Жаңалықтар

25 келі мейірім

«Нан бар жерде ән бар» десек, балалар үйіндегі қаракөз жетімдерге ән де емес, нан да емес, азғантай болса да мейірім қажет…

Қазақстан полициясының 25 жылдық мерекесіне орай, қарағандылық тәртіп сақшылары да «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 25 келі тәтті торт дайындап, дәм татқызды.

Алдымен, Қазақстан полициясының 25 жылдық мерекесі аясында Қарағанды қалалық ішкі істер басқармасының базасында, облыстық ішкі істер департаменті және қалалық ішкі істер басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қаладағы жоғары оқу орны және колледж студенттеріне арналған ашық есік күні өтті. Шараға жоғарыда аталған білім ошақтарынан 200-ге тарта жасөспірім жиналды.

Игі шараны облыстық ішкі істер департаменті кадр басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Мұрат Жұмаділдин ашып, «Біз әрқашан да қаламыздағы балалар үйлеріне, оқу ошақтарындағы жастарға үлгі көрсетіп, патриоттық үгіт-насихат жүргізіп және дәл бүгінгідей қайырымдылық акцияларын жиі ұйымдастырып тұрамыз. Сіздердің болашақтарыңыз жарқын, келешектеріңіз кемел болуы үшін, біз бейбітшілік пен тыныштықты сақтап қана қоймай, әрдайым қастарыңыздан табыламыз», – деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Осыдан кейін шараға жиналған балалардың назарына жедел қимылдайтын арнайы жасақ жігіттерінің жаттығулары, қызметтік иттердің қылмыскерлерді ұстау сәті, сондай-ақ, тәртіп сақшыларының арнайы қару түрлері де көрсетілді. Қала көшелеріне бақылау жасайтын жедел басқару орталығының жұмысы да назардан тыс қалмады.

Ішкі істер басқармасының ауласында ашық есік күніне қатысушылар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бейбітшіліктің нышаны ретінде әуеге 25 әуе шарын ұшырды.

Игілікті шараның айшықты сәті – Қазақстан полициясының 25 жылдығына сәйкестендіріліп, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнайы әзірленген 25 келілік дәмді торт әзірленді.

Полиция қызметкерлері балалардың қызығушылығын ояту мақсатында, торттың сыртқы көрінісін полицияның ресми нышандарымен көркемдеген. Нәзік жанды тәртіп сақшылары шараға келген барша қонаққа аталған торттан дәм татқызды.

Қонақкәде ретінде, шараның соңында Қарағанды қалалық ішкі істер басқармасының басшылығы балаларға тосын сый әзірлеп, сыйлықтар табыстады.

Қуаныш Медеубаев.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button