Руханият

Қасым мүшәйрасы мәресіне жетті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі республикалық «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты биыл онлайн түрде ZOOM платформасында өтті.

2016-2017 жылдары облыстық деңгейде ұйымдастырылған жыр додасы 2018 жылдан бері республикалық деңгейде өтіп келеді. 2018 жылы – 70, 2019 жылы – 42 ақын бақ сынаса, биыл – 97 үміткер қатысқан екен.

Ақын мұрасын насихаттау, жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында өткен шарада биыл қазылар алқасының төрағасы – белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы болды. Қазылар алқасы жеңімпаздардың өлеңін онлайн тыңдап, кезекпен жүлде табыстады.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Серік Сағынтай мен «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет тапсырған Сырбай Мәуленов атындағы арнайы жүлдеге оралдық Нұртілеу Қадырқұлов ие болса, Ғафу Қайырбеков атындағы жүлдені нұр-сұлтандық Біржан Ахмер иеленді. Жұмекен Нәжімеденов атындағы жүлдеге семейлік Азамат Серіков лайық деп танылса, Кеңшілік Мырзабеков атындағы жүлде қарағандылық Жұлдыз Молдағалиеваға, ал Дәуітәлі Стамбеков атындағы жүлде алматылық Аслан Тілегенге бұйырды.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы тапсырған жүлделі III орынға қызылордалық Дина Бөкебай, алматылық Асыл Сұлтанғазы, жамбылдық Ғайникен Райымбекова, нұрсұлтандық Ұмтыл Зарыққан жайғасты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ғалым Жайлыбай табыстаған II орын жүлдесін Нұр-Сұлтан қаласы атынан қатысқан қос жерлесіміз Айдын Байыс пен Жадыра Байбұланова қанжығаласа, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова тапсырған I орынды қарағандылық Жанат Жаңқашұлы жеңіп алды.

Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы табыс еткен Бас жүлдеге республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Батырхан Сәрсенхан ие болды.

– Қасым Аманжолов атындағы жыр додасына төраға болу – үлкен міндет. Ақылдаса келе, Бас жүлдеге Батырхан Сәрсенханды лайық деп таптық. Жүзге тарта ақынның қатысуы – Қасымға деген үлкен құрметті білдіреді. Қасымды насихаттауда – Қарағанды ерлеп тұр. Жеті жасымда Торғайда жүргенде әжеммен барған бір отырыста «Өзім туралы» әнін естіп, қатты әсер етті. Кейін 70 жылдығында Алматыда әкем Кеңшілік және басқа да ақындар Қасымға арнаған жырларын оқығанда қызығушылығым арта түскен. Алдағы 110 жылдығы үлкен деңгейде тойланатынына сенеміз. Бірақ, басқа емес, Қасым Аманжолов атындағы жыр додасы болғандықтан, болашақта жүлде қорын қомақтырақ етсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Аманкелді Кеңшілікұлы.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button