Шарж әлемінде
«Алтын ғасыр» галереясы Халықаралық күлкі күні – 1 сәуірде «Үш патша» атты шарж көрмесіне шақырады. Көрменің бастамашысы – ҚР Сәулетшілер одағының және Дизайнерлер одағының мүшесі Владимир Троценко.
Экспозицияға үш суретші – Константин Куксо, Петр Кишкис және «Монарбат» шығармашылық студиясының негізін қалаушы Қайрат Кэй-Кэй қатысады. Келушілер танымал әртістерге, спортшыларға арналған достық шаржды тамашалай алады.
Қайрат Кэй-Кэйдің сатиралық суреттері атақты адамдарға арналған. Мұнда актёрлер Ален Делон, Жерар Депардье, Армен Джигарханян және боксшы Геннадий Головкиннің портреттері бар.
Суретшілер одағының мүшесі Пётр Кишкис көпшілік үшін жаңа қырынан танылмақ.
Мәскеу суретшісі Константин Куксо – бұл жанрдың классигі. Ол кеңестік кино актерлеріне арналған екі кітап шығарған. 15–20 минут ішінде шарж салған.
Көрме 14 сәуірге дейін жалғасады. Кіру тегін.
Өз тілшімізден.