Біздің сұхбатСұхбат

Азамат ЖАНПЕЙІСОВ: «Ойымыз түзу, құштарлығымыз шексіз болуы керек»

Қазіргі таңда шетелден білім алып келген жас мамандарға сұраныс жоғары. Өйткені, жұмыс берушілердің санасында олар үздік жұмыс үлгісін көрсетеді деген түсінік қалыптасқан. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы жастарды өзі таңдаған озық оқу орнына түсіріп, елге қайтқан соң жұмыс тауып береді. Солай бола тұра «Шетелден білім алып келген қазақ жастарының елге әкелер пайдасы бар ма?» деген сауал көптің көкейінде жүр. Жастардың сауалына Англияда білім алып, жақында елге оралған Азамат Жанпейісов жауап берді.

– Азамат, сізді «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған қазақстандықтың бірі ретінде білеміз. Таңдауыңыз неге – Англия?

– Неге Англия дейсіз бе? Себебі, ағылшындардың білім жүйесі әлемдегі ең озық үлгілердің бірі. Сол себепті көп жастардың таңдауы осы елге түседі. Менің де Ньюкасл, Манчестер және Лондон қалаларында білім алып, тәжірибе жинағым келетін. Осы мақсатпен Англияда шамамен бес жылға жуық уақыт болдым. 2017 жылы магистр дипломымен елге оралдым.

– «Болашақпен» оқу үшін шетел тілдерін жетік меңгеру міндеттелген шығар?

– Иә, алдымен Ньюкаслда ағылшын тілін жетілдіру курстарынан өттім. Сол жердегі командалар құрамында ойнап, футбол бапкерінің сертификатына ие болдым. «North Shields» командасында өнер көрсетуім балалар бапкері болуға мүмкіндік берді. Кейіннен Манчестер университетіндегі магистратураның «Экономика және саясатты дамыту» бағдарламасына шақырту алдым. Оқу аяқталғаннан кейін «Burgtec» компаниясында менеджмент және IT департаментін басқарып, демалыс күндері «Amazon» компаниясында packaging бөлімінде жұмыс жасадым. Кешкі уақыттарда жергілікті лигаларда төреші болдым. Лондонда Google компаниясы мен Udacity программалауды үйрету платформасы беріп жатқан 6 айлық онлайн стипендиясына қол жеткізудің сәті түсті. Осы жағдай өз фирмамды ашуға себеп болды.

– «AZ Devolopment» фирмасы немен айналысады?

– Фирмада сайттар ашып, бағдарламалар және тағы басқа IT жобалар жасаймыз. Шетелдік достарыммен қашықтықтан жұмыс істейміз.

– Шетелдік достарыңызбен ағылшын тілінде сөйлесесіздер ме? Бір елдің тілінде сөйлеп үйрену үшін қанша уақыт керек?

– Дәл солай. Кез келген тілді үйренген кезде, ең алдымен, не үшін үйреніп жатырмын деген сұраққа жауап іздеу керек. Жауап нақты болса, тіл үйрену кезеңі тез жүреді. Күнделікті жиырма минут уақытыңды бөлу қажет. Үзбей дайындалып жүрсеңіз, бір тілді төрт-бес айда үйренуге болады. Мен төрт тіл білемін.

– Егер «классикалық болашакерге» «Болашақтың жастарға берері» тақырыбында эссе жазуға тапсырма берілсе ерекшелеп нені айтар едіңіз?

– Біріншіден, «Болашақ» өзін жетілдіргісі келетін қазақстандықтарға жаңа орта көріп, өзге ұлт өкілдерімен араласып, әлемді өзгертуге үлес қосуға мүмкіндік береді. Мысалға, мен шетелде қаншалықты оқуға дайын болсам да, қаржы жағынан қиыншылықтарға тап болдым. Сол уақытта «Болашақтың» бар жағынан тиімді әрі барлығын толық қанағаттандыратын бағдарламалардың бірі екенін аңғардым.

Екіншіден, бойдағы қасиеттерді одан әрі дамытып, әркімнің өзіне қоятын талаптарын жоғарылатуға мүмкіндік береді. Мысалы, біздің менталитет бойынша ата-аналардың шамадан тыс қамқорлығынан жасөспірімдер жауапкершілікке және шешім қабылдауға бірден бейімделіп кете алмайды. Шетелде білім алу жастардың бойындағы шетелде оқитын адамдардың басым көпшілігі қарапайым келеді.

