Талап ауылының тұрғындары Жезқазған қаласындағы ауруханаға ет-сүт өнімдерін жіберді

Жезқазған қаласының іргесінде орналасқан Талап ауылының тұрғындары Жезқазған аймақтық көпбейінді ауруханасына бойға сіңімді азық-түлік өнімдері – 100 литр қымыз, 40 литр сүт, 40 литр шұбат, бір қап құрт және ондаған келі жас ет жіберді.

Қазақ халқы ұлттық сусындардың емдік қасиеттеріне сенеді. Көпбейінді аурухананың емделушілері мен дәрігерлеріне табиғи өнімдерді бастамашыл топ құрамындағы ауыл тұрғындары тапсырды.

Дәрігерлер тәулік бойы жұмыс істеп, үйлеріне сирек оралады, сондықтан, олар үшін қарапайым халықтың мұндай қамқорлығы – өте маңызды. Шындығында, бұл әрекет коронавирусқа қарсы күресте сенімділік пен оптимизм тудырады.

«Бүгін біз бәріміз қиын жағдайға тап болдық. Індетті тек ымыра-бірлікпен ғана жеңе аламыз» — дейді Талап ауылының тұрғындары.

Еріктілер осындай сипаттағы көмек медициналық қызметкерлер мен пациенттердің жігерін жаниды, ал табиғи өнімдер күш беріп, иммунитетті қалпына келтіруге көмектеседі деген үмітте.

Тұрғындардың нақты іспен қолдауының ауқымы күн санап кеңейе түсуде. Ынталы қауымның атынан Жезқазған қаласындағы емдеу мекемелеріне азық-түлік түрлері мен иммунитетті нығайтатын ұлттық сусындар әлі де толассыз түсуде.