дабыл түймесін – «SOS» орнатқанымызды атап өткім келеді. Бүгінгі күні мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде облыс бойынша полициямен шұғыл байланыстың 33 терминалы орнатылды (Қарағанды – 9, Жезқазған – 6, Сәтбаев – 5, Теміртау – 9, Саран – 4), – дейді Құрманғали Жәрдемұлы.

Ал, екінші бағыты – полиция имиджін көтеру. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасымен бірлесіп «ARMANFILMS» кинокомпаниясы арқылы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған сюжеттер жасау туралы Меморандум жасалыпты. Бүгінгі таңда жұмыс нәтижесіз емес. Жақында ғана көрерменге жол тартқан «Бірінші толқын» атты толық метражды фильмінде
полиция имиджі де бар. «Интернет желісі арқылы түрлі қызметтердің полиция қызметкерлері туралы деректі фильмдер мен қысқа метражды сериалдар жарияланатын болады» дейді сала өкілдері. Қазіргі уақытта сервистік модель және учаскелік инспектордың қызметі туралы ақпараттық-түсіндіру бейнеконтентін құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Үшінші бағыт бойынша әкімдіктің қолдауымен соңғы екі жылда полиция бөлімшелерінің әлеуеті біршама артты. «Қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша өткен жылы 5 жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Пилоттық режимде Қарағанды қаласының учаскелік полиция пункттерінің бірінде (Михайлов ПБ) қауіп төнген жағдайда жедел басқару орталығымен біріктірілген дабыл түймесі орнатылды. Бұл жүйені басқа учаскелік пунктерде де орнатуды жоспарлап отыр. Халық көп жиналатын орында «Модуль» үлгісіндегі 3 стационарлық полиция бекеті орнатылыпты.
Соңғы бағыты – кадрлармен жұмыс. Осы бағытта жас полицейлердің біліктілігін арттыру үшін үш және алты айлық арнайы оқыту курстары енгізілді. Алғашқылардың бірі болып учаскелік инспекторлар қосымша дайындықтан өтті. ІІМ Қарағанды академиясының базасында Қарағанды қаласының учаскелік инспекторлары мен полиция бөлімдерінің басшыларына арнап, бірқатар оқыту тренингтері өткізілді. Негізгі төрт бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар – осы.
– Полицияға сервистік модуль қызметін жүктеген жағдайда, ол қоғаммен барынша белсенді түрде ықпалдасып, халыққа жақындай түседі әрі заң нормаларының сақталуына жауаптылық жүктейтін құқық қорғаушы мәртебесіне әлеуметтік қызмет мәртебесін қосып алатын болады. Сервистік полицияның кешенді моделін құрудағы мақсат – барлық мемлекеттік құрылымдар мен қоғамның тиімді өзара іс-қимылы арқылы, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, халыққа дер уақытында көмек көрсету арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Нәтижесінде халықтың қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етіліп, азаматтардың тәртіп сақшыларына сенім арта түседі деп күтеміз, – дейді Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк.

Қорыта айтқанда, сервистік модельге көшу сапаны көздейді. Бұл туралы орталық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полицияның сервистік моделі» тақырыбындағы брифингте толық сөз етілді.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button