Ұлыларды ұлықтаған мектеп
Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияда әлемнің екінші ұстазы – әл-Фарабиді дүйім қазаққа танытқан Ақжан ЖАҚСЫБЕКҰЛЫ әл-Машаниге арналған оқу кабинеті ашылды. Ұлыларды ұлықтаған мектепте осыған дейін ғасыр адамы Темірғали КӨКЕТАЕВҚА, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар ӘУБӘКІРОВКЕ арналған оқу кабинеттері ашылған еді. Енді олардың қатары Ақжан әл-Машани атындағы кабинетпен толықты.
2020 жылы Әбу Насыр әл-Фараби есімін иеленген мектеп ғұлама ғалымның еңбектерін зерттеу ісіне көңіл бөліп келеді. Соның негізінде аталмыш білім ордасында мұражай ашылды. Ал, әл-Фараби мұрасын қазаққа танытқан Ақжан әл-Машаниге арналған оқу кабинетінің ашылуы – соның заңды жалғасы.
ХХ ғасырдың ең көрнекті ғалым-кеншілерінің бірі, шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерттеуші Ақжан әл-Машани атындағы кабинет ашу идеясы гимназия директоры Қымбат Оспановаға тиесілі. Оның басшылығымен педагогикалық ұжым геологтың өмірі мен еңбектерін зерттеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізген. Ғалымның жеке заттарынан, фотосуреттері мен портреттерінен тұтас экспозиция жинақталған.
– Мен ұжымға осы идеяны ұсындым, олар мені қолдады. Біз тарихшылардан, жазушылардан тұратын шығармашылық топ құрдық, олар екі жылға жуық жұмыс істеді. Әл-Машаниді көзімен көріп, аралас-құралас болған ғалымдармен кездесті. Сол ғалымдар мектепке зерттеушінің көптеген фотожұмыстарын, жеке заттарын, кітаптарын сыйлады.
Болашақта осы кабинетте біздің оқушыларымыздың жан-жақты дамуына ықпал ететін түрлі іс-шаралар, ғылыми жобалар байқауы мен олимпиадалар өтеді, – деді мектеп директоры Қымбат Оспанова.
Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім, машанитануда ерен еңбек атқарып жүрген тарихшы ғалым, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушысы Нұртас Смағұлов қатысып, кабинеттің ашылу лентасын қиды.
Сонымен қатар, тарихшы Ерғазы Төлеу арнайы шақырылып, құттықтау сөз сөйледі. Ақжан әл-Машанидің жақын туысы, ақын Әсет Мұттахиұлы естеліктерімен бөлісті.
Осы іске білек сыбана кіріскен мектептің тарих, қазақ тілі мен әдебиеті және география пәні мұғалімдерінен құралған шығармашылық топ нәтижелі жұмыс атқарды. Атап айтсақ, директордың бейіндік оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары, тарих пәні мұғалімі, әл-Фараби атындағы музей жетекшісі А.Рахимова, тарих пәні мұғалімдері К.Ахметжанова, Б.Дакынова, Ә.Сәдуақасов, Н.Нұрымбекқызы, география пәні мұғалімі А.Көкенова, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Д.Амантаева, тарих, география пәндерінің мұғалімі Г.Ахметова зор еңбек сіңірген.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.