Әңгіме өзегі — экология

Металлургтер мекенінің басшысы Қайрат Әбсаттаров мыс қорыту зауытының директоры Ербол Адреисовпен кездесті. Онда қала жұртшылығын мазалаған қоршаған ортаны қорғау мәселесі ортақ әңгіме өзегіне айналды.

Жезқазған мыс қорыту зауыты — қала немесе аймақ қана емес, жалпы ел үшін алатын өзіндік салмақты орны бар байырғы кәсіпорын. Оның өнеркәсіптік өндірісінің ырғақты дамуы шырайлы шаһардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінің тұрақты болуына игі ықпалын тигізіп отыр.

Бірақ, түрлі-түрлі технологиялық және химиялық үдерістер шоғырланған мұндай алып өндіріс ошағы қоршаған ортаға теріс әсерін тигізетінін де естен шығаруға болмайды. Залалды затпен ластанған ауа мен су, сайып келгенде, адам денсаулығын бұзатынына назар аударылды.

Ербол Тұрағабылұлы облыста экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес «Казахмыс Смэлтинг» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауытында ауаға тараған залалды зат негізінде жүргізілген мониторингтік мәліметті ЛЭД-экран арқылы көрсететін жүйе енгізу қолға алынғанын айтты. Жоба бекітілген, монтаждау жұмысы жүргізілуде, мониторингтің автоматтандырылған жүйесін орнатуға қажетті барлық агрегат қыркүйектің ортасына дейін толық жеткізіледі деп күтілуде.

– Автоматтандырылған жүйе желтоқсанда қатарға қосылатын көрінеді. Кәсіпорын басшысының айтуына қарағанда, ол ауаны ластайтын күкірттің еселенген тотығының (SO²), көміртек тотығының (СО²), азот тотығының (NO) шекті рұқсат етілген шоғырлануын көрсетіп тұрады екен. Оны былайғы жұртшылық біліп отыруы үшін қала ішіне қойылған электронды тақта арқылы көрсетудің де жолын қарастыруды өтіндім. Біздің бұл кездесу туған қаланың игілігі үшін жалғасын тауып, біраз пайдалы дүние жасаймыз деген үміттемін, – дейді, қала әкімі.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.