– Ұлыбританиядағы қазақстандық жастардың бір күні қалай өтеді?

– Ұлыбританиядағы күндердің барлығы бір-біріне ұқсамайды. Оған қоса бұл таңдалған мамандық пен университетке де байланысты. Мысалы менің күнтізбем таң атқаннан түске дейін сабақ, түскі астан кейін кітапхана болды. 24/7 режимінде жұмыс істейтіндіктен, ұйқы келмей жатса, кітапханаға баруға болады. Уақытты пайдалы өткізетін үйірмелер сан алуан. Сальса биінен бастап қытай тіліне дейін үйретеді. Жәрмеңкелер, стартап форумдар, концерттер өтеді. Салауатты өмір салтын ұстанатындарды спорт залдарынан кездестіруге болады.

– Сіз еліме келіп еңбек етемін деген жастың бірісіз. Бірақ, сіз секілді жалпы, шетелде білім алған жастардың арасында «Отаныма қызмет етемін» дейтіндері аз. Неліктен?

– Шетелдік оқытушыларымыз қазақ­стандықтардың нақты білім салаларында және математикада жақсы көрсеткішке ие екенін жиі айтып жүреді. Жастар шетелге келіп өздерінің білім, біліктіліктерін дәлелдейді. Әлбетте, оларға өздерін бағалайтын орта ұнайды. Қазіргі таңда Қазақстанда кейбір салалар әлі дамымаған, өзінің жаңғыруын күтуде. Бұл ХХІ ғасыр жастары үшін басты кедергінің бірі. Жастар өзін дамытатын ыңғайлы орта, ойларын жүзеге асыратын жер іздейді. Үлкендер жағы жастардың пікірімен санаспайды. Ал, шетелде идеямен келген жастарға құрметпен қарайды.

Солай бола тұра, мен әлемнің қай еліне барсам да, қазыны жақсы көретін қазақ болып қаламын. Бірақ, Отанға қызмет жасау үшін міндетті түрде Қазақстанда тұру қажет емес деп ойлаймын. Әлеміміз кішкентай болғанымен, ойымыз үлкен болу керек. Қазақстанда немесе шетелде адамзатқа пайдасы тиетін іс жасасам, бұл жалғыз менің емес, елімнің абыройы емес пе?!

– Ел жастарының сенімін ақтайды дейтін қандай бағдарлама ұнайды? Жастардың әлеуметтік жағдайын шешу үшін өзіңіз қандай бағдарлама ойлап табар едіңіз?

– Мемлекет тарапынан жастарды қолдау үшін жасалып отырған «Жасыл ел», «Жастар кадрлық резервi», «Дипломмен ауылға», «Серпін-2050», «Қолжетімді баспана – 2020» және тағы да басқа бағдарламалар бар. Барлығының ішінен «Болашақ» халықаралық бағдарламасын айрықша атап өтіп, басқаларға ұсынар едім. Оны жастардың сенімін ақтап, еліміздің болашағына серпін беретін трамплин десек болады. Меніңше, әрбір қалада ерекше бизнес жасауға арналған орталықтар ашу керек. Ол жалғыз бизнес емес, тұрғылықты жердің проблемаларын азайтып, жұмыссыздықты қысқартып, басқа мәселелерді шешетін жастармен сол қаланың тұрғындары атсалыса алатын орталық болғаны жөн.

– Кәсіби тренер ретінде жас қазақ­стандықтардың футболға бейімделу жағына тоқталып өтсеңіз. Қалай ойлайсыз, отандық балалар құрамасы болашақта ағылшындардың ерлігін қайталай ала ма?

– Біздің балалардың жалғыз футболға емес, кез келген спортқа бейімі бар. Олар жалғыз Манчестердің ерлігін емес, футбол тарихында өздерінің атын қалдырады деген сенімдемін. Физикалық тұрғыда екі қол, аяқ, басы бар бәріміз бірдейміз. Десек те, бізді әртүрлі қылатын ішкі ойларымыз. Сондықтан, ойымыз түзу және құштарлығымыз шексіз болу керек.

– Әңгімеңізге рахмет, толағай табыстар тілеймін.

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button